Тәуелсіз толқын. «Ойжұмбақты» қазақша сөйлеткен актриса қазақ дубляжының бүгінгі келбетін бағалады

2187
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: adyrna.kz
Коллаж: adyrna.kz

Бүгінгі таңдағы қазақ дубляжының жай-күйі жайлы жайлы кино және театр, дубляж актрисасы, жақында ғана үлкен сұранысқа, танымалдылыққа ие болған «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмін дыбыстаған Гүлнар Тілебалды әңгімелейді.

Тәуелсіздік жылдарынан соң отандық телеөнімдер саны артып, шетелдік туындылардың қазақша дыбыстамасы кәсіби түрде жүзеге асты. Аудармалау жұмысы мемлекет тарапынан, кейін әуесқой қорлардан қаржыландырылды. Wikipedia ұсынған дерекке сенсек, 30 жыл көлемінде шетелдік тілден 200-ден аса телехикая, фильм, мультфильм, бейнеойындар аударылып, дыбысталған.

ДУБЛЯЖҒА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

- Гүлнар ханым, өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Қай өңірденсіз? Актерлік өнерді қалай таңдадыңыз? Дубляж өнеріне қашан, қалай келдіңіз?

- Мен Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шошанай деген қарапайым ғана ауылдың тумасымын. Сол ауылда өсіп-өніп, 2010 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, «актерлік өнер» мамандығын тәмамдадым. Ал дубляж өнеріне студент кезімнен қызықтым. Үшінші курста ең бірінші кастингке Диснейдің «Малефисента» атты фантастикалық жанрдағы фильміне шақырылдым. Онда басты рөлдегі Аврора ханшайымды дыбыстадым. Солайша дубляж саласына келген едім.

Негізі «ешнәрсе бекер емес» деген рас сөз. Мен бала кезімнен танымал тұлғаларға пародия жасап, түрлі адамдардың даусын салып, осы өнерге жақын болдым. Бірақ ол кезде дубляж өнерінің бөлек сала екенін, осындай маман иесі болуға болатынын білмедім. Кейін «актерлік өнер» мамандығына өзім қалап, армандап оқуға түстім.

- Тәжірибе қалай жинақталды? Бұл саладағы алғашқы қиындықтар қандай болды?

- 2013-2014 жылдары жоғарыда айтып өткенімдей алғашқы дубляждағы рөлімді алған едім. Шыны керек, аса бір қиындықтар болған емес. Себебі, дыбыстау өнері мен үшін оң жамбасыма келген мамандық болды. Одан кейін дубляж саласынан бөлек тапсырыспен дыбыстама, кадр сыртындағы мәтіндерді оқи бастадым. Үлкен көлемдегі жобалар кезінде қиындау болатын. Бір өзің бірнеше адамның дауысын дыбыстайсың. Әр кейіпкерді көрерменге толығымен жеткізе білуің керек. Бұл – үлкен жауапкершілік.

Дубляж – қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала. Персонаждың мінезін толық зерттеп, оның сезініп тұрған дүниесін толық сезініп, эмоциясын бастан кешіп, халыққа қабылдауға жеңіл түрде бере білуің керек. Бір отырғанда үш-төрт нәрсені қамтуың керек болады. Бұл, әрине, оңай емес.

Ең басты нәрсе – өзің дыбыстап жатқан фильмнің немесе мультфильмнің басты кейіпкері жеткізгісі келетін идеяны көрерменге қаз қалпында бере білу. Басты кейіпкердің эмоциясын, күйін, қалпын ұғынып экранның ар жағындағы көрерменге жеткізе алсаң, сол – сенің жеңісің.

«ҚАЗАҚ ДУБЛЯЖЫНА ШЫНАЙЫ ЖАНАШЫРЛЫҚ КЕРЕК»

 - Қазақ дубляжының бүгінгі жағдайына қандай баға бересіз? Қай тұсын дамытуымыз қажет? Не ақсап тұр?

- Қазақ дубляжы қатты сұранысқа ие емес. Осы нәрсе қынжылтады. Сонша еңбек етіп, әлем назарын тіккен туындыларды қазақша сөйлетсек те, халықтың көбі үлкен экраннан құлағы үйренген орыстілді дубляжға барғысы келіп тұрады. Десе де, соңғы жылдары қазақ дубляжы дамып келеді. Соңғы шыққан «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмінің өзін алатын болсақ, аудармасының өзі жаңа деңгейде. Режиссердің сол аудармамен қатты жұмыс жасағаны, аудармаға баса назар аударғаны қуантты. Ауызекі сөйлеуге келтіріп, жаңашылдыққа ойыстыра жасаған аударма сапасын халықтың өзі де байқады. Сол үшін де «Ойжұмбақ 2» мультфильмі өте жақсы касса жинады. Халық қызығып бірінен соң бірі бара түсті. Бір аптаның өзінде кассасы рекордтық қаржы жинады.

Басқа тілдегі туындыларды дубляждағанда аударма өте маңызды. Себебі, оларды осы «Ойжұмбақ 2» секілді қарапайым тілге жатық етіп, балаларға да, халыққа да қабылдауға жеңіл нұсқада беретін болсақ, сапалы дүние шығатыны анық. Аудармашылар «аударып бердім» болды деген мақсатпен емес, шынайы жанашырлықпен мәтінді ұсынса, оны біз де, актерлер де бірден байқаймыз. Тілге жеңіл түсетін мәтіндерді оқу барысында импровизация да сәтті жүзеге асады. Сапалы дыбыстаманы халық та байқайды, оң бағасын беріп жатады. Көрермендер де «қазақша контентті қолдайыншы» деген шынайы патриотизммен келетін болса, қазақ дубляжы дамиды. Тілімізге, ұлттық идеологияға жанашырлық ету осындай тереңнен басталады.

«ОЙЖҰМБАҚ» ТУРАЛЫ ОЙ

- ”Дисней” қазақ тілінде қаржыландырған “Ойжұмбақ” анимациялық фильмінде “Қуанышты” дыбыстадыңыз. Әсеріңіз жайлы бөлісе кетсеңіз. Бұл рөлге қалай шақырылдыңыз?

-Иә, «Ойжұмбақ 2»-де басты рөлдегі «Қуаныш» кейіпкерін дыбыстадым. Әсерім керемет. «Қуаныш» – жан-жағына тек позитив сыйлайтын эмоция. Бұл мультфильм мен үшін де, көрермен үшін де үлкен ой саларлық туынды болған секілді. Образдың өзі толық ашылған. «Қуанышты» дыбыстап жатып, мен өзім екі есе ашылдым. Өмірде де, өзімді «Қуанышқа» ұқсатамын. Көп жағдайда адамдардың көңіліне қараймын және жан-жағымдағы адамдардың жағдайын ойлап тұрамын. «Қуаныштың» жарылатын сәті секілді мен де, кейде эмоцияналды сілкініске ерік беремін. Кейіпкерден өзімді көруім арқылы мен оны толық сезіне алдым. Сезіне алғаным сонша – дыбыстау барысында еш қиындық болмады. Бір-екі дубльден-ақ кадрлар сәтті шықты.

Бұл рөлге ең басында мені трейлерді жазуға шақырды. Кейін толық дыбыстамаға кастингке даусымды жібергенде бірден өтпедім. Артынша трейлерді көрген диснейліктер менің даусымды «Қуанышқа» жақсырақ келеді деп бағалап, режиссермен кеңесу арқылы осы рөлге бекітілдім.

- "Ойжұмбақтың" қазақша сөйлеуі Диснейдің қазақ тілін мойындауы ма? Бұл жалпы біз үшін, қазақ дубляжы үшін мәртебе ме? Халық қалай қабылдап жатыр?

- Disney мен Pixar ұсынған «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмінің қазақша дыбысталуы біздің тіліміз үшін үлкен жетістік. Бұдан да бөлек танымал туындылардың барлығы қазақша, ана тілімізде шығып отырса екен деген тілегім бар. Өз басым халықтың зор ықыласпен қабылдағанын көріп. қатты қуандым. Әлі күнге дейін сапалы дыбыстама үшін алғысын білдіріп жатқандар жиі жазады. Менің ортам да «Ойжұмбақ 2»-нің дыбысталуын жоғары бағалауда. «Осындай мәні мен мағынасы, берері мол мультфильмнің ана тілімізде сөйлеуі өте керемет дүние» деп ата-аналар да ризашылықтарын жаудыруда.

«ҚАЗАҚША КІТАП КӨП ОҚЫҢЫЗДАР!»

- Дубляжға қызығушы жастар көп пе? Оларға айтар ақыл - кеңесіңіз қандай?

- Дубляжға қызығушы жастар өте көп. Өкініштісі, бұл саланы үйрететіндер аз. Себебі, біздің өзіміз микрофонмен жұмыс істеу, оны сезіну сияқты дүниелерді тек тәжірибе арқылы үйрендік. Осы салада жүрген аға-әпкелерімізден естіп-білгенімізді қолдануға тырыстық.

Ал осы салаға қызығушыларға қазақша кітапты көп оқыңыздар дегім келеді. Қазақ тілінде ойланып, қазақ тілінде сөйлеңіздер. Дауыстарыңыз қанық, тілдеріңіз анық болуы керек. Бұл оңай сала емес. Бір күні жас боласың, бір күні кәріні сомдайсың. Сондықтан дубляжға үлкен дайындықпен келген абзал.

- Cұхбатыңызға рақмет, Гүлнар ханым!

Дина Литпин

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер