Балаларға бұрыш спрейімен шабуыл жасаған жасөспірім Қазақстан мен Ресей шекарасынан өтіп бара жатқанда ұсталды. Бұл туралы Ақтөбе облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Ақтөбе облысының полиция қызметкерлері шекараны кесіп өтпек болған кәмелетке толмаған күдіктіні ұстады», - деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.
14 жастағы жасөспірім басқа балаларға қарсы бұрыш спрейін қолданып, бұзақылық жасағаны үшін іздеуде болды.
Бала анасымен Ресейде, Саратов облысында тұрады екен. mk.ru сайтының мәліметінше, жасөспірім әкесімен бірге Қазақстанда демалып жүрген.
«Ол үйіне оралған соң, Саратов полициясы онымен профилактикалық жұмыс жүргізеді», - деп хабарлады Саратов облысы бойынша Ішкі істер министрлігі.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде жас жігіт екі кішкентай балаға жақындап, олардың бетіне бұрыш спрейін шашып жатқан видео тараған.