Қаржылық пирамидалардан қалай сақтанамыз?

9230
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі таңда қара халықтың қалтасын қағып, қоғамды сарсаңға салып қойған қаржы пирамидалары туралы аз жазылып жатқан жоқ. Жұрттың әлеуметтік ахуалының тұрақсыздығы қаржылық пирамидалар арқылы лезде байып кету идеясын күшейтіп жібергенін де жоққа шығара алмайсыз. Осындай сәтте бұқараның қаржы пирамидаларының қармағына түсірмеу, қаржылық тұрғыда халықтың сауатын ашу, тым құрығанда пирамида алаяқтарының арбау тәсілдерін сараптап, оқырманды ақпараттандыру ісі баспасөз атаулының міндеті болуы керек. "Адырна" ұлттық порталы осы мақсатта "Қаржылық пирамидалардан қалай сақтанамыз?" деген сұраққа жауап іздеп көрмек.

Қаржы пирамидалары дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда бұқараның қалтасындағы ақшаны жоғары пайда табу уәдесімен алдап алу жүйесі. Мұндай алаяқ ұйымдар өздерін көбіне инвестициялық компания ретінде таныстырады. Бірақ олар салымшылардың ақшасын ешқандай да инвестициялық жобаларға немесе бағалы қағаздарға салмайды. Бүгінгі таңда осындай қаржылық пирамидалар қаншама қарапайым адамдарды торына түсіріп, қаншама отбасын ойрандап жатқаны баршаға аян. Сондықтан да, Қазақстан билігі, яғни үкімет пен құзырлы органдар елдегі заңсыз қаржылық ұйымдармен күресу үшін қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр. Мәселен, 2017 жылы қаржылық пирамидаларды құруға қарсы заңды күшейтіп,  «Қаржы пирамидалары туралы» заң күшіне енді.  

Қаржы пирамидасын бір ғана адам басқара ала ма? Бұл жүйені құрушылардың сыбайластары, агенттері, орындаушылары жазадан сытылып кетпей ме?  «Қаржы пирамидалары туралы» заңда бұл сұрақтардың бәріне лайықты баға берілген. Қаржылық пирамида сыбайластарының қылмысы дәлелденсе үш жылдан жеті жылға  дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Ал, қылмыстық топтың басты адамдарының қылмыстық әрекеті жәбірленуші тарапқа iрi мөлшерде зиян келтiрiлсе, мүлкi тәркіленіп, бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырған. Бұрынғы он жылдық жаза мерзімі жаңа заңда екі жылға ұзарған.  

Заң қанша қатайса да, қаржылық пирамидалардың құрбаны болатын қарапайым халық азаймай тұр? Неге? Себебі, қаржылық пирамидалардың құрбандары ақшасын кез келген күмәнді агенттіктерге салмас бұрын бірқатар маңызды жайттарға назар аудармайды. Компанияның қаржылық пирамида екенін ажыратуға білігі жетпейді.

Мысалы, қалтасындағы ақшасын әлдебір инвестициялық компанияға аударар алдында кез келген азамат ол компанияның инвестициялық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ма, жоқ па, қаржы нарығын реттеу агенттігі тарапынан күдікті компаниялардың тізіміне енген бе, енбеген бе тексеруі тиіс. Әрине, кей компаниялар аталған лицензияларды қолдан заңсыз жолмен жасауы да мүмкін. Сондықтан да, аталған күдікті ұйымның қолындағы құжаттарына да сене беруге болмайды. Әрине, қарапайым халық өкілі лицензияның заңды-заңсыз екенін анықтауы қиынға түсері анық. Сол үшін де бұқара мына жайттарды басты назарда ұстағаны жөн. Сіз ақша салған инвестициялық компанияның "кепілдендірілген табысы" доллармен айына 10 пайыздан асып кетсе, бұл жерде бірден күмән тууы қажет. Беделді агенттіктердің немесе қаржы нарығына қатысушылардың бірде бір пікірі жоқ, "достарыңды шақырып бонус ал" деген сияқты клиенттерден табыс табуды көздейтін ұрандары бар компанияларға сенім артуға мүлдем болмайды.

Қаржы пирамидаларының басты мақсаты - салымшылардың қалтасындағы қаржысын алаяқтық жолмен алу. Олар кез келген адамның психологиясын оқып, көңіл-күйін басқарып, эмоцияларымен ойнай алады. Сіз өзіңізге қалай манипуляция жасалғанын тіпті байқамай да қаласыз. Қаржы пирамидаларының қызметкерлері құрбандарымен қалай сөйлесу керектігін, олардың көңілін қалай табуға болатынын, "клиенттерінің" психологиялық тұрғыда не естігісі келетінін алдын ала біліп тұрады.

Сеніміңізге кіру үшін сізді инвесторлармен кездестіруі де әбден мүмкін. Ол кездесудегі алар әсеріңіз де тілмен айтып жеткізгісіз керемет деңгейде өтері және анық. Ғаламат әсер, үлкен уәде, бас айналдырар табыс сізді әлгі қаржылық компанияға ғашық етеді. Алғашқы айлардағы міндеттемелер дәл уақытында орындалып, қалтаңызға табыс түсе де бастайды. Компанияның төлем қабілетінің барлығы, аз мерзімде "батпан құйрық" пайдаға кенелуіңіз сізді шабыттандырады. Уәде етілген табыстар мен бонустар көбейген сайын табысыңызды өсіру үшін таныстарыңыз бен туыстарыңызды артыңыздан ертіп келесіз. Яғни, өзіңіз ғана қаржылық пирамиданың құрбаны болмай, ет жақын туыстарыңызды да алаяқтар құрған торға матап бересіз!

Жалпы, осы арада қаржылық пирамиданың бар болғаны екі түрі бар екенін айта кетуіміз қажеті. Оның біріншісі - көпдеңгейлі пирамида. Бұл көпдеңгейлі пирамидада әр жаңа салымшының табысы оны осы жобаға әкелген адам екеуінің арасында бөліске түседі. Яғни, ол салымшы артынан тағы екі адамды тартуға міндеттеледі. Ол екі адам төрт құрбанды жетелей келеді. Ал, екінші понзи жүйесінда жаңа адам тартып әуре болмайсыз! Понзи жүйесінде "сарафанное радио" іске қосылады. Алғашқы салымшылардың мол табысы өзгелерді шабыттандырып, клиенттер өздігінен жиналады.

Қазір қаржылық алаяқтық онлайн сауда арқылы да қанатын кеңге жайып келеді. Әлеуметтік желілерде жылт-жылт еткен, Instagram секілді танымал желілер арқылы жарнамаланып жатқан заттарды алмас бұрын ойланып алған дұрыс. Өте бағалы заттардың тым арзан, яки жарты бағасымен сатылуы мүмкін емес екенін естен шығармау керек. Адамның сеніміне кіруге өнімнің әдемі фотолары мен бейнелері, түрлі видео-жарнамалар жеткілікті. Біздің елде қаржылық пирамидалар тіпті танымал адамдарды жарнама жасауға жалдайтынын да ұмытпаңыз. Мұндай жағдайда әнші мен актерлердің әлеуметтік желідегі жарнамаларының артында қаржылық алаяқтардың тұрғанын аңғармай да қалуыңыз мүмкін. Танымал азаматтар жарнамалық роликке түскеніне қаламақысын алса болды, оның артындағы жауапкершілігіне мән бермейді. Танымал адамға деген сеніммен шоқ басқан құрбандар кімді кінәлайды, кімді қарғайды? Әрине, әнші мен актерді... Мұндай жағдайды болдырмау үшін танымал адамдардың да қаржылық сауаттылығын арттыру, олардың халық алдындағы жауапкершілігін сезіндіру жұмыстары қолға алынуы керек.

Мамандар қаржы пирамидаларын құрғандарды ұстау, жауапкершілікке тарту, олардың үстінен қылмыстық істі қозғау өте қиын мәселе екенін айтады.  Көп жағдайда қылмыстық іс бойынша айыпталушылар шетелге қашып кете қояды.  Сосын оларды экстрадициялау, елге қайтарып әкеп, қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі туындайды. Яғни, бұл жағдайда жедел із кесушілер күдіктілерді іздестіріп жүргендіктен, тергеу кезеңі үзіліп қалады. Күдіктілерді елге экстрадициялағанша, біраз уақыт өтіп, жәбірленуші тараптың талабы да қожырап кетуі мүмкін. Бұл бірінші - мәселе. Екіншіден, шетелге қашқан күдіктілерді қайтару туралы келіссөздерді мемлекеттердің арнайы уәкілетті органдары жүргізеді. Қаржылық пирамида құрған күдікті қашқан ел мен Қазақстан арасында қылмыскерлерді экстрадициялау туралы шарт бар ма, жоқ па, ұйымдасқан қылмыс туралы конвенцияға қол қойған ба, жоқ па деген сияқты проблемалар туындайды.  

Енді "Қаржылық пирамидаларға алдымен кімдер құрбан болады?" деген сұраққа қысқаша жауап бере кетейік. Біріншіден, азаматтарды қаржылық алаяқтарға магниттей тартатын негізгі психологиялық фактор – табан ақы, маңдай терді төкпей-ақ тез баюға деген құлшыныс. Олар қазақтың "айдалада жатқан құйрық, бұл не қылған батпан құйрық" деген тәмсілін түсінгілері келмейді. Алмақтың да, салмағы болатынын аңғармайды.

Екінші фактор - адами ашкөздік. Қаржы пирамидалары құрбандарына өрмекшінің торын құрып, алғаш салған салымыңызға мол табыс береді. Адамның ішкі ашкөздігі сол алғашқы табысты әрі қарай ұлғайту үшін қалтасындағы барын береді. Тіпті көп жағдайда үй-жайын сатып, қарызданып, қауғаланып, қолдағы барын тәрк етуге дайын тұрады. Алаяқтар құрбандарының ашкөздігін өздеріне мотив етіп пайдаланады.

Үшінші фактор - таныс, дос, туыстарға деген сенім. Қаржылық пирамиданың салымшылар негізінен айрылмас достарының, етжақын таныстарының, екі туып, бір қалған туыстарының ұсынысымен келеді. Адамдар арасындағы туыстық қатынастар қаржылық алаяқтарға деген сенімді арттырып, адамдардың сыни ойлау қасиетін жойып жібереді. Таныс бір азаматтың аз уақытта көп пайда табуы оның айналасындағы таныстарының бәрін құрбан етуге жол ашады.

Қорыта келгенде айтарымыз елімізде инвестициялық қызметті қадағалап, реттейтін бар болғаны 2 қаржылық реттеуші орган бар. Олар: Астана халықаралық қаржы орталығы мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. Қазақстан азаматтары осы агенттіктердің веб-сайттары арқылы инвестициялық платформалардың тұтастығын, дұрыстығын тексеруге болады. Қандай жағдайда болмасын, әр адам өзінің қаржылық сауаттылығын арттыруы керек. Тез баюға деген құлшынысты басатын - экономикалық білім. Қолданыстағы экономиканың әліппесін білмей жатып, қалтаңыздағы қаржыны көлденең бір компанияға салу өте қауіпті. Сондықтан да, "екі қарап, бір шоқу" идеясын жадыңыздан шығара көрмеңіз!

Ақан Бірлік

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер