Әлемді билеген Ротшильдер династиясының “Қызыл шатырдан” басталған тарихы

3162
Adyrna.kz Telegram

Майер Амшель Ротшильд - аты аңызға айналған әлемдік тұлға. Ротшильдтер династиясының негізін салушы. Банкирлердің атасы. Қаржыны басқарудың хас шебері. Оның есімі байлықтың, мол ақшаның синонимі ретінде аталады. "Адырна" ұлттық порталы Ротшильдтер династиясының қайнар бастауында тұрған Майер Амшель Ротшильдтің таңдай қақтырарлық оқиғаларына шолу жасамақ.

Қазір жер бетінде Ротшильдтер әулетінің атын білмейтін адам жоқ шығар. XIX-XX ғасырларда бүкіл әлем Ротшильдтермен бірге тыныстады. Талай зерттеушілердің сынына оқтын-оқтын ұшыраған, кертартпа күштердің тарапынан соңғы екі ғасырдағы саяси дүрбелеңдерге кінәлі деп айыпталған әулет. Әсіресе, социалистік лагерьде ғұмыр кешкен елдердің мамандары күні кешеге дейін Ротшильдтің аты аталған жерде кірпідей жиырылып келді. Десе де, Ротшильдтерге еңбекқор, кәсібіне адал, алғыр деп баға беретіндердің де қарасы көп.

Майер Амшель Бауэр 1744 жылы 23-ақпанда немістің Франкфурт қаласындағы геттода тіршілік етіп жатқан еврей жанұясында өмірге келеді. Оның әкесі ұсақ саудагер еді. Қалқан тәрізді қызыл түсті маңдайшасы (немісше «Haus zum Roten Schild») бар дүкеннің иесі болғандықтан, геттодағылар оның үйін «Ротшильд» деп атайтын.

Франкфуртта ол заманда 35 мыңдай адам өмір сүрсе, оның 10 пайызын еврейлер құрады. Еврейлер қоныстанған гетто қала қабырғасы мен шұңқырдың ортасында салынған және ені 12 метр ғана еді, ондағы тұрғындар тар жерде қысылтаяң күн кешті. Оларға ауыл шаруашылығымен, қолөнермен шұғылдануға мүлдем тыйым салынса, сауда саласында да біраз шектеулер қойылды: жібек мата, қару-жарақ, жаңа піскен жеміс-жидектер сатуға рұқсат етілмеді. Жергілікті биліктің бұйрығы бойынша бір геттода 500-ден артық отбасы болмауы керек және жыл сайынғы неке қиятын жас отаулардың саны 12-ден аспауы тиіс болатын.

Майер Амшель Бауэр Нюрнбергтегі иудей рухани мектебінде сауат ашты. Әйткенмен, әкесінің балам раввин болса екен деген үміті ақталмады. Кәсіпкер болуды мұрат еткен Майер 17 жасында Ганновердегі Оппенгеймер банкіне коммерциялық білім жинау мақсатында тәжірибеге алынады. Ол жерден валюта айырбастауды, қолдан жасалған ақшалар мен шын ақшаларды ажырата білуді, несиеге ақша беріп, өсім алуды үйреніп шығады.

Майер Амшель Бауэр банкте жүргенде геттода қалған ата-анасының қайтыс болғанын естиді. Оппенгеймер банкінде болашағы жарқын маман ретінде танылса да, тәжірибелік сынағы аяқталған соң, Майер еврейлерге жұмсақ қарайтын Ганноверде қалғысы келмеді. Мерзімі тәмамдала сала Франкфуртке қайта жол тартты. Геттоға жабырқап жеткен жас жігіт әкесінен қалған дүкеннің маңдайшасындағы қызыл қалқанды көрген кезде ғана көңілі жадырады. Дүкенде оның бір туған бауырлары Моше мен Кальман ескі киімдер сатумен айналысып жүр екен.

Майер Амшель Бауэр алғашқы саудасын металл теңгелер жинаудан бастады. Айналымнан шығып қалған көне металл ақшаларды, керексіз болып қалған ордендер мен медальдарды іздеп қоқыс ақтаруға дейін барды. Жиған-терген нумизматикалық бұйымдарын сатып, одан аздап болса да пайда көрді. Зерттеуші ғалымдар оның нумизматикалық саудамен айналысуын дүкеннің іші тым тар болғандықтан, оған көп тауарлардың сыймағандығымен түсіндіреді. Сол себепті жас саудагер тым ұсақ дүниелер сатуды жөн санаған. Алайда мұндай сирек заттарға таңдаулы адамдар ғана қызығатын. Майер енді клиенттерді ақсүйектер арасынан іздеуге көшті. Ол заманда мұндай саудагер еврейге ақсүйектердің дәргейіне жетудің өзі көп жұмыс еді. Майер Амшель Бауэр Оппенгеймер банкіндегі тәлім берушісі генерал Эсторфқа өзін және нумизматикалық бұйымдарын жоғарғы тап өкілдеріне жарнамалап беруге өтініш жасайды. Эсторф шәкіртінің бетін қақпады.

Генерал Эсторфтың шендестері мен әріптестеріне жас саудагердің сыпайылығы мен жиған металл бұйымдары ұнады. Тіпті ол Гессен-Кассель сарайының ханзадасы Вилгельмнің қабылдауында болады. Нумизматикаға аңсары ауып тұратын ханзада Майердің сирек кездесетін бүкіл металл теңгелері мен медальдарын сатып алады.

Саудасы сәтті жүрген Майер Амшель Бауэр өміріне әлі де риза емес-тін. Атқарып жүрген шаруалары оны қанағаттандырмады. Ол ендігі кезекте қала көшелерінің бірінен айырбас пунктін ашады.

Германия ол кезде жүздеген князьдіктерге бөлінетін. Әр князьдіктің жеке валютасы болды. Бұл князьдіктерден басқа тағы 41 қала өздерінің қаржылық саясатын дербес валюталарымен жүргізетін. Франкфурттегі жәрмеңкеге жиналатын саудагерлердің қолындағы фунт, дукат, талер, флорин, гульден және тағы басқа валюталар Майердің айырбас пункті арқылы жүйеленді. 4 шаршы метр жерді ғана қамтитын айырбас пункті қожайынына қомақты қаражат түсірді. Брендтің қадірін ерте түсінген Майер фамилиясын ел аузындағы атау бойынша Ротшильд деп өзгертеді.

Сырты саудагер болса да жан дүниесі раввин Майер Амшель Ротшильд айырбас пунктінен түскен табысты сол саланың өзіне емес, нумизматика бизнесіне жұмсады. Бұрындары сирек ұшырасатын металл теңгелер мен медальдарды өзі жинайтын болса, енді оларды коллекционерлерден өте төмен бағада сатып алатын болды. Сирек бұйымдарын Эсторфтың көмегімен тапқан таңдаулы клиенттеріне тұрақты жеткізіп отырды.

Күндердің күнінде Майер қолына қалам алып, өзінен бұған дейін көп зат сатып алып жүрген Вилгельм ханзадаға хат жазады. Оның Вилгельм ханзадаға жазған хаты мұрағатта осы күнге дейін сақталыпты. Қазақша мағынасы былай: «Сіздің Қасиетті Князьдігіңізде және Сіздің Қасиетті дәргейіңізде қызмет етуді тағдыр маған үлкен сый етіп маңдайыма жазыпты. Сіздің Қасиетті құзырыңызда бар күш-жігерім мен қажыр-қайратымды аямай адал қызмет етуге дайынмын. Өзіңіздің қолдауыңызбен және өзіңізге тән кеңпейілділігіңізбен мені сарайдың сауда өкілі етіп бекітсеңіз, Сізге ешқандай ауыр салмақ салмай Франкфурт қаласындағы кәсібімді тұрақтандырып, өзімді бақытты сезінер едім». Вилгельм ханзада өтінішті қабылдады. 1769 жылы 21-қыркүйекте Майер Амшель Ротшильд аса мәртебелі ханзада Вилгельм Гессенскийдің сарайына керек-жарақ жеткізіп тұратын ресми сауда агенті болып тағайындалады.

Арада екі жыл өткен соң, Майер Гутле Шнаппер есімді бойжеткенге үйленеді. Гутле ханым М.Ротшильдке он бала сыйлады: бес ұл, бес қыз.

Вилгельм ханзада король тұқымдарының ішіндегі ең бай адамдардың бірі еді. Ол князьдіктегі әскерлерді Англия корольдігіне жалға беру арқылы дивидент алып жүрді. Англия королі оның әскерлерін АҚШ-пен соғысуға, отарындағы елдерде тәртіп орнатуға пайдаланды.

Сонымен бірге ханзаданың Карл Будерус есімді сарай қазынашысы (қаржы министрі) болды. Ол Вилгельм ханзадаға қарасты фермадағы сүт өнімдеріне жаңа баға саясатын енгізу арқылы сату көлемін ұлғайтып, қожайынының қалтасына көп қаржы түсіреді. Ханзаданың иелігінде өндірілетін тұз өнімдеріне жаңа салық түрін енгізеді. Қазынашысының пұлтабарлығына риза болған Вилгельм ханзада бұл еврейді жанына аса жақын тартып жүруші еді. Ол бір күні Карл Будерусқа Англия банкіндегі ақшаларын Франкфуртқа жеткізіп беретін айлакер, епті адам табуды тапсырады. Еуропа құрлығының шетіндегі Британия аралынан орталық Еуропадағы неміс жеріне аса қыруар ақшаны жеткізу қиын шаруа болатын. Жол қауіпсіздігі, кеденшілердің тауар тасымалдаушыларға қарағанда ақша тасымалдаушылардан көп баж салығын алуы сияқты кедергілер жеткілікті еді. Будерустың таңдауы Майер Амшель Ротшильдке түсті.

Англияға жеткен Ротшильд банктен ханзаданың ақшасын шешіп алған соң, ол қаржының барлығына Лондон базарларынан мақта мен жүн сатып алады. Жүкті Франкфуртке жеткізгеннен кейін, мақта мен жүнін жергілікті тұтынушыларға сатып өткізеді. Ханзаданы ақшасымен қауыштырған Майер жол қауіпсіздігі мен кеден салығынан басқа бірнеше кедергілерді айналып өткен еді. Біріншіден, Лондондағы валюта айырбастайтын пунктердің көмегіне жүгініп, оларға ақысын жегізбеді. Тауарын фунтпен сатып алды, қаражатты әміршісіне жергілікті валюта талермен табыстады. Ал мақта, жүн саудасынан түскен пайданы өзіне қалдырады. Оның қабілетіне дән риза болған Вилгельм ханзада Ротшильдті жеке банкирі етіп бекітеді. Майердің айырбас пунктіне Франкфурт пен Лондон арасындағы валюталық саясатты реттеу міндетін жүктеді. Майер Амшель Ротшильдің айырбас пункті осы кезден бастап банк дәрежесіне көтеріліп, халықаралық нарыққа жолдама алады.

Майер Амшель Ротшильдтің Франкфурттегі үйі

1785 жылы Вилгельм ханзаданың әкесі қайтыс болып, баласы Гессен-Кассельдің ландграфы (билеушісі) болып сайланады. Ханзада бүкіл бала-шағасымен Франкфурттың бір бұрышындағы сарайын тастап, Кассель сарайына көшіп келеді. Онымен бірге жеке банкирі де бұрынғы қонысынан ауысып, жасыл шатырлы жаңа үйіне орнығады.

Майер Амшель Ротшильд банкі мен бизнесін үш нәрсеге бағдарлады.

Біріншісі, ол клиенттері етіп ақсүйектерді және ірі әулеттерді таңдады. Майерді өзі сияқты ұсақ кәсіпкерлер аз қызықтырды.

Екіншісі, оның банк несиесінің пайызы төмен болды. Төмен пайыз көп клиенттерді тартты.

Үшіншісі, Майер Ротшильд балаларына көп сенім артты. Оның балаларының барлығы заманында ең мықты қаржыгерлерге, магнаттарға, банкирлерге айналады.

Майер Амшель Ротшильд жаңа сарайдағы әміршісіне кезекті рет нумизматикалық бұйымдарын алып барғанында, ландграф Вилгельмге өзінің жеке банкіне қаржы салу жөнінде өтініш айтады. Егер ландграф ақша құйса,  оған ең төменгі комиссиялық алыммен қызмет көрсетуге уәде береді. Әйткенмен, ландграф Вилгельм Ротшильдтің шағын банкіне қаржы құюға асықпады. Ол банк иесінің өтінішін екі жыл уақыт өткеннен кейін ғана қанағаттандырып, 800 фунт ақша салады. Майер Амшельге бұл қаражат аздық еткендіктен, ол енді қабатында заемдар шығаруды қолға алады.      

Майер Ротшильд капиталын көбейту үшін, басқа айла-шарғыларға жүгінді. Оның қамқоршысы Карл Будерус ландграфтың бас қазынашысы әрі кеңесшісі атанғанда, Майер Ротшильдтің де дәрежесі бір саты жоғарылайды. Вилгельм ландграф атанғаннан кейін, князьдікте жаңа тағайындаулар болып, сарай маңынан біраз банкирлер ұзап кеткен еді. Будерус бас қазынашы болғаннан кейін, Рюппель, Гарнир, ағайынды Бетмандар, Прейе, Йордис, Гебгард, Гаук,  Витгенштейн, Ван Нотен, Голль, Ко сынды банк қожайындары ландграфтың айналасынан шеттетіледі. Саяси мансабын пайдаланған Ротшильд сырт қалған банк қожайындарына ландграф Вилгельммен келіссөз жүргізуге құмбыл екенін айтып, сәлем жолдайды. Ол ландграф пен банк иелері арасында қол қойылып бекітілген әрбір коммерциялық келісімнен бір пайыз жанама табыс алып отырады.

Майер Амшель Ротшильд ең ірі қаржылық мәмілені 1804 жылы жасайды. Дания мемлекетінің қазынасы әбден сарқылғанын естіген Майер ландграф Вилгельмді дат еліне қарызға несие беруге кеңес береді. Әміршісінің қазынасында игерілмей жатқан көп қаржының барынан хабардар Ротшильд бұл ұсынысты оған саналы түрде жеткізген. Алайда бір кедергі пайда болды. Дания королі Вилгельмнің туысқаны еді. Туысқанға берілген несие – қайтарымсыз ақша. Майер қулыққа басты. Ол несиені ландграфтың атынан емес, оның қарамағында бұрыннан келе жатқан аты-жөні танымал банкирлердің атынан да емес, енді қалыптасып келе жатқан беймәлім Ротшильдтің атынан беруге ұсыныс тастады. Вилгельм бұл ұсынысты қабылдайды.

Франкфурт пен Копенгаген арасындағы бірнеше іссапардан соң, Данияның қазынашылық бөліміне белгісіз банкирдің атынан ақша жөнелтіледі. Алайда көп ұзамай астыртын операцияның құпиясы ашылып қойды. Басқа банкирлер мен франкфурттық саясаткерлер мұны естіп, ашуға булығады. Олар Майер Ротшильдтің сарайдан қуылуын талап етіп, Франкфурттегі шу дат королінің құлағына да жетеді. Ал Карл Будерус ландграфқа Ротшильдтің ақылы мен қайраты әлі де керек екенін айтып, оны сарай ішінде қалдырады. Будерустың айтқаны рас болып шықты. Ландграф Вилгельм Ротшильдтің көмегіне әлі мұқтаж екен.

1806 жылы батыс жақтан Наполеон Бонапарт бастаған қалың әскер орталық Еуропаға басып кіреді. Гессен князі ландграф Вилгельм Франция мен Австрия–Британия одағы арасындағы соғыста бейтарап саясат ұстайтынын мәлімдегенімен, бірбеткей француз генералының ондай екіұшты саясатқа көңілі көншімейтін. Бонапарт Пруссия әскерін талқандағанан кейін, іле-шала Гессен князьдігіне басып кіреді. Ал Вилгельм бір күн бұрын бала-шағасымен бірге солтүстіктегі Данияға қашып кетеді. Ол кетерінде маңайындағы уәзірлерімен шұғыл жиналыс өткізіп, Будерус пен Ротшильдке қоймадағы және жан-жақта шашылып жатқан капиталын аманат етіп қалдырады.

Вилгельмнің қамалдың қоймасында тығулы жатқан ақшаларын француздар тез тауып алады. Монархтың кеңесшісі Карл Будерус Бонапарт әскері басып алған Хессеге барып, француз генерал-губернаторы Ла Гранжбен келіссөз жүргізеді. Дастарқан басындағы келіссөздің нәтижесінде қоймадан алынған 1 миллион франк ландграфқа қайтарылатын болып келісілді. Француздар бұл қаржы Вилгельм монархтың капиталының азғантай ғана бөлігі екенін білетін. Шамасы, қолдарына түскен олжаны қайтара салғанына қарағанда, қалған қаржысын тез тауып аламыз деп ойласа керек.

Наполеон Бонапарт өзінің қаржы министрін Вилгельмнің мирасқоры етіп тағайындайды. Бұл дегеніміз, Вилгельмге борышкер Еуропадағы сарай көсемдері мен ақсүйектері ландграфтан алған қарыздарын енді француздардың қаржы министріне төлеуі керек. Бұған дейін Вилгельмнің қаржы шаруашылығын басқарғандардың барлығы қара тізімге алынсын деп бұйрық етілді. Сарай қызметкерлерінің бүкіл дүние мүлкі кәмпескеленеді.

                          М.Ротшильдтің бес ұлы

Бірақ Ротшильдтердің алдын орау мүмкін емес еді. Майер Амшель Ротшильд әміршісіне ұзақ жыл қызмет етіп жүріп, Еуропадағы король сарайларымен, ондағы қаржыгерлермен тамыр байласып алған болатын. Ол коммерциялық мәмілелердің хас шеберіне айналып үлгерген ұлдарын борышкерлерге жұмсап, ландграф Вилгельмге тиесілі бүкіл қаржылық міндеттемелерді сатып алып отырды. Француздар Майер Ротшильдтен күмәнданып, қайта-қайта тексеріске алғанымен одан ештеңе таппады. Гетто мен қала ортасында сауда жасап жүрген оның бухгалтерлік күнделігінен де Наполеон саясатына қарсы дәнеме табылмады. Балаларынан соғыс кезінде айырылып қалғанын айтып қайғырып отырған қарт кісілерді көп әурелеместен кері қайтқан француз әскерлерінің ізі суыған соң, Ротшильд жертөленің табанына көміп тастаған екінші бухгалтерлік күнделігін қолына алып, негізгі жұмысына кірісетін. Ол өмір бойы ішіндегі есеп-қисабы бір-біріне ұқсамайтын екі бухгалтерлік кітапшаны қатар пайдаланған. Ротшильд әріптестерімен хат жазысып, хат алысқанда идиш, иврит, неміс тілінен құрастырылған арнайы шифрлар ойлап табады. Өзінің атын Арнольд, әміршісінің атын Гольнштейн деп өзгертеді. Арнольд Гольнштейнге жұмыс барысын баяндап отырды. Бірнеше рет Дания шекарасына жасырынып барып, онымен тілдесіп те үлгереді.

Не керек, бүкіл Еуропаға соғыстың отына оранып жатқанда Ротшильд те, оның әміршісі Вилгельм де бүкіл құрлықты жайпаған күйзелістен күйлі шығады. Майердің әбжіл қимылының арқасында ландграф капиталының дерлігін сақтап қала алды.

Майер Амшель Ротшильд 1810 жылы «Rothschild & Sons» банкін құрады. Банктегі қаржының көбі Вилгельмнің ақшасы еді. Әкелі-балалылар заман тынышталғанда оның ақшасын түгел қайтарып береді, ал несие пайызынан түскен табыстарды өзіне алып қалады. Оның бес баласы «Rothschild & Sons» банкінің әр елдердегі филиалдарын басқарды. Үлкен ұл Амшель (Майер Амшельдің өз атымен шатастырмау керек, тұңғыш баласының аты да Амшель) Франкфуртта қалады, екінші ұл Соломон Венадағы филиалдың тізгінін ұстайды, үшінші ұл Натан Лондондағы шаруаларды дөңгелетеді. Ол иненің көзінен өткен ептілігінің, қиын ситуацияда жол табатын айлакерлігінің арқасында тарихта қалған адам. Бес ұлдың ішіндегі ең алғыры осы. Ортаншы ұлы Натан Ротшильд туралы кейін кеңірек жазармыз. Төртінші ұл Кальман (кейінгі аты Карл) банктің Неапольдағы өкілі болса, бесінші ұл Якоб (кейінгі аты Джеймс) Париждегі қаржы саясатының бел ортасында жүрді.

Бес ұл Наполеон Бонапарт соғысы кезінде бүкіл Еуропаны аралап, сауда жасап жүре берді. Қай елдің басшысы болсын, саудагерлерге бөгет жасамауға тырысатын. Өйткені қалың бұқара мен әскерге азық, киім-кешек, ыдыс-аяқ және тағы басқа саудагерлердің арқасында келуші еді.

Өмірінде 200 миллион франк жинаған Майер Амшель Ротшильд 1812 жылы 19-қыркүйекте бақилық болады.

Тұжырым: Майер Амшель Ротшильдті пара берді, саясатқа араласты, шенеуніктерді сатып алды деп айыптайтындар көп. Оның үлгі алуға болмайтын тұстары бар екені рас. Әсіресе, капитал әулеттің өз ішінде қалу керек деген пиғылды алға тартып, оның кіндігінен тараған ұлдар өздерінің немере қарындастарына үйлену керек деп өсиет қалдыруы біз үшін ақылға сыйымсыз нәрсе. Дегенмен, Майер Ротшильдтің біз үлгі қылуға тиіс екі қасиеті бар. Біріншісі, Майердің өте көп ақшамен жұмыс істеуден қорықпайтындығы. Оның жүрегінде қаһарлы ханзаданың қаржысын тонатып аламын, құнсыздандырып алармын, банкротқа ұшыратып алуым мүмкін ғой деген үрейлер болмапты. Ротшильдтің бұл батырлығы соғыс кезінде тіпті күшіне мінеді. Екіншісі, Майер көмек сұраудан, басқаларға қызметін ұсынудан арланбаған. Әу бастан ірі әулеттермен, ақсүйектермен серіктес болуға ұмтылған Ротшильд, олардың кез келгенінің есігін еркін қағыпты. Осы екі қасиет Майер Амшель Ротшильдті геттодағы жұпыны сатушыдан князьдіктің бас банкирі дәрежесіне дейін көтерді. Оның ұрпақтары әлі күнге дейін нарықтық экономиканың тізгінін қолдарына ұстап отыр.

Ақан Бірлік

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер