«Жәбірленуші — менмін». Қайрат Нұртас оқиғаның қалай болғанын айтты

4109
Adyrna.kz Telegram

Алматы-Астана бағытындағы ұшақтағы бұзақылығы үшін ұсталған әнші Қайрат Нұртас оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Әншінің бүгін соты өтіп жатыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап. 

Қайрат Нұртастың айтуынша, жәбірленушімен екеуі дос болған.

«Ол екеуміз дос болғанбыз. Төртінші шілдеде тойға шақырды. Мен барудан бас тартып, балағат сөздер айттым. Ал ол бармасаң, аяғыма жығыл деді. Сосын мені басымнан алып, бірінші болып ұрды. Сосын мен де ұрдым. Бірақ тәртіпті бұзған жоқпын. Бұл жерде жәбірленуші – менмін. Ол бірінші бастады. Мені ұрғаннан кейін ғана ұрдым. Жарақатты бәріміз алдық, ең бастысы тыныш отырдық қой. Ұшақта кездесіп қалған кезде, мені бірінші ұрды. Менде қарап тұрмай, оны да бір-екі рет ұрдым. Бұл жөніндегі кінәмді толығымен мойындаймын», — деді Қайрат Нұртас.

Сотта Қайрат Нұртастың туған інісі мен анасы төбелесті бірінші бастаған адамды да жауапқа тарту керек деп ойлайтынын айтты. Гүлзира Айдарбекова екеуінің бұрыннан дос екенін, достар арасында ондай-ондай болып тұратынын айтып, екеуі бір-бірін кешіруі керек деді.

Жәбірленуші Асылбек Бекқайыров Қайрат Нұртасты Орал қаласына досының тойына баруға өтініш білдіргенін жеткізді.

«Өтінішімді жаздым. Түнгі екіде мені боқтап жазып жіберіпті. Онымен кездесе алмадым, неге боқтағанын түсінбедім. Ұшақта көріп, неге мені боқтағанын сұрадым. Сөзге келіп қалдық. Бортсерік мені алып кетіп бара жатқанда, Қайрат Нұртас мені ұрды. Мән-жай осылай болды», — деді Бекқайыров.

Қайрат Нұртас алда концерттері бар екенін айтып, соттан айыппұл тағайындауды сұрады.

«Екеуі дос. Бөтен адам емес. Екеуі кешірім береді деген ойдамын. Бұл жерде бас жарылған еш нәрсе жоқ. Ашуланды, жауабын берді. Болды. Шу болмады, халыққа зәбір көрсеткен жоқ, тыныш отырды», —деді Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова.

Судья оқиға 4 шілдеде сағат 20:00 шамасында ұшақ бортында Алматы – Астана рейсінде болғанын, Қайрат Нұртас пен Асылбек Бекқайыров сөзге келіп, жанжалдасып қалғанын, содан кейін сотталушы оң жақ бетінен соққы жасағанын айтты. Жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келген.

Пікірлер