Бірқатар қалада террорлық қауіптің «сары» деңгейі бекітілмек

802
Adyrna.kz Telegram
Сурет: fergana.agency
Сурет: fergana.agency

2 шілдеден бастап Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында террористік қауіптіліктің «сары» деңгейі бекітіледі. Бұл туралы бүгін ҰҚК баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қазақстанда шілденің 2-5 аралығында бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі мен Қытай Халық Республикасы Төрағасының мемлекеттік ресми сапары өтеді.   

Осыған орай әлемге белгілі тәжірибеге сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар келетін шетелдік делегациялардың, олардың ішінде мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар басшыларының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге толыққанды шаралар қабылдайды»,— делінген хабарламада.

«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның 12, 13 және 15-баптарына сәйкес күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын өткізу кезінде  Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімі бойынша Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының жекелеген учаскелерінде терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қолдау іс-шаралары өтеді.

Құқықтық режим 2 шілденің 00 сағат 01 минутынан бастап 4 шілденің 23 сағат 59 минутына дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткізілетін объектілер аумағына және күзетілетін тұлғалардың жүру бағыттарына орнатылады.

Бұдан басқа, Президенттің 2013 жылғы 9 тамыздағы №611 Жарлығымен бекітілген «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу қағидаларына» сәйкес терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілуін ескере отырып, Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізу объектілерінде 2 шілденің 00 сағат 01 минутынан бастап 4 шілденің 23 сағат 59 минутына дейін террористік қауіптіліктің бірқалыпты («сары») деңгейі белгіленеді.

Яғни:

- жекелеген аумақтарда көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысы шектеледі;

- бұқаралық және жаппай іс-шаралар өтетін орындарда патруль күшейеді;

- адамдар көп жиналатын орындар тексеріледі;

- әуежайларда, теміржол вокзалдарында арнайы техника қолданылады.

Пікірлер