Ғаламтор сақшылары. Интернет алаяқтық.

1998
Adyrna.kz Telegram

Интернет алаяқтық – интернет ресурстары арқылы (Olx, WhatsApp, Instagram, Telegram және т.б) адаммен бетпе-бет кездеспей, сеніміне кіріп, алдау арқылы ақшасын иемденіп, артынан ізін суыту. Пандемия кезінде интернет арқылы алданғандар саны 2 000 000-ға жеткен. Одан бері бұл көрсеткіш өсіп келеді.

Жалпы қазіргі таңда алаяқтықтың ең кең тараған түрі бұл – интернет алаяқтық болып отыр. Бұл жағдайда алаяқты ұстау оңай емес. Себебі, алаяқтық іс-әрекет жүзбе-жүз емес, интернет желісі арқылы жүзеге асатындықтан оларды қолға түсіру қиын.

Ақпараттық технологияның кең дамыған заманында, қолында смартфоны бар кез келген адам алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін. Олардан сақтанудың ең негізгі тәсілі жеке деректерді оңды солды тарата бермеу!

«Өзіңіздің ұялы телефоныңызға немесе дербес компьютеріңізге басқа біреулердің айтуымен Skype, Anydesk сияқты қосымшаларды орнатуға болмайды, сол арқылы алаяқтар сіздің қаражаттарыңызды жымқыруы мүмкін. Тағы да банк картасының нөмірі, алдындағы он алты саны және де артындағы үш саннан тұратын  CVV кодты ешкімге ешқандай жағдайда айтуға болмайды! Тіпті картаның жарамдылық мерзімі туралы да айтпаған жөн!» дейді мамандар

Бүгінде алаяқтың қулығына құрық бойламайды. Күн өткен сайын олар жаңа айла ойлап табуда.

Алаяқтар қалай алдайды?

  • Фишинг – адамдардың жеке мәліметін ұрлау арқылы
  • Егде жастағыларды сеніміне кіріп, зейнетақысын жымқыру
  • Қайырымды істің атын жамылып, ақша жинап жұртты алдау
  • Жұмысқа орналастырамын деп, ақша сұрап, артынан сатып кету
  • Жоқ пәтерді жалға беру

«Пәтер жалдау кезінде де алданып қалғандар аз емес. Алаяқтар негізінен  krysha.kz, olx сияқты платформаларға жалған хабарландыру беріп, әдемі тауардың суретін қойып, бағасын әлдеқайда арзан етіп көрсетеді. Содан соң бұған сұраныс артып, адамдар мұндай мүмкіндіктен айырылып қалғысы келмей, алдын ала төлем жасап, кейін алданғанын түсініп жатады. Мұндай алаяқты іздеп табу көп жағдайда қиын», - дейді криминалдық полиция қызметкері

Интернет ресурстарынан бөлек алаяқтар адаммен тікелей байланысқа шығып, хабарласу арқылы өз құрбандарын іздейді. Көбінесе алаяқтар таңғы 11:00 мен 18:00 шамасында жиі хабарласады екен.

Интернет алаяқтықтан сақтану шараларының бірі – цифрлық сауаттылықты дамыту.

Цифрлық сауаттылық дегеніміз – интернет желілерін қауіпсіз және тиімді пайдалануға қажетті білім мен дағды. Статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша цифрлық сауаттылықтың деңгейі көңіл көншітпейді. Жиі азаматтар  цифрлық мәдениетінің төмен болуына байланысты өзінің жеке, дербес деректерін алаяқтың қолына беріп қойып, соңынан сан соғып қалады. Елімізде цифрлық мәдениетті дамыту шаралары қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Заман талабына сай бұл мәдениет түрін жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында мектепте оқыту қолға алынды.

Алаяқ ұсталған жағдайда ауыр жаза қарастырылған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне сәйкес мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Қазақстанның киберполициясы киберқылмыстармен күреске белсенді қатысып, оң нәтижелер көрсетіп жүр. Киберполицияның негізгі қызметтеріне хакерлік, фишинг, интернеттегі алаяқтық, жеке басын ұрлау, маңызды инфрақұрылымға шабуылдар, зиянды бағдарламаның таралуы, кибертерроризм деген сияқты киберқылмыстардың алдын алады. Киберполиция сонымен қатар киберқауіпсіздік туралы ақпараттандыру шараларын жүргізеді және киберқылмыспен күресу үшін басқа құқық қорғау органдарымен және жеке сектормен бірлесіп жұмыс істейді.

Өткен жылы қазақстандық киберполиция 3000-нан астам киберқылмыстарды ашты, оның ішінде:

Интернеттегі алаяқтықтың 1500-ден астам фактісі

500-ден астам хакерлік фактілер

300-ден астам фишингтік фактілер

Киберқылмысты болдырмау үшін төмендегі кеңестерге көз салыңыз:

  • Құпиясөздерді қиындатыңыз!
  • ЭЦҚ-ны ешкімге бермеңіз!
  • Бөтен азаматтардан келген электрондық хаттарды ашпаңыз!
  • Ғаламторда өзіңіз туралы аз ақпарат беріңіз!
  • Маңызды деректердің көшірмесін жасатып алыңыз!
  • Күдікті сайттарға өтпеңіз!
  • Күмәнді сайттарда өзіңіздің жеке деректеріңізбен бөліспеңіз!
  • Тауардың бағасы төмен жарнамаларға сенбеңіз!
  • Кредит делдалдарына сенбеңіз!

Қазақстандық киберполиция трансшекаралық киберқылмыспен күресте өз жұмысын жетілдіруді және басқа елдермен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырып келеді.

Айгүл Мұратқызы

Пікірлер