«Жібек жолы елдерінің әйелдері: мәдениеттер мен өркениеттер диалогы»

1409
Adyrna.kz Telegram

20 маусым күні Бішкек қаласында Жібек жолы мемлекеттерінің өнерлі әйелдер қауымын жинаған алқалы жиын өтті. Халықаралық форумда Қытай, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қазақстаннан келген өкілдер бас қосты. Суретшілердің, дизайнерлердің және қолөнерші қыз-келіншектерді бір шаңырақ астына топтастырған іс-шара Бішкек Ұлттық тарих мұражайында өтті.

Форумды Қытайдың Шэньси әйелдер федерациясы мен Жібек жолы елдерінің дизайнерлер одағы, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық тарих мұражайы және «Құрақ әйелдер форумы» қоғамдық ұйымы  бірлікте ұйымдастырды.

Аталған форумға Қазақстан атынан ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сәуле Сыздыққызы Бапанова қатысып, жолдасы Әлібай Бапанов екеуінің туындыларын көрмеге қойды. Әрбір көрмеде бірегей ұлттық нақыштар мен өнердің заманауи интерпретациялары көрсетілді. Сонымен қатар, Ұлы Жібек жолы елдері Дизайнерлер одағының сән көрсетілімі ұйымдастырылды. Онда мәдени дәстүрлер мен заманауи трендтерден шабыттанған топтамалар көрсетілді.

«Форумға Қазақстан атынан мені шақырған екен. Екі-үш ай бойы келіссөз жүргізіп, туған елдің атынан бізді таңдағанын жеткізді. Бұл әрине, мен үшін биік мәртебе әрі зор жауапкершілік болды. Іс-шараға өнері арқылы ұлттық мәдениетті дамытып жүрген бес елдің мықты әйелдері жиналды.  Өте іскер, өнерлі, жалындаған өкілдер бас қосты дей аламын. Ұйымның алдағы мақсаттары керемет. Идея авторы, БҰҰ шығармашылық резервінің мүшесі, жібек бойынша суретші Фан Яньянмен жақын сөйлесіп, сұхбат құрдық. Менің апарған жұмыстарым Қытай делегациясына өте ұнап, жоғары бағасын берді. Осы жылдың қазан айында Сианда өтетін көрмеге құрметтеп шақырды. Заманға сай ұлттық өнерімізді әлем елдері алдында абыроймен дәріптеп келгеніме қуаныштымын», деді Қазақстан суретшісі Сәуле Бапанова.

Бішкекте өткен іс-шара Жібек жолы елдері арасындағы мәдени алмасу мен ынтымақтастықты нығайтудың тамаша алаңына айналды. Жиналған көпшілік Жібек жолы елдерінің өзара өнер ынтымақтастығының бастамасы болатын меморандумға қол қойылғанына куә болды. Бішкек университетінің жанынан Жібек жолы елдерінің өнеріне арналған зертхана ашылды. Сонымен қатар Жібек жолы дизайнерлер одағын құрып, оның президенті болып Қырғыз елінің өкілі Дильбар Ашимбаева сайланды. Расында да, мәдениет жүректерді жақындастырады, ал өнер әлемді біріктіреді. Ұлттық өнер бірегейлікті айшықтап, өркениеттер диалогына себепкер болатын зор әлеуетке ие екенін осы форум тағы бір рет дәлелдей алды.

Пікірлер