Қарағандыда 130 баланы құтқарып, ерлікпен қаза тапқан полицейдің есімі ұлықталды

2612
Adyrna.kz Telegram
Фото: polisia.kz
Фото: polisia.kz

16 жыл бұрын тасжолдағы апаттан аман қалған қарағандылық оқушылар батыл полицейдің ерлігіне құрмет білдіріп, құтқарушыларын еске алды. Бұл туралы Polisia.kz жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айта кетейік, 2008 жылдың 20 мамырында 130 бала мінген үш автобус Астанадан Қарағандыға бет алған жолда апатқа ұшырады. Олардың қауіпсіздігіне жауаптылардың бірі, жол полициясының инспекторлары Қайрат Жұмабеков балаларды құтқарып, қаза тапқан болатын.

– Барлығы қас қағым сәтте болды. Астана – Қарағанды тасжолында жүк көлігі алдында келе жатқан жеңіл көлікті басып озып, біз жетегімізге алып келе жатқан автобустарға қарай қарсы бағытқа шықты. Қайрат тез арада шешім қабылдап, жүк көлігі автобусқа соғылмау үшін өзіміз мінген қызметтік автокөлікпен тосқауыл қойды. Одан кейінгісі есімде жоқ. Мен жансақтау бөліміне түсіп, ол жерде төрт күн жаттым. Ол өзінің қызметіне адал беріліп, тапсырманы антына сәйкес соңына дейін орындады. Егер олай жасамағанда автобустағы балалар қаза табатын еді, – деп өткенді есіне алды Қайрат Жұмабековтің әріптесі Дмитрий Пугач.

Асыл азаматтың ерлігі жайында түсірілген бейнефильм қаладағы кинотеатрлардың бірінде көрсетілді. Оған Қайрат Жұмабековтің жары Назгүл, ұлы Ғалым, қызы Дилара қатысты. Тәртіп сақшысы құтқарған балалар сол кезде 10 жаста болса, бүгінде әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, отбасылы болды. Олар ағаларының ерлігін бір сәтке де ұмытқан емес.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев Қайрат Жұмабековтің ерлігі жайында түсірілген бейнефильм барлық мектептерде көрсетіліп, батырдың қайсарлығы өскелең ұрпаққа жеткізілетінін атап өтті.

Еске салсақ, жол-көлік оқиғасынан кейін жүк көлігінің жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Пікірлер