«Үлкен мәртебе». Президенттен марапат алған құтқарушы әсерімен бөлісті

1307
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 19 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды марапаттады. Олардың арасында Қостанай облысы «Затобольск ОЭК» МҚК сумен қамту цехының жөндеушісі Марат Сатыбалдин де бар, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Марат Сұлтанұлы су тасқыны кезінде су басу қаупі бар жерлерде тәулік бойы кезекшілік атқарып, адамдарды эвакуациялауға көмектесті. Осылайша көптеген жерлестерінің өмірі мен мүлкін сақтап қалды. Ол «Адырна» тілшісіне берген сұқбатында бұл салаға кездейсоқ келмегенін жеткізді.

«Қазіргі таңда сумен қамту цехында жұмыс істеймін. Бұл салаға келуім кездейсоқ емес, оған жақын досым түрткі болды. Бұрыннан инженерияға деген қызығушылық таныттым. Арман қуып, колледжде инженер мамандығын оқыдым. Сүйтіп осы салада жұмыс істеуге бел будым. Дәл осы мамандықты таңдағаныма өкінген емеспін. Бүгін, міне, 12 жылға жуық еңбек өтілі бар маманмын»,—дейді Марат Сұлтанұлы.

Оның Тобыл қаласындағы бөгет пен Алтынсарин, Мичурин ауылдарына құм бөгеттерін салуға да қосқан үлесі ұшан-теңіз. Марат Сатыбалдин бұл жұмыстарға өзі қатысып қана қоймай, өзінің ер азамат әріптестерінің де жұмысын ұйымдастырды. Бұл әрбір минут санаулы болған елді мекендерді су басуынан қорғау процесін айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік берді.

«Су тасқыны кезінде тәулік бойы кезекшілік атқардық. Ахуал ауыр еді, көптеген үй су астында қалды, ал халық үрейленді. Көптеген қиыншылықпен бетпе-бет келдік, әсіресе су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, сумен қамтамасыз ету және қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты мәселелер шешілуі қажет болды. Бірақ біз бар күшімізді салып, жағдайды бақылауға алуға тырыстық»,—дейді ол.

Марат Сатыбалдин – жерлестеріне, әсіресе, қиын жағдайда көмекке келуге дайын тұратын саналы азаматтың жарқын үлгісі.

 

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан марапат алу мен үшін үлкен мәртебе және қуаныш болды. Бұл менің еңбегімнің жоғары бағалануы және сол уақытта мені қолдаған барлық әріптестерімнің еңбегінің де бағалануы деп есептеймін. Сол сәтте үлкен мақтаныш сезімде болдым және бұл мені одан әрі жақсы жұмыс істеуге ынталандырды»,—деп сөзін түйіндеді цех жөндеуші.

Айта кетейік, биыл ел көлемінде 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басқан еді.
Топан сумен күреске күштік құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкері атсалысты. Құтқару операциясы барысында 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 40 мың бала қауіпсіз жерге көшірілді.

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер