"Шапаныңды сағындым". Кенен Әзірбаевтың туғанына - 140 жыл

2169
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Бүгін - Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Кенен Әзірбаев 1884 жылдың 4 мамырында Жетісу облысының Мәтібұлақ ауылында өмірге келген. Оның ата-анасы да өнерлі болған. Кенен Әзірбаев 11 жасында алғаш рет өлең жазған. Алғашқы туындысының тақырыбы табиғат, жан-жануар, құстар туралы болған.

Отырыста ақын Кенен Әзірбаев «Бозторғай» әнін айтып, ауыр тұрмыс пен еркіндікті жырлаған. Жас баланың өнеріне таңдай қаққандар қорланған қазақтың әнұранына айналдырған.

16 жасында Кенен Әзірбаев Көкшолақ атты сатып алып, артынша«Көкшолақ» деген өлеңін шығарады.

Кенен Әзірбаев талай сұрапылды көрген. Өз ғұмырында ол Түркістандағы 1916 жылғы көтерілісті бастан кешірген, большевиктер қатарында патшалық үкіметке қарсы күрескен, аштық жылдары Қырғызстанда жан сақтаған. Ал қайта құру жылдары Ораз Жандосовпен, Сәкен Сейфуллинмен және Тұрар Рысқұловпен тығыз қарым-қатынаста болған.

1923 жылы Әзірбаев үшін өте ауыр жылдардың бірі болған. Осы жылы Базар мен Назар деген екі ұлы бір күнде шешек ауруынан көз жұмды. Қатты қайғырған ақын атақты «Ақ ешкінің зары» деген жоқтау өлеңін шығарады, кейін ол Базар-Назар аталып кетеді.

Алтынбек Қоразбаев "Жайлауындай даланың, шапаныңды сағындым" деп әндеткен. Атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы Кенен атаны «ән мен жырдың генералы» деп атаған.

Кенен Әзірбаев 92 жасында 1976 жылғы 12 сәуірде өмірден өтеді. Өзінің ұзақ ғұмырында ол қазақ ән өнерінің алтын қорынан лайықты орнын алған мол мұра қалдырды.

Пікірлер