Қазақстаннан туғанын іздеген бельгиялық Жәнібектің әкесі табылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Шетелдіктер асырап алған қазақ баласы Еуропадан туған анасын іздеп келді. Журналист Қымбат Досжан Жәнібектің анасы емес, әзірге туған әкесі табылғанын айтты. Алайда туыстары ДНҚ тапсырудан бас тартқан.
"Соңғы уақытта біз үнсіз жүргенімізге қарап ашылған қылмыстық істі тоқтатып тастады деп ойламаңыздар. Зерттеу жұмысы бір сәтке де тоқтаған жоқ. Кеше мен Арқалық қаласының полиция қызметкері Саят Исламовпен бірге Қарағанды қаласына барып келдім. Зерттеу барысында Жәнібектің әкесі болуы мүмкін деген ер адам анықталды. Өкініштісі, ол кісі өмірден өткен болып шықты. Сондықтан марқұмның жақындары мен ет жақын адамдарымен сөйлесу үшін полиция қызметкеріне еріп, өзім арнайы барған едім, бірақ туыстары сөзімізге, өтінішімізге құлақ аспады. ДНҚ тестіне қан тапсырудан бас тартты", - дейді Қымбат Досжан.
Ал редакцияға анонимді түрде Жәнібектің туған әкесімен бірге жұмыс істеген азамат хабарласқан көрінеді. Ол марқұм әріптесінің Жәнібектің туған әкесінен аумай қалғанын айтқан.
"Бізге қоңырау шалған аноним марқұмның сөйлеген сөзі, жүріс тұрысы Жәнібектен аумайтын еді, біз бірнеше жыл бірге жұмыс істедік» деді. Тіпті, марқұмның жас кезіндегі суретке қарап, біз де Жәнібек баламызды көргендей болдық. Амал қанша, марқұмның туыстары тағы да ойланып, оң шешім қабылдайды деп күтеміз. Жәнібек «Егер осы әулеттің баласы болып шықсам, олардың ақшасына немесе дүние мүлкіне таласым жоқ деп қолхат беруге дайын екенін айтты", - дейді Қымбат Досжан.
Алайда Жәнібекті шетелдіктерге сатқан әйел адамның ісі сотқа жіберілмегені анықталды. Келіншек 2004 жылы Арқалықтағы балалар үйіндегі баланы бельгиялық әйелге саудалаған,
"Жәнібекті асырап алған анасы Валери 2004 жылы Арқалықтан бала асырап аларда бір әйел кісіге 12 мың доллар бергенін айтты. Оны Жәнібекке берген сұхбатынан да көрдіңіздер. Ол сұхбаттың түпнұсқасы біздің қолымызда. Ақша алған әйелдің кім екенін, оның 2004 жылдары қайда жұмыс істегенін, қазір қайда істейтінінің бәрін біліп отырмыз. Тіпті, соңғы рет 2020 жылы Валери екеуінің хат алмасқанын да таптық. Ол хатта “Жәнібектің жағдайы қалай?” деп сұраған. Бірақ іс әлі сотқа жетпей тұр. Соңына дейін жеткізіп, шындықты ашамыз деп сенемін", - дейді журналист.