Көкшетауда өткен «Таланттар әлемі» облыстық балалар фестивалі жаздың айтулы мәдени шараларының бірі болды. Оны Ақмола облысының мәдениет басқармасы жанындағы облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы ұйымдастырды.
Бұл күні Абылай хан алаңы айшықты бояулар мен сыңғырлаған әуендерге толы болды. Жас бишілер мен вокалшылар сахнада өнер көрсетуге қызу дайындалып, бір-бірімен танысып, қошеметпен қолдау көрсетті.
Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың арқасында қалалар мен облыс орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдардағы балалар үйірмелерде оқуға мүмкіндік алды.
Осы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін үйірмелердің тәрбиеленушілері аудандық, қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық фестивальдар мен байқауларға қатысып, жеңімпаз, жүлдегер, дипломант атанып жүр.
Көкшетауда облыстық «Таланттар әлемі» балалар фестивалінде 500-ден астам бала өз жетістіктерін көрсетуге жиналды.
Фестивальдің концерттік бағдарламасына аудандардан, Көкшетау, Қосшы және Степногорск қалаларынан балалар ұжымдары қатысты. «New star» сән театры «Fashion Barbie» дефилесін көрсетсе, Ерейментау ауданы Еркіншілік ауылының жас бишілері «Макаренаны» орындады. «Adagio» би мектебі (Көкшетау қ.), «Өнер» шығармашылық орталығы (Қосшы қ.), «Антре@Радуга» би студиясының (Державинск қ.) халықаралық, республикалық фестивальдар мен байқаулардың жеңімпаздары өнер көрсетті.
Сондай-ақ фестиваль аясында «Кескіндеме және сызу», «Бисер», «Киімдерді модельдеу, пішу және тігу» шығармашылық үйірмелерімен айналысатын балалардың 100-ден астам жұмыстары бейнеленген және сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды.
Барлық фестиваль қатысушылары алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталды.
«Таланттар әлемі» фестивалі елімізде өскелең ұрпақтың дамуына үлкен көңіл бөлініп жатқандығының жарқын дәлелі.