"Салғырттық пен баяулық". Премьер бірқатар өңір басшыларына сын айтты

1434
Adyrna.kz Telegram
Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Үкімет отырысында жергілікті билікке бірнеше тапсырма жүктеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысына барғанын, ондағы үйлердің жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы екенін атап өтті. Дегенмен ол өзге өңірдің әкімдеріне шүйлікті.

«Тағы да еске саламын – жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасауға біраз уақыт керек болады. Өкінішке қарай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Әсіресе Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының жұмысын жандандыру керек», - деді Бектенов үкімет отырысында.

Одан бөлек, тасқын кезінде қолданылған үйінділерді де іске асыруды тапсырды.

«Сондай-ақ, көптеген өңірде су тасқынымен күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалды, топырақ салынған қаптар пайдаланылды. Ендігі кезекте әкімдіктер бәрін өркениетті түрге келтіру керек. Экологияға зиян келтірмес үшін барлық қапшықты алып тастап, кәдеге жарату қажет», - деп тапсырды премьер.

Пікірлер