"Опасыздығы" үшін сотталған Кәрім Мәсімов Президенттен кешірім сұрады

2139
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұрап, рақымшылық жасау туралы өтініш берді. Бұл туралы Informburo.kz сауалына берген жауабында ҰҚК мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпаратқа сәйкес, Кәрім Мәсімов қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шешімімен Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отыр.

«Иә, ол осы мекемеден 2024 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Президентінің атына кешірім туралы өтініш жолдаған», деп растады ҰҚК.

Сондай-ақ Мәсімовке қатысты Қылмыстық кодекстің 218-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру») және 366-бабының 4-бөлігі («Аса ірі көлемде пара алу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқаны хабарланды.

Еске салайық, Мәсімов 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ұсталды. Оған қатысты қылмыстық іс аса құпия грифімен белгіленді. 2023 жылдың 24 сәуірінде Астана соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті ҚР ҚК 175-бабының 1-бөлігі мен 3-бөлігі бойынша, мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді және билікті асыра пайдаланды деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оның үкімге шағымдану әрекеті сәтсіз аяқталды – апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Сондай-ақ, оның бұрынғы орынбасарлары Әнуар Садықұлов 16, Дәулет Ерғожин және Марат Осипов 15 және үш жылға сотталды.

Пікірлер