Елнұр Бейсенбаев: «489 млрд теңге тиімсіз жұмсалған»

1278
Adyrna.kz Telegram

Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қатысты пікір білдірді.

Депутаттың айтуынша, экономиканың жай-күйін бейнелейтін бірқатар көрсеткіштер әлі де көңіл көншітпейді.  

«Елімізде жұмыс істейтін 10 миллион адамның 9 миллионында несие бар болса, ал борышкерлер реестрінде қарызы бар жеке тұлғалардың саны – 3,5 миллион адам. Сондай-ақ, тұтынушылық несие көлемі 2022 жылы 13,2 трлн теңге болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 18,2 трлн теңгені құрап отыр. Яғни, 1 жылда несие алушылардың сомасы – 5 триллионға өсті», – деді ол.

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бұл цифрлар – халықтың қарызға өмір сүріп жатқанының нақты белгісі. 18 трлн теңге көлеміндегі тұтынушылық несие – еліміздің жылдық бюджетінің 78 пайызына пара-пар. Бұл несиелердің уақытылы төленбеуі еліміздің қаржы жүйесін бір күнде техникалық дефолтқа алып келуі мүмкін.

«2023 жылғы бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалған. Оның ішінде 70 млрд теңге игерілмеген, 87 млрд теңге қазыналық шотта қалып қойған. Ең өкініштісі, бұл жылдан жылға қайталанып келеді. Бұдан бөлек, ел болып табатынымыз – 14,5 триллион теңге, ал жұмсайтынымыз – шамамен 23 трлн. Яғни 35 процент мемлекеттік бюджет қарыздан, қордан құралады. Бұл – өте қауіпті құбылыс, яғни қаржылық баланс жоқ», – деді депутат.

Пікірлер