1 маусым – Орал қаласы білім беру ұйымдары жанындағы жазғы лагерьлер салтанатты түрде ашылды. Жазғы маусымда қаланың 47 мектебінде тамақтануы ұйымдастырылған лагерьлерде 6500 бала, 50 мектептегі және 2 қосымша білім беру ұйымындағы (мектептен тыс жұмыс орталығы, Оқушылар сарайы) тамақтану ұйымдастырылмаған лагерьде 45 050 бала демалысын өткізеді деп күтілуде.
Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың айтуынша, ҚР Оқу-ағарту Министрлігі ұсынған жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша нұсқаулығы, БҚО білім басқармасының 2024-2026 жылдарға арналған балалардың жазғы каникул кезінде демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспарларына сәйкес мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылған және тамақтануы ұйымдастырылмаған лагерлерде қала мектептерінің 1-10 сынып оқушыларының 94 пайызы демалысын өткізеді деп күтілуде. Осы мақсатта маусымның бірі күні «Атамекен» ҚБЖТжЭО базасында «Алтын балалық шақ» онкүндігінің ашылу салтанаты өтті. Шараға қала мектептерінен 400 оқушы қатысып, алаңдарда тәжірибелермен танысып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Мереке аясында балаларға тәттілер үлестірілді. Онкүндік шеңберінде балалардың мәселелерін шешу және олардың құқықтарын қорғау мақсатында «Отбасы аясында», «Таланттар шеруі», «Денсаулық лигасы», «Бірлік – тірлік тірегі», «Қауіпсіздік пен мейірімділік әлемінде», «Garmonia», «Досыңа қуаныш сыйла», «Zhaz online», «Атадан балаға мұра» тақырыптарында тағылымды шаралар, экскурсиялар, қызықты ойындар өткізу жоспарланып отыр.
Білім беру бөліміне қарасты «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында үш айда 3430 оқушы демалады деп күтілуде. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қорғалған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 400 бала қамтылған.
– Демалысты ұйымдастырудағы басым бағыттардың бірі – дарынды оқушыларды 50% ата-аналары есебінен демалыспен қамту есептеледі. 230 осы санаттығы оқушы «Атамекен» лагерінде демалысын өткізеді. Қаланың 47 мектебінде тамақтануы ұйымдастырылған лагерлерде 6500 бала, 50 мектептегі және 2 қосымша білім беру ұйымында (мектептен тыс жұмыс орталығы, Оқушылар сарайы) тамақтану ұйымдастырылмаған лагерде 45 050 бала демалысын өткізеді деп күтілуде. Сонымен қатар Боровое курорттық аумағындағы лагерлерде жекеленген санаттағы отбасылардан 150 баланың демалысы және Астана қаласына осы санаттағы 50 оқушы, Шымкент қаласына 50 оқушы, Түркістан қаласына 50 оқушының экскурсиясы қарастырылды, – дейді Ақжарқын Мүтиғоллақызы.
Қала мектептерінің 1-10 сынып оқушыларын жазғы демалыспен 100 пайыз қамту көзделіп отыр. Осы мақсатқа ағымдағы жылы мемлекет қазынасынан 37 684 мың теңге қаржы бөлінген.
Қаладағы №50 орта мектеп жанынан ашылған «Ақ желкен» жазғы лагерінде қазір 160 оқушы демалуда.
– №50 орта мектеп – қаланың шетінде орналасқан мектеп. Бұл мектепте бүгінде 1300 оқушы бар. Қазір бірінші ауысымда лагерьде 160 бала демалып жатыр. Оның 30-ы – жекелеген санаттағылар, олар бюджет қаржысы есебінен қамтылған. Ал қалған балалар елу пайыз бюджет, елу пайыз ата-аналардың қолдауымен қаржыландырылды. Олар бір мезгіл тамақтанады, таңғы 8.30-дан түскі 13.30-ға дейін лагерьде ойнап, демалып, қосымша білім алады, түрлі үйірмелерге қатысады. Жалпы биыл үш ауысымда 300 баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 30 бала қала сыртындағы лагерьге жіберіледі, – дейді №50 орта мектеп директоры Мөлдір Жұмағазиева.
Білім ұясы бірнеше жылдан бері қала аумағында мектеп оқушыларын жайлы лагерьмен қамтуда бірінші орында тұр. Қазір лагерьде мектептің жас мамандары тәрбиеші болып қызмет етіп жүр.
– Алғашқы маусымның ашылу салтанатында балаларға балмұздақ таратылды, әртүрлі аниматорлар қонаққа келіп, оқушыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Лагерь кезінде түрлі сауықтыру бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылып, балаларға естен кетпестей көңіл күй сыйлауға тәрбиешілер шынайы ықыласын салуда. Лагерьге мектеп оқушылары ерекше құлшыныспен келіп, өздерінің жазғы демалысын осылайша көңілді бастады. Қазіргі таңда алғашқы ауысымда алты топта 160 оқушы демалып, уақыттарын тиімді, көңілді өткізіп жатыр. Бұған ата-аналар да, мектеп ұжымы да ерекше қуанып жатыр. Біз үшін балалардың қуанышынан артық ештеңе жоқ, – дейді мектеп басшысы.
Айта кету керек, білім беру ұйымдарында өткен жиналыстарда балалардың қауіпсіздігі, ата-аналардың жауапкершілігі туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Балалардың өзен-суларға ересектердің қарауынсыз бармауы, сондай-ақ қоғамдық орындардағы өзін-өзі ұстау ережелері түсіндірілді. Балаларды сауықтыру, бос уақыттарын ұйымдастыру орындарында өртке қарсы қауіпсіздік шаралары, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қатаң қадағаланатын болады.