"Ең төменгі айлық - 262 мың". Өңірлердегі жалақы мөлшері белгілі болды

1453
Adyrna.kz Telegram
Қазақстанда қай өңірдің қызметкерлері ең көп жалақы алатыны анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
ҚР Ұлттық статистика бюросында 2024 жылдың 3 маусымында 2023 жылғы еліміздегі еңбек бойынша негізгі көрсеткіштер туралы ақпарат жарияланды.

Бюро мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда орташа жалақы көлемі 364 295 теңгені құраған. 2023 жылғы көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,6%-ға артық екені анықталып отыр.

Айта кетейік, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 000 теңге мөлшерінде белгіленген болатын.

Ал 2023 жылы өңірлік бөліністе ең жоғарғы орташа айлық жалақы - Атырау облысында. Бұл аймақта азаматтардың ең жоғарғы жалақысы - 607 635 теңге. Жалақысы жоғары өңірлер қатарында екінші орынға Маңғыстау облысы жайғасқан. Мұнда айлық мөлшері – 535 156 теңге. Ал Ұлытау облысында жоғарғы жалақы 483 812 теңгені құрап, Қазақстан бойынша үштікке енген.

Ең төменгі жалақы алатын өңірлер қатарында 4 облыс бар. Бюро дерегінде, Солтүстік Қазақстан облысында халықтың ең төменгі жалақысы - 262 248 теңге деп көрсетілген.  Жамбыл облысында – 269 125 теңге, Жетісу облысында – 269 378 теңге, Түркістан облысында – 270 660 теңге құрап тұр.

"Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда –орташа республикалық деңгейден 2,1 есе жоғары, қаржы және сақтандыру қызметінде – 1,9 есе, ақпарат және байланыс саласында – тиісінше 1,6 есе", делінген Ұлттық бюро есебінде.

Пікірлер