Біз балаларға қаншалықты қорған болып жүрміз?

4245
Adyrna.kz Telegram

1 - маусым – Дүниежүзілік балаларды қорғау күні. Атаулы дата 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Дәл осы күні балалардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлер айтылып, қоғамдағы балалардың рөлі мен маңызы ұлықталады. Ал Қазақстанда балалардың өмірі қаншалықты қорғалған және елімізде балалар қаншалықты қауіпсіз ғұмыр кешеді? Материалда толығырақ тарқатамыз.

ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ

Балаларды қорғау күнінің күнтізбеде ерекшелену тарихы 1949 жылы Парижде өткен әйелдер конгресінде екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан жетім қалған балалардың мәселесі көтерілген күннен бастау алды. Содан кейін 1950 жылы 1 маусымда балаларды қорғау күні ретінде алғаш рет мереке ұйымдастырылды. Жаңа бастаманы басқа елдер қолдап, бұл күн балалардың мерекесіне айналды.

Қазіргі таңда балаларға қатысты қысым көрсету мен зорлық-зомбылықты тоқтатуға, бүкіл әлем балаларының өмірін жақсартуға бағытталған ауқымды істер жалғасын тауып келеді. nationaltoday.com сайтында жарияланған "History of International Children's Day" жазбасынан балаларды қорғау күнінің тарихы әріректе екенін білуге болады.

1925 жылы Женевада өткен балалар мәселесіне арналған Дүниежүзілік конференцияда балалар күнін атап өту туралы шешім қабылданған. Кейбір елдер бұл мерекені маусымда, ал кей мемлекеттер қарашада тойлайды. Дегенмен, балаларға арналған мейрамның мақсаты бірдей. Өнеркәсіптік революция мен әлемді дүр сілкіндірген дүниежүзілік соғыстардан соң балалардың зорлық-зомбылық, қысым көрсету және адам құқығынан айырылуы сынды мәселелер белең ала бастады.

Балалардың әлжуаздығын әділетсіздік пен әдепсіз әрекеттерге итермелегендер де жоқ емес. Миллиондаған бала жарытып тамақтана алмады. Осы келеңсіздіктің барлығы Женева конференциясында арнайы қозғалды. Сондықтан да әлем көшбасшылары бүкіл әлемдегі балаларды қорғау керек деген шешімге келген болатын. Сол кездегі дамыған елдерде балалардың жағдайын жақсарту бойынша шұғыл шаралар басталып кетті. Ал дамушы елдер үшін агенттіктер тарапынан қаражат бөлініп, қайырымдылық жасалды. Әр түрлі науқандар ұйымдастырылып, еріктілердің жұмысы қыза түсті. Осылайша балаларды оқыту, тамақтандыру, адам саудасына қарсы іс-шаралар қарқынды түрде ұйымдастырылды. Сонымен қатар бала еңбегін пайдалануды тоқтатуға айрықша басымдық берілді.

«1 МИЛЛИАРДҚА ЖУЫҚ БАЛА ҚЫСЫМҒА ҰШЫРАЙДЫ»

Ғаламтордағы ресми деректерге сүйенсек жыл сайын әлемде 2 жастан 17 жасқа дейінгі 1 миллиардқа жуық бала зорлық-зомбылықтың әртүрлі нысандарына, соның ішінде физикалық, жыныстық және эмоционалдық зорлық-зомбылыққа, сондай-ақ қараусыз қалған жайттарғаұшырайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша, балалар тарапына жасалатын зорлық-зомбылық түрлері әртүрлі жерлерде және әртүрлі адамдардан, соның ішінде ата-аналардан, мұғалімдерден, құрдастарынан және бейтаныс адамдар тарапынан болады.

Аталмыш зорлық-зомбылық фактілері балалардыңденсаулығы мен әл-ауқатына ұзақ мерзімді ауыр зардаптар, соның ішінде дене жарақаты, психикалық денсаулық проблемаларын, ауру қаупінің жоғарылауын және олардың білімі мен болашақ өміріне теріс әсерін қалдырады. Зорлық-зомбылық нәтижесінде балалар көбіне қажетті көмек пен қолдау ала алмайды және аталмыш жайттар баланың кейінгі өміріне айтарлықтай әсер етеді.

ЕЛІМІЗДЕ ОРЫН АЛҒАН ОҚИҒАЛАР

Қорғансыз қалған балалардың қаза тауып, зорлық-зомбылықтан зардап шегіп, қараусыз қалғаны жарақат алатын жайт Қазақстанда да жиі орын алады. Мәселен, 2019 жылғы бір үйдің бес баласы бірдей өрттен қаза табуы барша қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Естеріңізде болса, өрт шыққан уақытта ата-анасы жұмыста болған болатын.

Сонымен қатар, былтыр Ақтауда үш жасар бала терезеден құлап, алған жарақаттары салдарынан комада көз жұмған болатын. Куәгерлердің айтуынша, бесінші қабаттағы пәтерде үш бала ата-анасыз қалған. Зардап шеккен бала ашық терезеден құлап кеткен. Ал полицейлер қалған балаларды өздерімен бірге алып кеткен.

Тағы бір жантүршігерлік бала өлімі 2023 жылы Ақтөбе облысында болды. Екі жасар бала даладағы әжетханалардың біріне құлап, қаза тапқан болатын. Баланы туысы сыртқа шығарғаны айтылады. Зардап шегуші санитарлық авиациямен Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасына жеткізілгенімен, бірнеше күннен кейін бала қайтыс болды. Белгілі болғандай, кішкентай баланы өзінен бірнеше жас үлкен балалардың бірі әжетханаға апарған. Қатты жел соғып, есік жабылып, бала шұңқырға құлап кеткен.

Ал биыл жыл басынан бері қараусыз қалдырылған балалардың зардап шегуімен бірнеше факт тіркелді. Сәуір айында Маңғыстауда екі жасар бала көше әжетханасына құлап кетіп, құтқарушылар көмегімен аман-сау құтқарылған еді.

Осыған ұқсас жайттар терсең жетіп артылады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бағалауы бойынша 2021 жылы балалардың терезеден құлауының 260 оқиғасы тіркеліп, оның 28-і өліммен аяқталды.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Жоғарыда аталған қауіпті жайттарға тап болған балалардың қатерден сақтануы жайлы практик-психолог, гештальт-терапевт Ұлмекен Сәндібекқызынан сұрап білдік.

«Иә, өкінішке қарай жазатайым жағдайлар орын алуда. Баланың өзін сақтау түйсігін (инстинкт) дамыту керек. Сондай-ақ, балаға түсіндіру жұмысын жасау барысында бала шын ынтасымен назар аударып отырғандығына көз жеткізу керек. Көп жағдайда ата-ана бірнеше рет айтқанымен, бала балалығын жасайды. Ойы басқа жақта немесе ұмытып кетуі мүмкін. Сол себепті баланың мұқият назар аударып, тыңдауы маңызды. Кері байланыс жасауды ұмытпаған жөн. Кішкентай бала тұрмақ, ересек адамдар да күндізгі уақытта жазатайым жайттарға тап болып жатады. Бұл адамның өз денесінде болмауында, яғни егер әрбір адам денесін сезініп, жермен байланыс орнатса (приземлённость) “қазір және осында” сәтінде болады. Ал, көптеген адамдар көбінде ой шырмауында жүргендіктен сондай жағдайлар орын алып жатады. Балалар мәселен үйінде орын алған кикілжің, оқу барысындағы төмен көрсеткішін ойлап жүруі ықтимал. Балаға көшеде жүрген кезде “үйге қайту сәтін” ғана ойлауды ескерту керек. Адам үшін миына көп мәселелілік беру (многозадачность) кері әсерін тигізеді» деп талдап берді ол.

Сондай-ақ, ол аталмыш жайттардың баланың кейінгі өміріне тигізетін әсері жайлы айтып берді:

«Жазатайым жағдайға тап болған балаларда, күрделілігіне байланысты бастапқы сәтте өзгерістер байқалмағанымен уақыт өте ұйқысының бұзылуы, сөйлеу барысында кідіріп сөйлеу, үрей-қорқыныш, фобия, орын алады. Агрессияға бейімділік, күйгелектік, паникалық шабуыл жағдайына алып келуі мүмкін. Себебі, баланың денесі бейсаналы түрде дереу “қорғану керек” режимін қосады. Біздің денемізде барлық бастан өткізген жарақаттар мен соққылар сақталады. Әрбір жарақат барысында дене жиырылады. Сондықтан аса сақ болған жөн. Әрбір адам қанша жасқа келсе де, іштей өзгенің көңіл бөлуі мен мойындауын қажетсінеді. Ата-анадан ала алмаған сезімдердің орнын ересек өмірде өзіне-өзі көңіл бөлу, қамқорлық жасау, өзін мойындау арқылы орнын толтырып, өзгелерге тәуелді болмай өз қажеттілігін өзі қанағаттандыра алады. Сондай-ақ, өзіне қажет мейірім, көңіл бөлуді жақын адамдарынан сөзбе-сөз сұрауына болады. Мен- “Ок” қағидасын ұстану көп септігін тигізеді» деді ол.

Қараусыз қалған балалардың зардап шегуінде ата-ананың да алатын рөлі де жоқ емес. Бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлінің маңыздылығын әлеуметтанушы Айдар Хамит былай атап көрсетті:

«Көп ата-ана жұмыспен айналысқан уақыттарда балалаларын қараусыз қалдырады. Әсіресе қалалық аймақтарда ата-аналар күйбең тіршіліктің қамы деп балаларын үйде қалдыруға мәжбүр. Қараусыз қалған балалар әрине түрлі жайттарға тап болады. Оның бірнеше факттерін көзбен көріп, естіп, біліп жатырмыз. Бұл жерде әлеуметтік мәселе де айқын көрініс табады. Яғни, жоқшылық, қаржының жетіспеушілігі, жалақының аздығы, несие мәселесі де бар. Бұл тұрғыда ата-аналарға балалар үшін берілетін төлемақы мейлінше көбірек болса, ата-аналардың бірі үйде қалып, бала тәрбиесімен айналысушы еді. Ал бізде кедейшілік мәселесі де белең алып тұр. Қаржы жетіспеушілігінен анасы да, әкесі де жұмыс істеуге мәжбүр болады» дейді ол.

Сондай-ақ, Айдар Хамит жастардың ата-ана статусына дайын болуы қажеттігін де баса айтты:

«Қазір көп ата-ана тәрбие басымдығын балабақша мен мектеп қызметкерлеріне итеріп қойған. Баласы қалай өсіп жатыр, қалай, қайда оқып жатыр, хабар-ошарсыз. Сол себепті жастар ата-ана болуға бей-жай қарамай, арнайы алдын-ала дайындықпен келгені дұрыс. Баланы тәрбиелеу, өсіру, бағу, қағу оңай шаруа емес. Оған әрине білгірлік, жауапкершілік қажет. Жас ата-ана өздері бала болып жүріп аталмыш жауапкершілікке қалай дайын болады. Сол себепті бұл дайындық инстиутын жүзеге асыратын арнайы жобалар жиілеп, ЖОО қабырғасында да тәрбие беру дағдысын қалыптастыратын сабақтар, курстар, тәрбие сағаттары болуы тиіс деп білемін» дейді ол.

Дина Литпин

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер