Сұлтан Раевтың «Көкжал» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

1655
Adyrna.kz Telegram

30 мамырда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қырғыздың халық жазушысы, Тоқтоғұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың «Көкжал» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Шараның модераторы – ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақ радиосы» Алматы филиалының бас редакторы Бақыт Жағыпарұлы.

Шарада Түркі халықтары Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет; ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Нұржан Қуантайұлы; Алматы қаласы Мәдениет басқармасы төрағасының орынбасары Халбеков Арман Бейсенбайұлы; Қазақстанның Еңбек Ері, драматург, жазушы Дулат Исабеков; Қазақстанның Халық жазушысы Елубай Смағұл Абатұлы; М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы; жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуандық Түменбай; Қазақстанның Халық жазушысы Ахметжан Ашири; “Атамұра” баспасының вице-президенті Құл-Мұхаммед Рахима Абрарқызы; ақын, аудармашы Дәулетбек Байтұрсынұлы; «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Саят Қамшыгер және т.б. зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, бауырлас ел қырғыз бен қазақ әдебиетінің тығыз қарым-қатынасы туралы жылы пікірлерін білдірді.

«Көкжал» кітабындағы шығармалар автордың қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы, терең дүниетанымы, айқын көзқарасы арқылы біздің дәуіріміздің тұтас панорамасын бейнелейді. Сондай-ақ, автор өз замандастарының сан алуан мінез-құлқы мен жан дүниесін ашып, психологиялық, рухани қырларын шебер суреттеген. Кітап нәзік лиризм, ішкі драматизм философиялық мәнерімен, оқуға жеңіл тілмен, ұнамды әзілімен ерекшеленеді.

Кітап мұқабасы саяқ жортқан көкжал қасқыр мен бүгінгі қоғамымыздағы адамдар тіршілігі салыстыра баяндалған «Көкжал» хикаятының философиясына негізделіп, көркем безендірілген.

Бұған дейін де «Атамұра» баспасынан қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл алма», «Жәмилә», «Жанпида», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Ғасыр айрығындағы сырласу (Құз басындағы аңшының зары)» және т.б. шығармалар жинағы бірнеше тілде жарық көрген болатын.

Шара аясында «Көкжал» кітабының таныстырылымы жасалып, аталмыш кітаптың 5 данасы Ұлттық кітапхана қорына сыйға тартты.

Шара соңында Қырғыздың халық жазушысы Сұлтан Раев аталмыш еңбегін қазақ тіліне аударған қазақ аудармашыларға, «Атамұра» баспасының ұжымына және іс-шараны ұйымдастырған Ұлттық кітапхана ұжымына алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Ұлттық кітапхана қорынан Сұлтан Раевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, «Атамұра» баспасы түркітілдес халықтардың көркем шығармаларын басып шығарумен біраз жылдан бері айналысып келеді. Атап айтар болсақ, түріктің белгілі жазушысы, әзіл-сықақтың әйгілі шебері Әзиз Несиннің «Әңгіме оқи отырыңыз», әзербайжанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Анар Рзаевтың «Бес қабатты үйдің алтыншы қабаты» және т.б. түркі әдебиетіндегі танымал жазушылардың шығармаларын аударып, жалпы оқырманға ұсынған болатын.

Осыған орай «Көкжал» кітабының авторы Сұлтан Раев та өзі Бас хатшылық қызметін атқарып отырған түркі әлеміне ортақ ТҮРКСОЙ, яғни Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы атынан «Атамұра» корпорациясының Президенті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммедті түркі дүниесінің рухани әлеміне қосып отырған үлесі үшін «Түрксой» медалімен марапаттап, алғысын білдірді.

«Көкжал» кітабындағы шығармаларды аударуға атсалысқан белгілі ақын Саят Қамшыгер де сөз алып, аударма барысында алған әсерін жұртшылықпен бөлісіп, Уфа қаласындағы «Китап-Байрам» Халықаралық кітап жәрмеңкесі аясында өткен «Жыл кітабы» конкурсының «Білім беру саласына қосқан үлесі үшін» номинациясының жүлдегері атанған «Атамұра» баспасына берілген Арнайы дипломды табыстады.

Пікірлер