Ақындардың мәңгілік музалары!

3423
Adyrna.kz Telegram

Мәдина

Əулиеата жерінен келіп едің, Мəдина,
Екі өзенді тел емген елік едің, Мəдина.
Көлде жүзген мамырлап, ақ қаз едің, Мəдина,
Жамалың да, жаның да тап-таза едің, Мəдина.

Саусағыңды саусағың сипап еді, Мəдина,
Саусақтарың не деген шипалы еді, Мəдина!
Күлімдеген көзіңнен күн көрінген, Мəдина,
Көре алмайды ол күнді кім көрінген, Мəдина.

Ақ тамақтың астында мең бар еді, Мəдина,
Сол бір меңге қадалып нем бар еді, Мəдина!
Қайда жүрсең мен көрген қалпыңдасың, Мəдина,
Аман болсын аяулы алтын басың, Мəдина!

Əбен ДƏУРЕНБЕК

 

 

ГҮЛМИРА

Көктем көздің жасындай боп сырғи ма?
Сырғи-сырғи бет түзедік ылдиға.
Сарыбелден сағым ұшып жатқанда,
Жаныма ерген жаным едің, Гүлмира.

Күндей күлген көгімдегі Гүлмира,
Ұсынды екен өмір нені, Гүлмира?
Он бесінде толған айдай толысқан,
Отыз үш жыл көрінбеді Гүлмира.

Жақұттайсың, лағылдайсың, Гүлмира,
Түнгі ұйқымды тағы ұрлайсың, Гүлмира.
Сағынасың...
Сағынбайсың, Гүлмира.
Жаңаарқаның жазығынан жоғалған –
Ақбөкеннің лағындайсың, Гүлмира.

Ісім өнбей,
Ішім өлген, Гүлмира,
Түсінбесті түсінер ме ең, Гүлмира?
Дертің меңдеп...
Ішіп өлгем, Гүлмира.
Отыз үш жыр арнасам да ұмытылмай,
Отыз үш жыл түсіме енген Гүлмира.

Көктем көздің жасындай боп сырғи ма?
Сырғи-сырғи бет түзедік ылдиға.
Өткен өтті...
Құрсын бәрі, Гүлмира,
Есіңе алып жүрсің бе әлі, Гүлмира,
Ай алқалы, күн сырғалы Гүлмира.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

 

Ләйләң қайда?
«Ләйләң қайда?» – деді маған күліп күн,
«Ләйләң қайда?» – деді маған күліп түн.Дүниенің көріп жүрген күллі елін,
Көрдім маған күннің қатты күлгенін.

Қатты күлді, әйелдерше күлді кеп:
«Сені тосып жүре ме ол, – деп, – үлбіреп?!»

Құшағы бар аялайтын аялы,
Түн мүсіркеп, түн кеп мені аяды.

Аяды кеп, аялады күлмеді,
Қоңыр үнмен жұбатты кеп түн мені:

«Мәңгі түнге жеткеніңше уақыт көп,
Күлкілі боп жүрісің де бақыт», – деп

Аямайтын күн болып кел – бәрібір,
Аялайтын түн болып кел – бәрібір.

Сені, Ләйлә, қара көзді киелім,
Қайыспайтын қара жерше сүйемін.

Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ

***

Таласио,
Таласио,
Тараз қыз!

- Сәлеметсіз бе?!

бір таныс дауыс – жүрекке,
ойға,
құлаққа,
бір таныс дауыс – қап кеткен, бірақ, жырақта,

жалт қарап едім – жанары оттай басылды,
жадымда бұрын жабылған кітап ашылды:

о, құдай, сол қыз!

Талдырмаш қана талшыбық құрбы,
малшынып тұрды –

сәулеге,
сап қойды мені,
сап қойды мені әуреге,

бозбала күнде, бұлқынған жүрек,
ұмтылған жүрек
бақтарға,

армандар асқақ, адамдар ізгі шақтарда,

жыр оқып талай, кешкенбіз бірге ұлы аңыз:
сол қыз ғой,
сол қыз,
сол қыз ғой,
сол қыз – бұла қыз!

Талдырмаш қана талшыбық құрбы,
аршылып тұрды
аңыздан,

сонау бақтарда біздерден қалған сан із бар!

Жылдар өткенде,
жылдам өткенде зуылдап,
Адам мен Хауа секілді бақтан қуылған,

біздер де бөлек кеткенбіз – өткен көктем, күз...

жанында енді – жары бар екен,
таныған екен,
сонда да...

Талдырмаш қана талшыбық құрбы,
қомсынып тұрды
күйеуін,

күйеуі оны,
күйеуі оны,
көрініп тұрды – сүйеді,

момақан жігіт қоңырқай жүзді,
таңырқай бізге қарайды,

көзқарасы оның – маған да жылы,
жарына бірақ – арайлы,

- Сәлеметсің бе?! – дедім де, жылдам сырт беріп, кеттім бұрылып...

...Қыздарды кейде танымай қалу да – ұлылық!

Таласио,
Таласио,
Тараз қыз!

Ерлан ЖҮНІС

Шағанайым!
Шағанайым,
Қуалай жүріп қызылтүлен-ермекті,
Жолымда шағыла шашылып қалды талай шөлмек-күн...
Сонда,
Жұпарға көмілуге ынтық құшағыңды бір рет
Гүлге де көміп көрмеппін.Ардақтым,
Жел-сөздерімнен ұшып талай қаңбақ-күн,
Қатер оқтарына қарсы жүгіргенімде,
Қабағыңа да қарап алмаппын.
Салмақтым,
Зыр-зыр домалап тұрмыс саусағындағы оймақ-күн...
Қызыр да жете алмас қиялдарды қуып үнемі,
Қияңқылануды да қоймаппын.

Құрметтім,
Өтті ғой сан мың дүрмек-күн.
Қасымда Өзің менен Өлең ғана қаларын...
Білмеппін...

Қазір үн-түнсіз сөйлеймін,
Қаламымның қаперіне қаракөз мұң қамалып...
Ал, сен... сен тәп-тәтті жымиясың,
Мендей ақымағыңды
Айдай жарқыраған маңдайыңмен тыңдап алып.

13 қазан 2016 ж.

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер