Құлсарыда 23 жастағы құтқарушы көз жұмды

2404
Adyrna.kz Telegram

Атырау облысы Құлсары қаласында суды техникамен сору арқылы авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 2001 жылғы құтқарушы көз жұмды. Бұл туралы төтенше  жағдай минисрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылы 29 мамырда Атырау қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау сержанты Рақым Бейбарыс Жалғасбайұлы Құлсарыда су сору бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында қайтыс болған. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Айта кетсек, Рақым Бейбарыс 2001 жылы Атырау қаласында туған. Азаматтық қорғау органдарында 2021 жылдан бастап қызмет еткен. Осы қысқа уақыт ішінде бірнеше ірі, күрделі өрттерге қатысып, адам өмірін, мүлкін құтқаруда, қорғауда бар күш-жігерін салып, халық алғысына да бөленгені хабарланады.

«Бейбарыстың артында ата-анасы, бауырлары мен жары қалды. Отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.Ол өз ісінің кәсіби маманы ретінде жүрегімізде мәңгі қалады. Әріптесіміздің иманы саламат болып, пейіште нұры шалқығай», – деп көңіл айтады департамент.

Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

 

Пікірлер