Туған жер алдындағы азаматтық парызды ұмытпаған жөн

5058
Adyrna.kz Telegram

Ағадыр кентінен жүйіткіген көлігіміз шұңқыры көп сүрлеу жолға түсті. Маң жазық даланың сонау көз ұшындай жерінде қарауытқан шоқы төбелер көлбеңдейді. Қазағымның кешегі сұрапыл тарихтарының таңбалары осы даланы әбден айғыздағаны көрініп тұрғандай. Менің қалың ойға шомып кеткенімді байқаса керек, жанымда отырған әкем иығыма қол салып: «Бұл – біздің туған жеріміз. Ата-бабаларымыздың кіндік тамған топырағы. Бұл жер менің, сенің, сенің балаларыңның мақтан тұтарлық мекені болуға тиіс. Өйткені азаматтың мақтанарлық туған жері болмаса, онда оның өшкені», деп күрсінді. Менің де кіндік қаным осы жерге тамған. Алайда әке-шешем жұмыс бабымен Алматыға көшіп, бұл аймаққа жылына бір рет қана табан тірейтінбіз. Онда да, бала күнімізде көп уақыт жүретінбіз. Кейін уақыт өте келе бұл қыстаққа ат басын бұруды азайттық. Еміс-еміс есімде қалғаны кең жайлау мен қоралы қой, жайылған жылқы...Күн ұзақ асық ойнап, доп тебетінбіз. Күн тас төбеге көтерілген шақта жайлаудағы балалар өзенге шомылуға баратынбыз. Көз алдымнан көлбеңдеген осы көріністерден бойымды сағыныш билегенін байқамай да қалдым.
Бізді құшақ жая қарсы алған кісіні дөп басып тани алмадым. Әкеммен арқа-жарқа амандасқан ол маған бұрылып: «Азамат болды деген осы! Туған жердің топырағы тартар деп едім. Келгеніңе өте қуаныштымын», деп мені бауырына қысты. Менің тосырқап тұрғанымды байқаса керек, әкем: «Бұл – атақты Сәкен Сейфуллиннің ұрпағы, жалғасы, түтінін сөндірмей отырған үлкен азамат», деп таныстырды. «Ағадырға келсең, мұндағы барлық қазақ Сәкеннің ұрпағымыз деп мақтана, марқая айтады» деп күлді Азамат аға. Алдағы екі апта уақытым осы Азамат ағаның жанында өтті. Азаматтың азаматтығына тәнті болдым. Талай кітап оқыдым, талайды білемін дегенім Азамат ағаның қасында түк болмай қалды. Біздің ата-бабаларымыз бен оларға қатысты тарихи мәліметтерді айтқанда, Азамат аға аузына қаратады екен. Солардың ең қызықтысы – Сәкен Сейфуллинге қатыстысы болды. Сәкен Сейфуллиннің қазақ тарихындағы аты мен өмір жолы бәріне белгілі ғой. Алайда Сәкеннің туған жеріне деген ерекше сезімі туралы деректер сирек. Азамат ағаның айтуынша, Сәкен Сейфуллин осы қыстақта, қазіргі Қарашілік қыстағында көп шығарманы дүниеге әкеліпті. Сонау жерлерде әлдекім әдейі шашып кеткендей қойтастар жатыр. Міне, осы қойтастар Сәкеннің сүйікті мекенінің бірі болыпты. Сәкен қуғында жүргенде жасырынып жатқан үңгірді де көрдік. Елінің ертеңі үшін басын өлімге тіккен арда азаматымыз осы үңгірде жатып не ойлады екен? Ел аузында Сәкен қыстағы аталған бұл жер мені өзіне бірден баурап алды. Бәлкім, кіндік қаным тамған киелі мекен болғандықтан да, осы мекенге жіпсіз байланған болармын. Десек те, ендігі өмірімді туған жерімнің төрінде, тарихи сырға қойны толған Қарашілікте жалғастыруды жөн санадым. Өйткені, мен Алаштың ардақты азаматы Сәкеннің қазіргі ұрпағының бірімін. Менің ендігі азаматтық борышым – осы туған жерімді гүлдендіруге, осы мекенді жердің жәннатына айналдыруға күш салу болмақ. Сәкендей алып тұлғаны танытқан жер – менің де мақтанышыма айналары сөзсіз. Осындай оймен маң далаға жайғасқан Қарашілікке туымды тіктім. Өйткені бұл – туған жер алдындағы менің азаматтық борышым.

Олжас Смағұлов 
Бұл мақала Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының

«Туған жер» гранттық жобасы аясында жазылды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер