Туған жерге қызмет ету – әрбір адамның азаматтық борышы!

9344
Adyrna.kz Telegram

Менің туып өскен жерім –байлығы өте көп және қазынаға бай ел Қазақстан. Қазақстанның табиғаты өте сұлу. Биік-биік асқар тау, мөп-мөлдір көлдер, неше түрлі өсімдіктер мен дәрілік қасиеті бар шөптер өседі. Қазақстан жерінде аңдар мен құстар, түрлі жануарлар мекендейді. Осы топырақта біздің ата-бабаларымыз, батырларымыз, ақындарымыз, ғалымдарымыз туып өсті, Қазақ даласы үшін ерен еңбек етті.
Жері шұрайлы, шөбі шүйгін осынау сұлу өлкені мен әрқашанда мақтан тұтамын. Елімнің даласындай байтақ дала еш жерде жоқ шығар.
Халқымызда атамекенді ардақтаудың тамыры сонау тереңнен басталады. Жаугершілік замандарда халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өткені тарихтан мәлім. Батыр ата-бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғап қана қоймай, ертеңгі ұрпағы үшін асты мен үсті байлыққа толы Қазақ даласын мирас етті. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған бабаларымыз біз үшін осынау шексіз байлықты қалдырды. Туған жерін сүю қасиеті жанымызға анамыздың сүтімен дарып, атамыздың қанымен бойымызға сіңді. Отан біз үшін оттан да ыстық.
Туған жеріміздің әрбір тасын көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлеу қазіргі ұрпақ біз үшін үлкен парыз саналады. Кешегі бабаларымыз бізге мирасқа қалдырған бұл байтақ даланы біз енді келер ұрпаққа аманаттауға тиіспіз. Міне, сол үшін де туған жерге деген асқақ махаббатымыздың дәлелі ретінде өміріміздің әрбір күнін Қазақ елінің көркеюі үшін арнауымыз керек. Отан отбасыдан басталады дегендей, туған жерге деген махаббаттың дәне ең алдымен өз үйімізден басталады. Мәселен, таяуда біздің ауылымыз Ақшоқыда еліміз үшін деген мақсатпен көптеген жұмыс, іс-шараны жүзеге асыру қолға алынды. Аптаның әр дүйсенбі және бейсенбі күндерін тазалық деп жариялап, ауылымызды тұтас қоқыстан тазартамыз. Ал әр айдың екі күнін қоршаған табиғатқа арнаймыз. Ол күндері ауылдағы ағаштарға күтім жасап, жол жиегіндегі гүл-желектерінің жайқалуына бар күшімізді саламыз. Осы күндері ауыл сыртындағы шөпті шауып, арықтарды да тазалаймыз. Бұл жұмыстардың белгілі бір тәртіппен жүйеленгені сондай, қазіргі кезде мектеп жасындағы кішкентай балалар да үлкендермен ілесіп, ауыл үшін акциясына араласуда.
Ауыл сыртына көгалдандыру мақсатында өзіміз қадаған әрбір шыбық бүгінде жайқалған мәуелі ағаш болып, жапырағын жайған. Осындай тәртіп қалыптасқан ауылымызда соңғы он жылдың көлемінде «Туған жерге қызмет» деген тақырыппын де үлкен жұмыс атқарылады. Осы ауылда туып, осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтар мектептегі он, жиырма жылдық сияқты кездесулерде бас қосқанда туған жері үшін маңызды шаруаны атқаруды қолға алады. Биылғы жиырма жылдық кездесуге жиналған ауылымыздың қыз-жігіттері көшенің түнгі шамдарын түгел жаңартып, ауылдағы көшелердің барлығын жарықпен жабдықтады. Ал былтыр ауылымыздан білім алуға, жұмыс істеуге сыртқа кеткен аға-әпкелеріміз ауылымызды кесіп ағатын бірнеше арыққа көпір салып берді. «Туған жеріме қызмет етуге әрдайым дайынмын. Бұл қызмет менің адамдық парызым!» деп жазылған тақтайшаларды біздің ауылдан көптеп кездестіруге болады. Әрбір тақтайшадағы таңба осы топырақтан шыққан азаматтың қолтаңбасы. Алдыңғы буын аға-әпкелеріміз бізге осылай үлгі болуда. Ал олардың ісін жалғастыру қазіргі буын бізге де парыз саналмақ. Өз туған жерімізге деген шынайы, терең сүйіспеншілігімізді біз осылай дәлелдегіміз келеді.

Гүлдана Шымырбайқызы.
Бұл мақала Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының

«Туған жер» гранттық жобасы аясында жазылды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер