Тікұшақ апатынан қаза тапқан Иран президенті Ибрахим Раисидің жерлеу рәсіміне Қазақстан атынан мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың қатысатыны белгілі болды. Ол президенттің тапсырмасына орай бүгін жолға шықты. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Айта кетейік, Ибрахим Раиси бейсенбіде, яғни 23 мамырда елдің солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласында жер қойнына тапсырылады.
Естеріңізге салсақ, Иран президенті мінген тікұшақ Шығыс Әзірбайжан провинциясының тауларында (әкімшілік орталығы – Табриз), Әзірбайжанның Нахичеван Автономиялық Республикасымен шекарада орналасқан Джульфа қаласының маңында Тегераннан солтүстік-батысқа қарай 600 шақырым жерде апатқа ұшырады.