Иран президенті АҚШ-ты делегация жұмысына кедергі келтірді деп айыптады

212
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vPjpH6pQmUX67LOwF95Y8QvWqNczDmyzfC6u1mk3.webp

Иран президенті Масуд Пезешкиан БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке аттанар алдында АҚШ пен Батыс елдерінің Иранға қатысты саясатын сынға алды, деп хабарлайды "Адырна".

Иран президенті әкімшілігінің мәліметінше, Пезешкиан әуежайда сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның биылғы «Сенімді қалпына келтіру» ұранына тоқталды. Оның пікірінше, халықаралық деңгейде сенім мәселесі күрделі күйінде қалып отыр.

«Сенім – жоқ нәрсе. Олар айтып жүрген адам құқықтары да, көптеген халықаралық нормалар да ескерілмей отыр», – деді Иран президенті.

Пезешкиан БҰҰ мінберінде Иранға жасалған шабуылдар туралы сөз қозғап, Тегеранның ұстанымын халықаралық қауымдастыққа жеткізетінін айтты. Оның сөзінше, Иран халқы өз әрекеттерінің дұрыстығын халықаралық деңгейде түсіндіруге ниетті.

Иран президенті сондай-ақ аймақтағы жағдайға тоқталып, «жаудың» Палестина мен Сирияға қарсы шабуылдарын жалғастырып отырғанын мәлімдеді.

Пезешкиан АҚШ билігінің Ирандық журналистер тобына виза бермегенін де сынға алды. Оның айтуынша, Вашингтон мұндай шешім арқылы Иран делегациясының ұстанымын толық жеткізуіне кедергі келтіріп отыр.

Президенттің мәлімдеуінше, Иран өз көзқарасын Нью-Йоркте жұмыс істейтін халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізбек.

Пезешкиан АҚШ пен Израильдің Иранға қатысты әскери саясатына да баға берді. Оның айтуынша, екі ел соғыс арқылы Иранды капитуляцияға мәжбүрлей алған жоқ.

Иран президенті енді қысымның басқа құралдары қолданылып жатқанын айтты. Оның пікірінше, АҚШ пен Израиль құрлық және теңіз блокадасы, ақпараттық құралдар және Иранның ішкі әлсіз тұстарын пайдалану арқылы Тегеранға ықпал етуге тырысып отыр.

Пезешкианның Нью-Йорк сапары БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясы аясында өтеді. Иран тарапы бұл алаңды елдің ұстанымын халықаралық қауымдастыққа жеткізу үшін пайдалануды көздеп отыр.

Пікірлер