Бүгін - Қазақстанда мәдениет және өнер қызметкерлері күні, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл күн туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктірген, шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі, әрбір мәдениет қызметкерлерінің төл мерекесі болып саналады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдениет және өнер қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
" Сіздерді мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – адамзатты ізгілікке баулып, мейірімге үндейтін, сұлулыққа құштар, жарастыққа толы әлемге сенетін, болашақ үшін жасампаздыққа бастайтын ардақты кәсіп иелерінің мерекесі.
Бүгінде біздің елімізде 8 мыңға жуық мәдениет ошағы бар, онда 64 000-нан астам қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде театр, музей, кітапхана, концерттік ұйымдар, өнер галереялары мен басқа да көптеген мекемелерді ерекше атап өтуге болады. Сіздердің қажырлы қызметтеріңіз арқылы Қазақстанның бай мәдени мұрасы сақталып, өркендеп-дамып келеді.
Сіздердің еңбектеріңіз мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланды: 2023 жылы мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 2021 жылмен салыстырғанда 45% өсті. 30 жылда алғаш рет «Халық әртісі» құрметті атағы тағайындалып, атақ сегіз көрнекті мәдениет қайраткеріне берілді. Сонымен қатар «Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бағытында мәдениет пен өнер саласындағы үздік жұмыстар мен туындылар үшін» сыйлығы тағайындалды.
2023 жылы мемлекеттік қолдаумен түсірілген 18 фильмнің өндірісі аяқталып, 19 жаңа киножоба жасалды", - делінген министр құттықтауында.
Одан бөлек, Аида Балаева құттықтау хабарламасында еліміздің мәдени мұрасын насихаттауға үлес қосып жүргендерге алғысын білдірді.
«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі аясында 12 қазақстандық студент пен маман Анкара, Ыстанбұл және Краковтағы анимация студияларында оқыды.
Өткен жылы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық-драма театрына және «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық» мәртебесі берілді.
Еліміздің мәдени мұрасын шетелде насихаттауға қосқан баға жетпес үлесіңіз үшін ерекше алғысымды білдіремін.
Сіздердің еңбегіңіз бен шығармашылықтарыңыз біздің мәдениетімізді байытып қана қоймай, әлемге қазақстандық дәстүрлердің, өнер мен тарихтың байлығын паш етеді
Сіздер арқылы Қазақстанды шет елдер бірегей мәдени мұрасы бар мемлекет ретінде таниды. Мәдениет қызметкерлері көрме, концерт, театр қойылымдарын өткізіп, халықаралық фестивальдар мен байқауларға қатысады, осылайша әлемдік аренада біздің мәдениетімізді таныстырады. Өздеріңізді өнер мен шығармашылық арқылы елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты жалғап отырған алтын көпір әрі нағыз мәдениет елшілері деп білеміз.
Сіздерге жанкешті жұмыстарыңыз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін және халықаралық аренада Қазақстанның имиджін нығайтуға қосқан зор үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздер арқалаған міндет – асқар таудай биік, сіздер аңсаған мұрат – мәңгілік. Сіздер атқарған қызмет – еліміз үшін аса маңызды.
Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс, күш-қуат және жарқын жетістіктер тілеймін!" - деп қорытындылады Мәдениет және ақпарат министрі.