Көлік қызметі жанданды

3146
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі таңда облыста төрт  халықаралық  (Самара,  Орынбор, Тольятти, Саратов), біроблысаралық маршрут жұмыс істейді (Атырау). 24 ауданаралық маршрутқа 18 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Барлық 12 аудан орталығы автобус маршруттарымен қамтылған. Бұл туралы БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов айтып берді.

Бауыржан Есқайырұлының айтуынша, 2023 жылы өткен конкурстар қорытындысы бойынша Оралдан үш ауданаралық автобус маршруты қайта ашылды. Қазталов, Жымпиты және биыл Сарыөмір, Қамысты, Сайқын маршруттары жаңадан ойналып, қызмет көрсете бастаған. Былтыр әлеуметтік маңызы бар бағыттарда 233 743 жолаушы тасымалданған.

– Соңғы жылдары облыстық бюджеттен бөлінетін субсидия көлемі артып келеді, сонымен қатар субсидияланатын маршруттар саны да өсуде. Биылғы жылға 382,8 млн теңге субсидия бөлінді. Бүгінгі күнге 13 тасымалдаушы 16 маршрут бойынша субсидия алып отыр. Жалпы аудан орталықтарына қатынайтын әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялау тұрғындардың аз қамтылған бөлігі үшін қолжетімділікті қамтамасыз етіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етті, – дейді басқарма басшысы.

Субсидия және облыс әкімдігінің қолдауы арқасында ауданаралық маршруттарда қызмет көрсететін тасымалдаушылардың автопарктері жаңартылып келеді. 2020-2023 жылдар кезеңінде 15 жаңа автобус сатып алынды. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға өз әсерін тигізді. Біздің облыс арқылы «Алматы-Саратов» халықаралық пойызы, «Орал-Астана», «Орал-Алматы», «Орал-Маңғышлақ» облысаралық пойыздары, «Орал-Семиглавый Мар» және  «Орал-Шыңғырлау» ауданаралық пойыздары өтеді. «Орал-Семиглавый Мар» және «Орал-Шыңғырлау» әлеуметтік маңызы бар маршруттарын субсидиялау бағдарламасы іске асырылуда. Үстіміздегі жылға 209,0 млн теңге субсидия бөлінген. Қазіргі уақытта Орал қаласының халықаралық әуежайы арқылы 7 бағыт бойынша жолаушылар рейстері жүзеге асырылады, оның ішінде 5 ішкі республикалық (Астана, Алматы, Түркістан, Ақтау, Атырау) және 2 халықаралық (Франкфурт, Анталья). Маусым айында Шымкент және Шарм-эль-Шейхке ұшулар жандандырылады. Жобаның жалпы құны 6,6 млрд теңге болатын әуежай терминалының ғимаратын реконструкциялаудан кейін әуежайдың жаңа терминалының өткізу қабілеті 400 жолаушы/сағ. құрайды.

Бүгінгі таңда «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС мамандандырылған жобалау ұйымын тарта отырып, «А» рульдік жолы мен перронның жасанды жабындарын реконструкциялауға жобалау-сметалық құжаттама әзірледі. Әзірлеудің жалпы құны 71 млн теңге. ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтуде, оны аяқтау 2024 жылдың 2 тоқсанында жоспарланып отыр. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған жағдайда мердігер ұйымды айқындау бойынша конкурс өткізілетін болады.

 

Пікірлер