Биыл 107,6 шақырым жол жөнделеді

2907
Adyrna.kz Telegram

Орал қаласы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 690,3 шақырым болса, оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың ұзындығы 439,6, топырақ жабынды жолдардың ұзындығы 250,7 шақырымды құрайды. Автомобиль жолдарының сапасын жақсарту мақсатында ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 107,6 шақырым болатын жол жөндеу жоспарланған. Бұл туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары  Жандос Дүйсенғалиев мәлімдеді.  

            Жандос Асхатұлының айтуынша, күрделі жөндеу – 9,05, қайта қалпына келтіру  – 4,3, орташа жөндеу – 66,4, ANT әдісімен ағымдағы жөндеу – 27,8 шақырымды құрайды. Аталған барлық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті қаражат – 8,6 млрд теңге. Бұдан бөлек 2023 жылы басталып,өтпелі кезеңмен жоспарланған 8 жоба бойынша жол жөндеу жұмысы биыл аяқталады деп күтілуде.

 Сәуір айының соңынан бастап көше жолдарын ағымдағы және орташа жөндеу басталды. Қызылжар және Некрасов, Лермонтов көшелерін орташа жөндеу толық аяқталды, қазір тиісті жұмыстар Назарбаев даңғылында және Алаш көшесінде жүргізілуде. Орташа жөндеумен негізгі әрі көлік қозғалысы қарқынды көшелер қамтылады. Ағымдағы жөндеу бойынша 50-ден астам көше жоспарланса, қазіргі уақытта 20 көше жөндеуден өтті. Биыл көпірлердегі деформациялық тігістерді қалыпқа келтіру, темір жол өткелдерін жөндеу жүргізілуде, дейді Жандос Асхатұлы.

Биыл қаланың жол қозғалысын реттейтін техникалық құрылғыларды орнату және жөндеу бойынша бірқатар жұмыс жоспарланған. Атап айтсақ, 10 орынға «жаяу жүргіншілер өткелі» компо-белгісі, 20 жасанды жол, 7 жаяу жүргіншілерге арналған шақыру түймесі бар бағдаршам, 4 көше қиылысына бағдаршам, 5 орынға проекциялық жаяу жүргіншілер өткелінорнату көзделген.  Қала бойынша биыл 132 көшегежол таңбалау жоспарланған.

Қаламызда су тасқынына орай төтенше жағдай жарияланды. Қазір су тасқынының салдарын жою жұмысы жүргізілуде. Сондықтан жол жөндеуге қатысты кейбір жобалар жүзеге аспауы мүмкін. Алайда біз мүмкіндігінше жол жөндеуді жоспарға сай атқаруға тырысамыз, деді қала басшысының орынбасары.

Айта кету керек, биыл қала аумағында көше жолдарын орташа жөндеуге қатысты 21 жобаны жүзеге асыру көзделген. Қазір мердігер «Адал арна» ЖШС Назарбаев даңғылын Абай даңғылынан Ескі шіркеуге дейін орташа жөндеуге кіріскен. Жоспарға сәйкес, аталған даңғылдың 4,5 шақырымы жөнделмек. Бұдан бөлек, «ДСК Приоритет» ЖШС Алаш көшесі мен Абдолов көшесінде де тиісті жұмыс жүргізуде.

Пікірлер