10 жылдық Түркі жазуы күні

1033
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – Түркі жазуы күні. Бұл атаулы дата Парламент шешімімен және Үкімет қаулысымен 2014 жылы бекітілді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

2001 жылы 18 мамырда ежелгі түркі сөздері жазылған Күлтегін көк тасының көшірмесі Моңғолия даласынан Астанаға әкелінген болатын.

Төрткүл дүниеге өздерін танытып, «Мәңгілік ел» болуды көксеген бабалардың терең де тағылымды тарихын тасқа қашап жазуы - түркі халықтарының өлмес өркениет қалыптастырғанының көрінісі.  Көне түрік жазуының ескерткіштері Орталық Азия аумағында көп табылған. Олардың ішіндегі ең белгілісі — Солтүстік Моңғолия жеріндегі Орхон, Селенга, Толы өзендерінің бойынан табылған тастағы жазулар. Руна жазулары түріктердің атақты билеушілері Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөктің құрметіне арналған.

Ертедегі түрік жазуын тұңғыш рет ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарында І Петрге қызмет еткен неміс ғалымы Д.Мессершмидт пен оған еріп жүрген шведтің тұтқын офицері И.Страленберг Енисей аңғарында ашты. Олар Скандинвияның руналық жазуымен ұқсастығына қарап, оны «руналық» жазу деп атады. Атау онша дәл болмағанымен, қолайлы болып шықты және ғылымда осы атау орнығып қалды.

1889 жылы Н.М.Ядринцев Солтүстік Моңғолияда, Орхон өзенінің аңғарынан руна жазулары бар орасан зор құлыптастарды тапты. Ал мәтінді оқудың кілтін алғаш тапқан дат ғалымы В.Томсен, ал жазбаларды алғаш рет оқыған орыс түркологы В.Радлов болды.

Пікірлер