"Намаз оқитын жігіт". Байжановтың қорғаушысы сот үкімімен келіспейтінін айтты

926
Adyrna.kz Telegram
Фото: Жоғарғы сот
Фото: Жоғарғы сот

"Аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу" бабы бойынша 4 жылға сотталған Байжановтың қорғаушысы үкіммен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Nege.kz-ке сілтеп.

13 мамыр күні Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бишімбаев пен Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Бұл істе күдікті деп танылған Бақытжан Байжановқа ҚК-нің 432-бабы – аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу бабы бойынша 4 жыл жаза тағайындалды. Үкім оқылған соң сотталушы Байжанов бұл шешіммен келіспейтінін айтты.

Адвокат Ғазиз Ынтықбаев өзінің қорғауындағы Байжановтың бұл үкіммен келіспейтінін растады.

Қорғаушының айтуынша, Байжановтың әрекетінде ешқандай да қылмыстың құрамы жоқ. Бұл туралы дәлелді егжей-тегжейлі сотқа да ұсынғанын атап өтті.

"Қазір ғана изоляторға барып, Бақытжан Байжановпен кездесіп келе жатырмын. Бізде апелляциялық шағым түсіруге 15 тәулік уақыт бар. Келесі аптаның аяғына дейін міндетті түрде шағым береміз. Одан кейін Астана қалалық соты қарайды. Содан кейін ғана үкім күшіне енеді", - дейді ол.

Ғазиз Ынтықбаев бұл үкімді Байжановтың ауыр қабылдағанын айтады.

"Өзіңіз ойлаңызшы, жазықсыз, ештеңені білмеген адамды 4 жылға соттап жіберді. Бұл оқиға болып жатқан 8 қарашадан 9-ына қараған күні Байжанов бала-шағасымен үйінде жатқан адам. Өзі ішпейді, намаз оқитын жігіт. Ол сол кезде «Таңертең жұмысқа барамын, кешке қарай қолыма кісен салып, 4 жылға соттап жібереді» деген ой басына кіріп те шыққан жоқ. Сот процесі басталмай тұрып-ақ бәрін Бақытжаннан бүге-шігесіне дейін сұрадым. «Таңертеңнен кешке дейін хронологиясын жазып шық» дедім. Өз басым Байжановқа 100 пайыз сенемін",  - деді адвокат.

Айта кетейік, әйелін өлтірген Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталса, қылмыс туралы дер кезінде хабарламаған деген айыппен Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Үйлестіруші-судья Алма Есімова Бишімбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті тек 2040 жылы бере алатынын айтты.

Пікірлер