Ақтөбеде жүзден астам адам екі жылдан бері пәтер кілтін ала алмай жүр

706
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Ақтөбедегі тұрғын үй кешені мен құрылыс компаниясының атына шағым түсті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ақтөбеде "Қазына Премиум" тұрғын үй кешенінің тұрғындары пәтер кілтін ала алмай жүр.  Себебі 2022 жылы құрылысы аяқталу керек болған пәтердің қабырғасы қаланып, жұмыс тоқтаған.

Аөтөбе қаласы Батыс 2 шағын ауданында басталған құрылысқа жауапты мекеме - "Жастар Құрылыс" ЖШС. Нысан төлқұжатында үйдің құрылысы 2021 жылдың сәуір айында басталғаны жазылған. Жоспар бойынша ғимарат 2022 жылдың желтоқсан айында бітуі керек еді. Алайда баспаналы болуға үмітті азаматтар дайын пәтерден емес, тек төрт қабырғасы қаланып, құрылысы бітпеген алаңннан сөйлеп тұр. Ашынған халық Президент, Премьер-министр, Мәжіліс төрағасынан көмек сұрап, бейне үндеу жазды.

"Менің үндеуімнің себебі "Қазына Премиум" тұрғын үй кешені, "Жастар Құрылыс" ЖШС басшысы Төреханова Сәуле Жарылқағанқызы 2021 жылы бізден қаражатымызды жинап алып, "үй салып береміз" деген. Үйдің біту мерзімі 2022 жылдың соңғы тоқсаны деген болатын. Содан бері осы 105 пәтерлі тұрғын үй кешенінде халықтан жиналған қаражаттың көлемі 1,5 млрд теңге. Қазір 2024 жыл болды. Дегенмен үйдің бітетін түрі жоқ. Біз облыс әкімдігіне, қала әкімдігіне, облыстың құрылыс басқармасына, жергілікті құзырлы органдарға арыз-шағым түсірдік. Біздің арыз-шағым аяқ-асты негізсіз, еш қараусыз қалып кетуде. Оған жауап та берілмейді. Бұған не себеп екенін білмейміз!" - дейді ақтөбелік Марат Ахметов.

Азаматтардың сөзінше, құрылысты аяқтап, "пәтер беремін" деген азаматшаның қалада бірнеше бизнесі бар. Баспаналы боламыз деген жұрттың басты арманы - ғимараттың құрылысы жылдам жалғасып, дайын пәтерге тезірек кіру.

"Мен секілді соңғы қаражатын салып, бала-шағасымен пәтер жағалап, айлығын пәтерге беріп, тұрмыс кешіп отырғандар жетерлік. Сәуле ханым үйді бітіріп беремін десе оның толық мүмкіндігі бар. Ол 1,5 млрд қаражатқа қаланың орталығынан дәл осындай тұрғын үй кешенін салып беремін деп 300 млн теңгеге жер сатып алғаны белгілі. Оның атында "Алмас" сауда үйі бар. Одан бөлек, қаладағы 12 мөлтек ауданында халыққа қызмет көрсетіп отырған мейрамханасы бар. Осыларды сатса да халықтың жан-айқайын тыңдап, үйді бітіріп берер мүмкіндігі бар. Оны істемей отыр", - дейді үндеу жасаған азамат.

Ақтөбеліктер "пәтер беремін" деп сан соқтыратын алаяқтарға қарсы құрылыс саласына қатысты заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізуді сұрайды. Олардың сөзінше аталған тұрғын үй кешінің басшысына 105 адам ақша беріп, баспанаға қол жеткізе алмай жүр.

Пікірлер