Республикалық поэзия фестивалі өтеді

716
Adyrna.kz Telegram

«Қарағанды көктемі» атты бұл әдеби-рухани шара Қарағанды қалалық және облыс әкімдігінің қолдауымен 2 жыл қатарынан ұйымдастырылып өткізіліп отыр. Былтыр Қарағанды қаласында алғаш рет өткізілген шара халықаралық деңгейде өтті.  

Негізгі мақсат – Арқа төрінде талантты жастардың басын құрап, бүгінгі әдебиеттің бағытын талқылау. Сонымен қатар, қарағандылық жас ақын-жазушылардың әлеуметтік мәселелерін көтеру. Жастардың шығармашылығын қолдау және жаңа серпін беру. Былтыр фестивальға келесідей ақындар арнайы шақырылды: Ekber Qoşalı (Әзірбайжан), Yılmaz Okuklu (Түркия), Selim Yuhay (Түркия), Хосият Рустамова (Өзбекстан), Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржан, Шаһизада Әбдікәрімов, Сұраған Рахметұлы, Ғазиз Ештанаев, Серік Елікбай, Бауыржан Бабажанұлы, Маралтай Райымбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Бағдат Мүбәрак, Танакөз Толқынқызы, Қалқаман Сарин, Сағыныш Намазшамова, Ербол Алшынбай, Айжан Тәбәрік, Мирас Асан т.б.

Ал, биыл «Қарағанды көктемі» фестивалі 15-16 мамыр аралығында  2 күн бойы кешенді негізде  өткізілмек.  Фестиваль бағдарламасы шеңберінде   салтанатты ашылу рәсімі, «Креативті индустриядағы қаламгердің рөлі, интеллектуалдық меншікті тиімді сату жолдары» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырылмақ.  Мұнымен бірге, ақындар кенді өлкенің тыныс-тіршілігімен етене танысу үшін Қарағанды тау-кен индустриалдық колледжінің шахта мұражайына саяхаттайды.  С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында «Қарағанды көктемі» атты жыр кеші өтеді.

«Қарағанды көктемі» фестивалінің мақсат-мұраты – аға буын мен жас буын арасында рухани байланыс орнату. Аймақтың әдеби әлеуетін арттыру. Тоқсан жылдық тарихы бар Қарағанды қаласының имиджіне оң ықпал ету, руханияттың ақзер әлеміне соны серпін беру. Бұл шара аясында әдебиеттің бүгіні мен ертеңі, креативті экономикадағы ел қазынасының  мүмкіндігі жан-жақты сарапқа салынбақ.

Поэзия фестивалінің осы жолғы қонақтары ретінде Маралтай Райымбекұлы, Ұларбек Нұрғалымұлы, Толқын Қабылша,  Мерей Қарт, Олжас Қасым,  Нұрдос Кәрім, Арайлым Мұратәлиева,  Мерген Тоқсанбай,  Роза Аспан секілді халыққа кеңінен белгілі,  талант иелері шақырту алды.

Пікірлер