Қарағанды облысында STEM-оқыту енгізіліп, қосымша білім беру ұйымдары жаңғыртылуда

1968
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XueOst6VLIfVlOjsyH7NUgDhbp37OGZIGrjL6ME6.jpg
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Қарағанды облысындағы қосымша білім беру ұйымдарында STEM-оқытуды енгізу» жобасы аймақтың білім беру жүйесіне жаңа серпін берді.
Аталған жоба аясында Қарағанды облысының 7 қосымша білім беру ұйымы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, балаларға ғылым мен технологияның тың бағыттары қолжетімді болды.
Жобаның нәтижесінде:
35 үйірме жаңғыртылып, материалдық-техникалық базасы жаңартылды;
21 жаңа үйірме ашылып, оқушыларға тың бағыттар ұсынылды;
1000-нан астам бала заманауи білім беру форматымен қамтылды;
 Робототехника, 3D модельдеу, жасанды интеллект, виртуалды шындық (VR), телестудия сияқты бағыттар енгізілді;
Педагогтер арнайы қайта даярлау курстарынан өтіп, әдістемелік қолдауға ие болуда.
Жоба Теміртау, Шахтинск, Саран қалаларын, сондай-ақ Абай және Қарқаралы аудандарын қамтыды.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы, білім саласының ардагері Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова арнайы жұмыс сапарымен Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларында болып, STEM жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Сапар барысында ол жаңғыртылған зертханалар мен шеберханаларды аралап, оқушылардың ғылыми-техникалық жобаларын тамашалады. Сонымен қатар, педагогикалық ұжыммен кездесіп, олардың пікірлерін тыңдап, алдағы жоспарларымен танысты.
Бұл бастама ауылдық және қалалық оқушыларға сапалы білімге тең қолжетімділік беріп, шығармашылық әлеуетін арттыруға жол ашты. Жобаның басты мақсаты – балалардың болашаққа деген сенімін нығайтып, оларды ғылым мен технологияға баулу арқылы бәсекеге қабілетті тұлға ретінде тәрбиелеу.
Пікірлер