Ақмолалықтар «Мөлдір бұлақ» апталығына белсенді қатысуда

1030
Adyrna.kz Telegram

Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Мөлдір бұлақ» онкүндігі аясында облыс тұрғындары ұзақ қыстан кейін өзендердің, көлдердің жағалауларын және бұлақ көздерін тазартуға шықты.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының мәліметінше, акция табиғи су айдындары көп Бурабай, Атбасар, Аршалы, Ерейментау, Қорғалжын, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласының аумағында қарқынды жүргізілуде.

Мәселен, Атбасар ауданындағы Новосельское ауылында Жыланды өзенінің су қоймасында сенбілік өтті. Сергеев ауылдық округінің тұрғындары мен белсенді жастары Есіл өзенінің жағасын қоқыстан тазартты. Бұдан әрі экологиялық акция Бастау ауылында жалғасты.

Ерейментау ауданының Новомарковка, Қойтас, Бестоғай, Олжабай батыр, Ақмырза ауылдарында Өлеңті және Кәрібай өзендерінің жағалау тазарту бойынша акциялар өтті.

Аршалы ауданында Есіл өзенінің, кіші және үлкен Сараба көлдерінің жағалаулары, Анаркөл көлінің маңы жаппай жиналды. Экологиялық акцияға қатысуға Аршалы ауданынан 1500-ден астам адам қатысты. Тұрғындардың бірлескен күш-жігерімен 22,5 км жағалау тазартылып, 63 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

«Мөлдір бұлақ» апталығы аясындағы ең ауқымды экологиялық акция «Қазақстанның інжу – маржаны – Бурабайда» курортында өтті.

Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов атап өткендей, акция аясында Бурабай кентінің тұрғындары, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері, медициналық және білім беру мекемелерінің қызметкерлері,  мемлекеттік қызметшілер және ардагерлерден құралған барлығы 3 мыңға жуық адам қатысты.

«Жылына 1 миллионнан астам туристі қабылдайтын аймақ ретінде біз әрқашан тазалық мәселесіне ерекше назар аударамыз. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері 12 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. Бүгін біз Бурабай кенті мен Щучинск қаласында орналасқан көлдердің аумағын тазалаймыз», - деді Арай Садықов.

Айта кетейік, Ақмола облысы бойынша бұл күндері 250 мыңға жуық адамның қатысуымен 300-ге жуық экологиялық іс-шара өткізу жоспарланған.

Пікірлер