Минадан тазарту. Украина Әзербайжаннан көмек сұрады

1414
Adyrna.kz Telegram

Оккупациядан босатылған территорияларды минадан тазарту үшін Украина Әзербайжаннан көмек сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы inbusiness.kz сайтына сілтеп. 

Соғыс салдарынан бүгінде Украина территориясының төрттен бірі – 25%-ынан астамы миналармен, снарядтармен және басқа да қауіпті, жарылғыш заттармен ластанған.

Осы орайда дамыған елдер мен өзге серіктестері Киевке минадан тазарту шаралары үшін мол қаржы бөлуде. Бірақ сол қаражатты игеріп, аумақтарды минадан арылтумен айналысатын компаниялар, сондай-ақ жұмыс күші тапшы.

Сондықтан территорияларды жарылғыш заттардан адалау мәселесінде Украина Әзербайжанмен ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті. Өйткені Баку 2023 жылғы бір күндік соғыс ішінде азат еткен Таулы Қарабақ аумағын минадан арылтуда зор әрі әлемде теңдесі аз тәжірибе жинады. Оның үстіне осы салада мамандары да жетерлік.

Бұл мәселені Жоғарғы Рада төрағасының орынбасары Елена Кондратюк қозғады. Ол осы мақсатта Бакуге сапарлап қайтқанын әңгімеледі.

Іссапар басырында Әзербайжан республикасының минадан тазарту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Бахруз Маммадовпен кездесті. Жүздесу жабық өтті және екі ел қандай уағдаластыққа келгені әзірге жария етілмеді.

"Әзербайжан аталған салада білікті кадрларын даярлап, минадан тазарту бойынша үнемі тренингтер жүргізеді. Бұл процеске әйелдерді тарту тәжірибесі де Украина үшін маңызды. Бұған қоса, осы елде минадан тазартуға арналған заманауи машиналардың отандық өндірісі жолға қойылған. Яғни, бұл істе Әзербайжан өзгелерге көп тәуелді емес. Таяуда жаяу әскерге арналған миналардан арылтатын төл машиналарының бірін Әзербайжан Украинаға табыс етті. Бүгінде бұл техника Харьков өңірінде жұмыс істеп жатыр", – деді Елена Кондратюк.

Украиналық саясаткер өз елінің Әзербайжанға сүйсіне қарайтынын жасырмады.

"2022 жылдан 2024 жыл аралығында Әзербайжанда 134 мың гектар жер минадан толық тазартылған. 67 мыңнан астам мина мен жарылғыш заттар залалсыздандырылған. Әсіресе, бұл жұмыс Қарабақ өңірі толығымен деоккупацияланғаннан кейін күшейтілді. Мен Әзербайжан тарапына өтінішпен жүгініп, бізге танкке қарсы миналарды залалсыздандыратын машинаны да беруді өтіндім. Әзербайжанмен минадан тазарту бойынша ынтымақтастықты тереңдетуден өте үміттіміз!", – деді Елена Кондратюк.

Халықаралық сарапшылардың байламынша, бүгінде Украина – әлемдегі ең көп миналанған мемлекет. Украина территориясының 174 мың шаршы шақырымы қауіпті саналады. Бұл – 225 Сингапур сыйып кететін ұланғайыр жер. Бұл – Еуропаның кез келген елінің аумағынан көп территория.

Жалпы ауқымы 5,6 миллион гектар жер жау тарапынан миналанған. Яғни, арылтуды қажет етеді.

Өз кезегінде Әзербайжан өлім сепкен жау миналарынан украиналық жерді тазалау бағытындағы көмегін кеңейтуге даярлығын білдірген. Киев оның өндірген минасыздандыру көліктерін сатып ала алады.

Бұл тұрғыда Әзербайжан бір жағынан ізгілік іс жасай алса, екінші жағынан, минасыздандыру техникасын экспорттауға мүмкіндігі туады.

Пікірлер