Путин Қазақстанды қосып алмақшы ма?

8993
Adyrna.kz Telegram

ПУТИННІҢ «ҚАЗАҚСТАНМЕН КҮШ БІРІКТІРУІНІҢ» АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?
Қазақстанның талантты азаматтарын Ресейге тартудың қажеттігі жоқ. Бұл туралы Ресей президенті Орал федералды университетінің студенттерімен кездесуінде мәлімдеді. Путиннің «Қазақстанмен күшті біріктіру керек» деген сөзінің астарында не жатыр? Кеңес үкіметінің құлауын гео-саяси апат деп сипаттаған саясаткер КСРО-ны қайта тірілткісі келе ме?
Владимир Путиннің Кеңес үкіметін қалпына келтіріп, тарихта жақсы атпен қалғысы келетіні әу бастан белгілі. Сондықтан да ол бес мемлекеттің (Ресей, Қазақстан, Белоруссия, Қырғызстан, Армения) басын біріктіретін Еуразиялық экономикалық одағын құрды. Алайда Путин 30 жылға жуық Тәуелсіз болған мемлекеттер қайта бодан болғысы келмейтінін түсінбейтін тәрізді. Түсінсе студенттермен кездесуінде «Екі елдің қарым-қатынастары аясында күшті біріктіру маңызды» демес еді.

– Мен таланттыларды Ресейге шақыру қажет деп жүрмін, расында, солай жасаған жөн, алайда Қазақстаннан емес. Не үшін? Өйткені, бізде Қазақстан сияқты мемлекеттерге байланысты басқа міндет болуы тиіс: күшті біріктіруіміз керек. Ресейде тиімді дамып жатса – Ресейде дамыту керек, Қазақстанда тиімді жұмыс жасап жатса – Қазақстанда жасалуы қажет. Екі елдің қарым-қатынастары аясында күшті біріктіру маңызды, – дейді Путин.
Путиннің айтуынша, Ресейде 70 мыңға жуық қазақстандық студент оқып жатыр. Өткен жылы 150 адам ресейлік бюджет қаражаты есебінен оқыған көрінеді.
Белгілі журналист Марат Тоқашбаевтың айтуынша, Путиннің «Қазақстанмен күш біріктіру керек» деген сөзінің астарында үлкен қауіп бар. Нақтырақ айтсақ, ол Ресей президенті келмеске кеткен Кеңес үкіметін тірілтіп, Қазақстанды бодан еткісі келетінін жеткізді.

журналист Марат Тоқашбаев

– Путиннің «Қазақстанмен күш біріктірейік» деген сөзінің астарында Ресейдің империялық астамшылдығы жатыр. Яғни, Совет үкіметін құрып, Қазақстан қайтадан қол астымызда болсын деген әңгіме. Бұған дейін Ресей Белоруссияны өз қол астына тартып еді, оған олар көнбей, екі елдің арасында келіспеушіліктер болды. Белоруссияны бағындыра алмағаннан кейін енді Қазақстанға ауыз салып отыр. Негізі, өз басым Қазақстан жастарының Ресейде оқығанына қарсымын. Біріншіден, Ресейдің білім деңгейі әлемдегі мықты университеттерден әлдеқайда төмендеп кетті. Бұрын Совет үкіметі кезінде Ресейдің білім деңгейі әлем бойынша үшінші орында болса, қазір 50 орынға дейін құлдырап кетті. Ресейден қарағанда Қазақ елінің білім деңгейі әлдеқайда жоғары болып тұр. Сондықтан жастардың Ресейде білім алуға ұмтылуының түкке де керегі жоқ. Ресей техника мен технология саласында артта қалып қойғандықтан өзге елдің азаматтарын шақырып жатыр. Олардың күш біріктірудегі мақсаты – біздің интеллектуалдық қуатымызды өзінің экономикасы мен қорғанысына жұмсау.

Екіншіден, Кремль Қазақстанды «Орыс әлеміне» кіргізгісі келеді. Бұл жолдан Қазақстан үзілді-кесілді бас тартуы керек. Біз неғұрлым, орыс әлемінен қашық болсақ, соғұрлым бақытты боламыз ,– дейді журналист.

Марат Байділдәұлының айтуынша, еліміздің жаңа билігі Ресейдің бастамасымен құрылған Еуразия экономикалық одағының келісім-шарттарын қайта қарауы керек. Өйткені аталған келісім-шартта еліміздің мүддесі дұрыс қорғалмаған.
Шыны керек, жыл сайын Ресейге еліміздегі орыстар жаппй көшіп жатыр. Мысалы 2017 жылы елімізден 37 725, ал өткен жылы 39 357 азамат көшіп кеткен. Қоныс аударғандардың басым бөлігі ТМД елдері яғни Ресейді таңдаған. Әрине өз болашағын елімізбен байланыстыратын диаспоралар қазақ тілін меңгеріп, елде қалуға ниетті. Ал мемлекеттік тілді үйреніп, қазақ қоғамына сіңісіп кеткісі келмейтін азаматтар әрекет етіп жатыр. Егер осы үрдіс жалғаса беретін болса, алдағы 5 жылда еліміздегі орыстардың үлесі 10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде Ресейдің Қазақстандағы ықпалын азайта түсетіні анық. Сол себепті Путин «Ресейде тиімді дамып жатса – Ресейде дамыту керек, Қазақстанда тиімді жұмыс жасап жатса – Қазақстанда жасалуы қажет» деп отыр.
Жалпы Путиннің жатса, тұрса ойлайтыны – Кеңес үкіметін қайта құрып, гео-саяси апаттың алдын алу. Себебі бұған дейін ресейлік шенеуніктер ортақ Парламент пен ортақ валюта құру туралы бірнеше рет мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда Whatsapp әлеуметтік желісінде «Теңге ауысып, жаңа ақшаның аты алтын болады екен. Сондықтан да қазір несие алып алыңдар. Кейін төлеген кезде өте жеңіл болады» деген ақпарат тарап жатыр. Марат Байділдәұлы бұл ақпараттың артында Кремль тұруы мүмкін екенін айтады.
– Бұл жалған ақпарат. Өткенде Үкімет басшысының орынбасары әрі Қаржы министрі Әлихан Смайылов «Ресеймен бірге алтын валютасына көшу Қазақстанның Тәуелсіздігін жою болып саналады. Сондықтан біз ешқашан мұндай қадамға бармауымыз керек» деп мәлімдеді. Менің ойымша, Ресей тарапынан немесе елдегі шовинистік көзқарастағы азаматтар жалған ақпарат таратып, халықтың бойын үйретіп жатқан тәрізді. Негізі еліміздің азаматтары мұндай жалған ақпараттарға сенбей, ресми органдардың сөзіне мән беруі керек, – дейді Марат Байділдәұлы.
Әрине, Кремльдің бұл саясатына Қазақ үкіметі жол бермейтіні анық. Ал алда жалда қандайда бір қауіп төнетін болса, халық пен билік бірігіп, қарсылық көрсету керек.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер