Ақмола облысының шаруалары көктемгі егіске әзірленуде

1121
Adyrna.kz Telegram
Фото: pokayadoma.ru
Фото: pokayadoma.ru

Егіс алқаптарының алдын ала құрылымына сәйкес облыс бойынша жалпы жаздық егіс 5,3 млн га құрайды, оның 4,8 млн га дәнді және дәнді — бұршақ дақылдары. Бұл ретте майлы дақылдар егісін 400 мың га дейін, ал жемшөп дақылдарын 368,5 мың га дейін ұлғайту жоспарда бар. Қазіргі кезде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқымдық материалмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«2024 жылғы көктемгі егіске тұқым қажеттілігі 536,8 мың тоннаны құрайды. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылғы күздегі жауын-шашын астықтың сапасына айтарлықтай әсер етті. Осыған байланысты облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер биылғы егіске қажетті тұқымдық материалмен қамтамасыз ету мәселесін ерте бастан шешуге кірісті. Жыл басынан бері Ақмола облысында өңірдің және Қазақстанның басқа да өңірлерінің аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектілерінен, сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Еуропа елдерінен 30 мың тоннаға жуық және будандастырылған 10 мың тоннаға жуық тұқымы сатып алынды», - деді Кенеш Әлімжанов.

Басқарма басшысы атап өткендей, қаржыландыруды күтіп отырған, уағдаластықтары бар немесе көктемгі егіс жұмыстарына тұқыммен толық қамтамасыз ету үшін төлеуге тиісті келісімшарттар жасалған шаруашылықтар бар.

Облыстың ірі және орта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің негізгі бөлігі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, аттестатталған шаруашылықтарда сатуға 5 мың тоннаға жуық тұқым бар. Өңірде «азық-түлік корпорациясы» арқылы тауарлық кредит беру арқылы азық-түлік астығын тұқым ретінде сатудың 2024 жылға арналған бағдарламасы жұмыс істейді.

«Агротехникалық шаралар мен озық технологияны қолдану арқылы мол өнім алуға болады.  Сонымен бірге, топырақтың құнарлылығы да үлкен маңызға ие.  Өткен жылдан бастап көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер минералды тыңайтқыштар сатып алды. Биыл тыңайтқыштарды енгізу көлемін 258,5 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Мемлекет тарапынан бұл бағыт бойынша қолдау көрсетілуде. Яғни, 13 наурыздан бастап отандық тыңайтқыштарды сатып алуға аванстық субсидиялаудың мүлдем жаңа тетігі енгізілді. Механизм отандық тыңайтқыштар үшін субсидиялар нормасын 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтуды көздейді, ал шетелдік тыңайтқыштар үшін ол тыңайтқыштардың ең төменгі құнының 50 пайыз деңгейінде қалады», - деді басқарма басшысы.

Арзандатылған дизель отынының кепілдік берілген көлеміне келетін болсақ, биылғы егіс науқанына қажетті дизель отынының көлемін қалыптастыру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің электрондық өтінімдері негізінде gosagro.kz мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылды. Павлодар мұнай-химия зауытының 82,5 мың тонна дизель отынына 2163 өтінім қалыптастырылды. Шарттар жасасу, дизель отынын төлеу және жеткізу үшін дербес 15 оператор және екі ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары анықталды.

Басқарма басшысы атап өткендей, қазір алаңдауға еш негіз жоқ. 22 сәуірге 59,2 мың тоннаға шарттар жасалды, 37,3 мың тонна төленді және 33,3 мың тонна немесе қажетті көлемнің 40,4 пайызы жөнелтілді.

Жұмыс кестесіне сәйкес облыста 20 жұмыс күні ішінде дәнді дақылдарды егу жоспарланған. Биыл тұқым себу науқанына 15,1 мың трактор, 16,6 мың сепкіш және 1,5 өнімділігі жоғары егіс кешені жұмылдырылады. Қазіргі кезде өңірде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін қажетті ауыл шаруашылығы техникалары дайын. Шаруашылықтар жаңа ауыл шаруашылығы техникалар сатып алып, машина-трактор паркін жаңартып жатыр. Заманауи техниканы қолдану егіс сапасын қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы өндірісіне нақтылы егіншілік элементтерін енгізуге және жаңғырту үшін негіз жасауға мүмкіндік береді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 70,2 млрд.теңгеден астам сомаға 2195 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, жаңарту 5,5% - ға жетті. Ағымдағы жылдың үш айында 248 ауыл шаруашылығы машинасы сатып алынды.

Қаржыландыруға келетін болсақ. Қазірдің өзінде фермерлер Азық-түлік корпорациясы арқылы астықты форвардтық сатып алу тетігі бойынша қаражат ала алады. Сәуір айының ортасында 11,7 млрд теңгеге 81 өтінім қабылданды. «Кең дала» бағдарламасы аясында 34,9 млрд теңгеге 363 өтінім берілді, 28 млрд теңгеден астам өтінім берілді.

Пікірлер