Төтенше жағдайлар министрлігі Жайық өзенінен (Орал) су тасып жатқанын хабарлады. Орал маңындағы саяжайлардың бір бөлігін су басты, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты жер білігі арқылы су тасып ағып жатыр. Орал іргесіндегі саяжайлардың аумақтарын су басуда.
“БҚО, Қызылорда облысы, Астана қаласы ТЖД құтқарушылары және ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері оқиға орнына келді. Адамдар алдын ала эвакуацияланған болатын. Алайда, жергілікті тұрғындар арасында үйлерінен өз еркімен кетуден бас тартқандар да бар. Жергілікті полиция қызметкерлері оқиға орнында жұмыс атқаруда” делінген ТЖМ хабарламасында.
Орал қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Амангелді Ешмұхановтың айтуынша, қыста су басу қаупі бар 820 саяжайда 190 отбасы тұрады.
«Барлығы бір апта бұрын эвакуацияланды. Қазіргі уақытта көшіруден бас тартқандарды полиция бөлімі амалсыз күштеп көшіруде», - деді Амангелді Ешмұханов.