Қонаев тұрған үйден шыққан дау. Нақты не болған?

2386
Adyrna.kz Telegram

Алматыда Төлебаев көшесіндегі cоветтік Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаев тұрған үй сатылуда деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? “Адырна” ұлттық порталы анық-қанығын білді.

krisha.kz порталында Төлебаев көшесі 119 үйдегі пәтерді сату туралы хабарландыру пайда болды. 509 миллион 400 мың теңгеге бағаланған 15 бөлмелі пәтердің ауданы 566 шаршы метрді құрайды. Сатылатын мүліктің жөндеуді қажет ететіні атап өтілген.

«Алтын шаршы. Тарихи жер. Жеке кіреберісі бар пәтер, 2 қабат, сонымен қатар жертөле, аулада жеке автотұрағы бар. Әр қабатта жуынатын бөлме бар. Жөндеуді қажет етеді. Бұл аймақтың инфрақұрылымы өте дамыған. Жақын жерде опера театры, субұрқақтар, саябақ алаңдары, «Столичный» дүкені, әртүрлі профильдегі мектептер мен гимназиялар, банк филиалдары, сондай-ақ бос уақытты өткізуге арналған көп орындар бар. Бағасын келісуге болады», - делінген жарнама мәтінінде.

Сол ғимаратта Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық мұражай-пәтері орналасқан. Мұнда ол 1969-1993 жылдар аралығында өмір сүрген. Сатылып жатқан Д.Қонаев тұрған пәтер емес. Бұл жөнінде мұражайдың баспасөз қызметі жауап берді. 

“Сатылымға шығарылған пәтерлер Төлебаев көшесі, 119 мекенжайдағы үйдің бірінші кіреберісінде орналасқан. Ал, Қонаевтың пәтері (Қонаевтың мемориалды музейі) осы үйдің екінші кіреберісінде орналасқан. Қонаевтың мемориалды музейі Алматы қаласының музейлер бірлестігі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының балансында және мегаполистегі келушілер саны бойынша алдыңғы қатардағы музейлердің бірі болып табылады»,- делінген хабарламада.

«Желіде музей-пәтерді сатуға қатысты таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Құрметті БАҚ өкілдері және желі пайдаланушылары, тексерілмеген әрі жалған ақпаратты жарыса жарияламауларыңызды сұраймыз»,- деп қосқан музейдің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, бұл пәтерде 90-шы жылдары Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та тұрған. Бұл туралы журналист Расул Рысмамбетов Facebook парақшасында атап өтті.

“Сатылып жатқан Қонаевтың мұражай-үйі емес. Бәрі шатастыруда. Кезінде Қазақ КСР-і мен Қазақстандағы ең маңызды пәтер сатылуда, бірақ оны сатуға және жеке меншікке беруге болмайды деп ойлаймын. Бұл үйде Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаев тұрған. Сатылатын пәтерде 90-шы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев та тұрған. Бұл пәтер де, үйлер де тарихи сипатқа ие. Енді оған Қасым-Жомарт Кемелұлының атына тіркелу кезегі келгендей...”- деп жазды Расул Рысмамбетов. 

Үйді сатуға арналған хабарландыру авторы -  «Алма-Инвест-Холдинг» ЖШС. Компанияны Александра Цхай Юрьевна басқарады. Компанияның құрылтайшылары туралы нақты мәлімет жоқ.

Бұдан бөлек, Александр Цхайдың атында «AB Agro Invest» ЖШС және «Дарин Констракшн» ЖШС компаниялары бар. Shishkin_like Telegram арнасының хабарлауынша, алғашқы құрылтайшылар Дариға Назарбаева мен оның марқұм ұлы Айсұлтан Назарбаев болған. 

Қазақстанның ілгерінді-кейінді басшылары пайдаланды деген қымбат мүліктер туралы бұдан бұрын да айтылған. Бұдан алдын Дінмұхамед Қонаев қорының қызметкерлері белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысының көлігін жекешелендіріп алғанын және оны қайтарып бермей отырғанын мәлімдеген. 

Ал Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы көлігі делінген Mercedes 600 SEL (Sonderschutz) GUARD B7 автокөлігі сатылымда жүргенін жариялаған едік. Аталған көлік әлі сатылмаса керек, сайт бетінен жарнамасы әлі алынбаған.

”Адырна” ұлттық порталы



Пікірлер