Тоқаев пен Пашинян бірқатар құжатқа қол қойды

1370
Adyrna.kz Telegram
Фото: Президенттің баспасөз қызметі
Фото: Президенттің баспасөз қызметі

Қазақстан президенті Армения премьер-министрімен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ресми сапарына ерекше мән беретінін және оны екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың маңызды кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Қазақстан президенті екі ел арасындағы байланыстардың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты арттыру үшін мол әлеует бар екенін айтты.

Никол Пашинян өзара байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, армян-қазақ қатынастарын жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді.

Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, инвестициялық, өңірлік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Тараптар өңірлік тұрақтылық және қауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударды.

Шағын форматта өткен келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян Қазақстан мен Армения арасындағы көпқырлы байланыстарды одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады.

Атап айтқанда, Қазақстан президентінің Ереванға ресми сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

  • Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  • Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісім;
  • 2006 жылғы 6 қарашадағы Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
  • Қазақстан мен Арменияның авиациялық билігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстанның Маңғыстау облысы әкімінің аппараты мен Арменияның Армавир облысы әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  • Қазақстанның Шымкент қаласы мен Арменияның Ванадзор қаласы арасындағы ынтымақтастық және бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум;
  • Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі мен Арменияның Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрлігі арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
  • Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған Жол картасы;
  • Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Арменияның Жоғары технологиялық индустрия министрлігі арасындағы ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Астана мен Ереван арасындағы бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум.

Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияға ресми сапармен барды. Арменияның мемлекеттік резиденциясында Ереванға ресми сапармен келген Қазақстан президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Пікірлер