Шылым шегумен күрес – денсаулық пен қоғамды қорғау

1532
Adyrna.kz Telegram

Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы мәліметі бойынша, Қазақстанда ересек адамдардың 21,5%-ы, яғни 2,8 миллион адам, оның ішінде ерлердің 38,3%-ы және әйелдердің 6,4-ы қазіргі уақытта темекі шегеді екен.

Ең қасіреті темекі шегу тек ересектер тәуелді емес, жасөспірімдер де әуес. Министрлік айтқан мәлімет бойынша, ер балалар арасында көрсеткіш 10%-ға жетсе, қыздардың 6%-ы темекі шегетіні анықталды. Сондай-ақ электронды темекіні пайдаланатын жасөспірімдердің үлесі айтарлықтай артты. Оларды көбінесе 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдер шегеді. 

Темекі шегу ұзақ уақыт бойы халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына төнетін ең ауыр қатерлердің бірі екені айтпасақта түсінікті. Жыл сайын миллиондаған адамдар темекі шегудің кесірінен ауыр ауру мен мезгілсіз өлімге ұшырайды. Дегенмен, көптеген елдер мен ұйымдар бұл жаман әдетпен белсенді түрде күресіп, түрлі шаралар мен бағдарламалар енгізуде. Қазақстан да 2021 жылы “Қауіпсіз ел” ұлттық жобасын бекіткен еді. Бұл туралы сөз қозғамас бұрын, шылымның денсаулыққа зияны туралы айтып кеткен абзал. 

Темекі шегудің денсаулыққа әсері қандай? 

Темекі шегу көптеген ауыр аурулардың, соның ішінде онкологиялық, жүрек және өкпе ауруларының және бірқатар басқа созылмалы аурулардың пайда болуына әкеледі. Оның үстіне шылым шегу өзіңмен қатар, өзгелердің денсаулығына да қауіп төндіреді.

Темекі шегу әр түрлі қатерлі ісік түрлерінің, соның ішінде өкпенің, ауыздың, көмейдің, өңештің, асқазанның, бауырдың, ұйқы безінің, қуықтың, бүйректің және жатыр мойнының қатерлі ісігін дамытудың негізгі қауіп факторы болып табылады.

Одан бөлек шылымды көп шегу кесірінен миокард инфарктісі, гипертония, атеросклероз, перифериялық артерия аурулары және басқа да тамыр аурулары сияқты жүрек ауруларының даму қаупін арттырады.

Сонымен қатар, созылмалы бронхит пен эмфиземаны қоса алғанда, созылмалы обструктивті өкпе ауруларының (COPD) негізгі себебі болып табылады. Пневмония және бронхиолит сияқты тыныс алу жолдарының инфекцияларының даму қаупіне әкеледі.

Темекі шегу жүктілік кезіндегі асқынулардың қаупін арттырады, мысалы, мерзімінен бұрын босану, жаңа туған нәрестелердің салмағының төмендігі, сондай-ақ балалардың бірқатар аурулар мен аллергиялардың пайда болу ықтималдығын арттырады. 

Алдын-алу шаралары

Жоғарыда атап өткендегідей, қазіргі таңда шылымға балалар мен жасөспірімдердің әуестігі артып келе жатыр. Олар өз денсаулықтарына қауіп төндірумен қатар, қоғамға кері әсерін тигізеді. Дені сау ұрпақ-ұлт болашағын ескерсек, шылым шегетіндердің санын азайтуымыз қажет. Ол үшін қандай шаралар қолданған жөн? 

Бірінші, заңнамалық шаралар. Көптеген елдер қоғамдық орындарда, жұмыс орындарында және басқа да қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салатын заңдар мен ережелерді енгізді. Мұндай шаралар темекі шегуден қорғауға және жастар үшін темекі тартудың тартымдылығын төмендетуге бағытталған. Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға темекі өнімін сату тыйым салынған.

Екінші, білім беру науқандарын арттыру. Темекі шегудің зияны және оның денсаулыққа тигізетін зардаптары туралы ақпараттық науқандарды өткізу темекі шегудің алдын алу және азайтуда маңызды рөл атқарады. Бұл науқандар темекіні тастағысы келетіндерге қолдау көрсету және жастардың шылу шегуінің алдын алуға бағытталады.

Үшінші, шылым  шегуді тоқтатуға қолдау көрсету. Яғни, мамандардың кеңесін, никотинді алмастыруды, дәрі-дәрмек пен қоғамдастықты қолдауды қоса алғанда, темекі шегуді тоқтату бағдарламаларына қолдау көрсету және қол жеткізу көптеген адамдарға темекіге тәуелділікті жеңуге көмектеседі.

Төртінші, жарнамаға қатаң шектеулер еңгізу маңызды. Темекіні жарнамалауға тыйым салу және темекі компанияларымен демеушілік келісімдер, әсіресе жастар арасында темекі тартудың жоғары көрсеткішін төмендетуге көмектеседі.

Бесінші, темекі өнімдерінің бағасының өсуі. Шылымның бағасын көтеруге бағытталған салықтық шараларды енгізу олардың қолжетімділігі мен тұтынуын төмендетуі мүмкін.

Алтыншы, зерттеулер және инновациялар. Темекі шегуді тоқтатуды зерттеу және емдеу мен алдын алудың жаңа әдістерін жасау осы проблемамен күресудің маңызды құралы болып табылады.

Темекі шегумен күресу биліктің, қоғамдық ұйымдардың, медициналық мекемелердің ғана емес, жалпы қоғамның кешенді көзқарасын және бірлескен күш-жігерін талап етеді. Шылым шегуді тоқтатудың тиімді саясаты мен бағдарламаларын жүзеге асыру қоғамдық денсаулық пен халықтың әл-ауқатын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. 



Пікірлер