Қазақстан арқылы қашқан. Елінде ұсталып сотталған түркімен белсендісі түрмеден шықты

1426
Adyrna.kz Telegram

Түрікменстанның белгілі саяси тұтқыны Гүлгелді Аннаниязов 16 жылдан кейін бостандыққа шықты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі fergana.agency-ге сілтеме жасап.

Ол 1995 жылы 12 шілдеде Ашхабадта үкіметке қарсы демонстрацияның сегіз ұйымдастырушысының бірі болды. Митингті полиция күш қолданып таратып, Аннаниязов пен басқа қатысушылар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 1999 жылы халықаралық құқық қорғау ұйымдарының қолдауымен Аннаниязовқа рақымшылық жасалды. Нәтижесінде ол Түрікменстан аумағынан кетпеу шартымен босатылған еді.

2002 жылы диссидент Қазақстанға қашып кетті.  Кейін 1 қыркүйекте Ресейге көшіп, елден баспана сұрады. Алайда Ресей билігі Аннаниязовты жалған төлқұжатпен келуіне байланысты Қазақстанға қайтарып жіберді.  Түрікменстанның сол кездегі президенті Сапармұрат Ниязов диссидентті экстрадициялауды талап еткенімен, Қазақстан билігі оны батысқа жіберді.

Осылайша Аннаниязов Норвегиядан саяси баспана алды.

2008 жылы Аннаниязов  Түрікменстанның жаңа президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың либералдық реформаларына сенім артып, Отанына оралады. Алайда диссидент елге оралу үшін Түрікменстан билігінен ресми рұқсат алмай, өз еліне заңсыз кіргені үшін 11 жылға сотталды.

2019 жылдың наурызында Аннаниязовқа тағайындалған түрме жазасы аяқталды, бірақ сот белсендіні Гарабогаздағы колонияда бес жылға бас бостандығынан айырды. Алайда істің мән-жайы түсіндірілмеді.

Пікірлер