"Ең кішкентай қазақ"

1893
Adyrna.kz Telegram
Сурет: e-history.kz
Сурет: e-history.kz

Бүгін — қазақтан шыққан тұңғыш геолог әрі академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол — Жезқазған кен орнын ашушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, Қазақ ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі тұңғыш президенті.

Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған.

Мұғалімдер семинариясында Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. Ш.Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекетіне қолдау білдірген.

Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді, оның жетекшілігімен бұрғылау мастерлері, сызба сызушылар, прорабтар және тағы да басқа кадрлар қалыптасты.

Қазақстандық ғалым Жезқазған мыс кен орнының қоры бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы жаңалық үшін оған 1940 жылы КСРО жоғары мемлекеттік наградасы – Ленин ордені берілді. Кейінірек оған тағы төрт орден табыс етілді.

Қаныш Сәтбаев соғыстан кейінгі жылдары елдегі ғылымда жүрген адамдардың басып қосып, Қазақ ғылым академиясын құрды. 1946 жылы ашылған ҚазКСР ғылым академиясының алғашқы президенті болып Қаныш Сәтбаевтың сайлануы кездейсоқтық емес.

Ол 1947 жылы наурызда КСРО жоғарғы кеңесінің депутаты ретінде Лондонда премьер-министр Уинстон Черчиллмен кездеседі. Сол кезде саясаткер одан "Өзге қазақтар да сіз сияқты бойшаң ба?" деп сұрағанда академик: "О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтың ішіндегі ең кішкентайымын! Халқым менен де биік" деп жауап берген екен.

12 сәуір Қаныш Сәтбаевтың туған күні құрметіне орай Қазақстанда Ғылым қызметкерлері күні ретінде бекітілген.

Пікірлер