NIS түлегі Гарвард университетіне жұмысқа шақырту алды

4787
Adyrna.kz Telegram

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Назгүл Сәкенова Гарвард университетінде докторлық диссертациясын таныстырды.

Назгүл жас ғалым. Германиядағы Гейдельберг университетінде докторантурада оқуын аяқтауда. Қазіргі таңда медицина саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – бактериялардың антибиотиктерге төзімділігін зерттеп, жаңа әдіс бойынша бұрынғыдан 6 есе көп жаңа антибиотик жұптарын потенциалды ем ретінде ұсынып отыр.

Назгүл NIS – ті 2013 жылы үздік бітіріп, Назарбаев университетінің биология мамандығына оқуға түсті. Нью-Йорк университеті мен Бостон университеті сияқты бірнеше американдық университеттерге бірден шақыру алған дарынды қыз Францияның Париж-Саклэ зерттеу университетінде магистратураны оқып,  сәтті аяқтады.

Бүгін ол медицина ғылымдарының докторы атану жолында. Германиядағы Еуропалық молекулалық биология зертханасында ғылыми қызметпен айналысады. Бес жылдан бері антибиотиктерге төзімділік саласында ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді.

Докторлық диссертациясы аяқталып, зерттеуінің нәтижесімен бөлісуде.

 Соңғы 30 жылда жаңа антибиотиктерді табу қарқынды баяулап, керісінше оларға деген бактериялардың төзімдігі қарқынды өсіп барады. Нәтижесінде, 2019 жылы қолданыстағы антибиотиктердің әлсіздігінен 1 миллионнан астам адам қайтыс болды. Оған қоса, бір антибиотикке бактерияның төзімділігі басқа антибиотиктерге де Ұлғайған Төзімділігіне  апарып, одан сайын мәселені ушықтырады. Себебі, емге қолданылатын антибиотиктер саны азаяды. Бір ғажабы, дәл сол бір антибиотикке бактерияның төзімділігі басқа антибиотиктерге бактерияның керісінші Салдарлы Сезімталдығына әкелуі мүмкін! Және бұл үлкен клиникалық мүмкіндік қой! — дейді жас ғалым.

Жас ғалым «химиялық генетика» әдісін ұсынады. Ғалымның айтуынша, бұл өте жүйелі, жылдам және ауқымды.

 Біз жаңа әдіс бойынша бұрынғыдан 6 есе көп жаңа антибиотик жұптарын потенциалды ем ретінде ұсынып отырмыз. Онымен ғана тоқтамай, біз неге антибиотик жұптарына бактерия кейде төзімді ал кейде сезімтал болатынын генетикалық тұрғыда анықтадық. Жаңа әдіспен белгілі механизмдерді растап, жаңаларын аштық. Осы жұмысымыз болышақта адам өмірін сақтап, адамзатқа пайдасын әкелсе екен деген ниетпен еңбектендік, — деп жаңа әдісін таныстырды.

Осы жылдың наурыз айында Назгүл Сәкенова Гарвардта докторлық диссертациясын ұсынған болатын. Оның жұмысы ғалымдар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қазіргі уақытта ол Гарвард университетінде жұмыс істеуге шақыру алды.

Мектеп білімінің, бойымнан ғылымға құштарлықты көріп, қабілетімді жан-жақты аша білген ұстаздарымның арқасында мақсатыма жетіп, өмірлік жолымды таптым. Бұрын дәрігер болуды армандасам, енді ғалым, медицина ғылымдарының докторы болуға мүмкіндігім бар, - деп сұхбатын NIS түлегі түйіндеді.

 

Пікірлер