Домбыраны әлемге технология танытпайды, талант танытады

3194
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық домбыра күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі қазақ өнеріне қара нардай қалтқысыз қызмет етіп жүрген әнші, өнер зерттеуші, кинодраматург Ерлан Төлеутаймен сұхбаттасты. Айтары бар азамат домбыраның өткені мен ертеңі жайлы біраз ойдың басын қайырды.

- Ерлан аға, домбыра аспап ретінде заманға сай жетіліп болды, шарықтау шегіне жетті деп айтуға бола ма?Жалпы бүгінгі екі ішекті қалыбына қашан келіп еді?

-Қазақтың тұңғыш кәсіби музыка танушысы Ахмет Жұбанов 1933 жылы осы күнгі Құрманғазы оркестрін алғаш құрған кезде домбыра осы заманға сай жетіліп болды-ау деп ойлаймын. Атақты шебер Э.Романенко деген болған. Бұл кісі осы күнгі күллі қазақ оркестрлерінің игілігіне айналған құрама шанақты домбыраны сол ұлт аспаптары алғаш құрылған жылы дүниеге әкелді. Міне, осы Романенко үлгісі сол кезден бастап, домбыра стандартына айналды. Осы стандартпен кейін «Осакаровка», «Мерей» домбыра фабрикалары жұртшылықты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін домбырамен қамтамасыз етіп келді. Бірақ бұл домбыралар әсіресе Қарағандының «Осакаровка» фабрикасының өнімдері негізінен көпшілікке арналып жасалғандықтан, сапасы ешқашан сын көтерген емес. Тоқсаныншы жылдардағы ұлы дағдарыс кезінде бұл фабрикалар нарық қыспағына шыдай алмай жабылып қалып, қазақ бір уақ домбырасыз қалған кездер де болды. Көп ұзамай, ел ішінде әсіресе Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты өнерпаздар мол шоғырланған қалаларда домбыра аспабын жасау табысты кәсіпке айналып, шеберлер осы олқылықтың орнын аз жылда толтырды. Бірақ бір әттеген-айы, осы күнге дейін бірде-бір шебердің домбырасы Романенко жасаған домбыралардың үнімен шендесе алған жоқ. Романенконың бір домбырасы менде де болған еді, кейін бір қаскөйлер қапыда ұрлап әкетті. Сол домбыраның үнінің қоңырлығы, бұйралығы, серпімділігі аспап танитындарды қайран қалдыратын. Тіпті бір шеберлер менен оны қиылып сұрап алып, ішін ашып, дәл сондай ағаштан әр миллиметріне дейін өлшеп пішіп, аумаған көшірмесін жасады. Бірақ, қолға алып сөйлеткенде үні Романенко домбырасының ширегіне жете алмады. Өкініштісі, Романенко марқұм соңынан ізбасар шәкірт қалдырмай, бар құпиясын өзімен бірге алып кетті. Ал Романенко жасаған домбыралардың құны Страдиваридің скрипкалары сияқты күннен- күнге шарықтап барады. Мәселен, тоқсаныншы жылдары бәріміз сүйіп тыңдаған Секен Тұрысбековтың «Қазақ радиосының» «алтын қорында» сақталған «Көңіл толқыны» деген күйі осы Романенко жасаған домбырамен орындалған еді. Сол тоқсаныншы жылдары Секен ағамыздың ол домбырасын да Алматыдағы бір концертте ұрлап кетіп, атақты күйші ойбайлап қалды. Тіпті БАҚ арқылы іздеу салып, тапқан адамға қомақты сый беретінін мәлімдеді. Алайда домбыра ізім-қайым жоғалды, табылмай кетті. Кейін «Көңіл толқынын» талай тыңдадым, бірақ сол Романенко домбырасымен тартылғандай әсер берген емес. Меніңше, XX ғасырдағы домбыра үнінің шарықтау шыңы - әншілікте Қайрат Байбосыновтың қолындағы домбырасымен, ал күй өнерінде осы Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқынын» тартқан домбырамен түйінделді ғой деп ойлаймын. Айтпақшы, Қайрат Байбосынов қоңыр үнді домбыраларды өзі жасайды. Бұл да ұлы әншіге Құдай берген қасиет болса керек.

- Қазіргі домбыра шеберлеріне сонда не жетіспейді?

-Қазір не көп, шебер көп. Бірақ ешқайсы атақты шебер Романенкомен және сол заманның тағы бір даңқты шебері, қазақтың тұңғыш органологы Қамар Қасымовтың жасаған домбыраларымен шендесе алған емес. Әрине, әшекейі, тағы басқа әлекей-шүлекейі, ою-союы артық болуы мүмкін, бұл жерде мен аспаптың тек үні жөнінде айтып отырмын. Қазіргі домбыраларды тартқан кезде мен домбыраны да, домбырашыларды да аяп кетемін. Үні қиқылдап, шіңкілдейді. Содан шығар, қазіргі күйшілердің қолында жүрген домбыраны әзілдеп «қатын» домбыра немесе «ұрғашы» домбыра деймін. Әсіресе асфальтта өскен кейінгі толқын күйшілердің домбырасы жағымсыз үнмен шіңкілдей жөнелгенде онсыз да ширығып жүрген жүйкеңді жүндей түтіп жібере жаздайды. Сондайда үйге келіп Дина апам бастаған байырғы домбырашылардың күйлерін тыңдаймын, несін айтасың, жан сарайың кеңіп сала береді. Ғажап қой, ғажап!

- Домбыра о бастан екі ішекті болған ба?

-Бүгінгі екі ішекті қалыбына қашан келді дейтін болсақ, ол үшін домбыра пайда болғаннан бергі тарихты бір көктей шолып өткен дұрыс шығар. Қазір ғалымдар домбыраның осыдан 6 мың жыл бұрын пайда болғанын дәлелдеу үстінде. Бұл негізсіз емес, бұған археологиялық айғақтар баршылық. Себебі археология математика сияқты өтірік айтпайтын ғалымдардың бірі. Бір ғажабы, атақты Ботай қорығынан табылған ыдыстардың түбінде сақталған сүттің молекулаларын зерттей келе ғалымдар мұның қымыз екенін анықтады. Соңғы технология жетістіктерімен қаруланған шетел ғалымдары әлгі «қымыздың» жасын есептеген екен, ол да тасқа қашалған домбыра сияқты алты мың жылды «көрсетіпті». Демек, домбыра мен қымыз құрдас. Осы сәйкестік мені қызықты ойларға жетеледі талай... Ал енді домбыраның алты мың жылдық айғақтарына келейік. 1986 жылы этногроф Жағда Бабалықов Алматы облысындағы Майтөбе деген жерден домбыра бейнелген тас ескерткішті тапты. Сәл кейін атақты археолог Кемел Ақышев әлгі тастағы суретті зерттей келе, тасқа қашалған бейненің осыдан алты мың жыл бұрынғы неолит дәуірінің жәдігері екенін анықтады. Домбыраның бұдан кейінгі тасқа қашалған бейнесі осыдан бес мың жыл бұрын салынған Египет пирамидаларының қабырғаларынан байқалған. 2008 жылы түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы Моңғолиядан осыдан мың жарым жыл бұрын жасалған домбыраның табылғанын жариялады. Шынында да бұл сенсациялық жаңалық еді. Өйткені, бұл жолы тасқа қашалған суреті емес, біршама жақсы сақталған домбыраның өзі табылды. Бір кереметі, бұл домбыра қос ішекті, тоғыз пернелі. Бұл - домбыраның ежелден қос ішекті аспап болғанының айғағы. Әрине, үш ішекті домбыралар да болған. Бірақ екі ішекті домбыраның кең таралуы - үш ішекті домбыраны бірте-бірте ығыстырған сияқты. Үш ішекті домбыра көбінесе Қазақстанның Шығыс өңірлерінде ғана сақталған. Үш ішекті домбыраны өле-өлгенше тартып өткен Шыңғыстаулық қарт ақын Шәкір Әбенов еді, ал рухани айналымға қайта қосқан, осы домбырамен көне күйлерді келістіре, шешен сөйлеткен марқұм Жарқын Шәкәрім болғанын айтуға тиіспіз. Ал жалпы домбыра осы күнгі қалпына Ноғайлы заманында келіп болған сияқты. Бұған сол заманның күйлерін тыңдап отырып көз жеткізуге болады. Марқұм Таласбек Әсемқұлов қазаққа домбыра пернелерінің 23 атауын тізіп беріп кетті. Бұл - сол ноғайлы, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан перне атаулары болуы мүмкін. Әрине, тап басып ешкім айта алмайды.

- Ұлттық аспапты жаһанданған әлемге паш ету үшін түрлі эксперименттер жасалды. Біреулер этно-рок жанрына құлаш сермесе, біреулер оны электрге жалғады. Заман түрленіп жатқанда мұндай ізденістер керек сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

-Заманында Әміре, Мағауия Хамзин, Қайрат Байбосыновтар домбыраны ешқандай электрсіз-ақ, этно-роксыз-ақ әлемге паш етті ғой. Қазір Димаш ініміз әлем сахнасында домбыраның бағын асыруда. Домбыраны технология емес, талант танытады әлемге. Ал этно-рок пен электр домбыра - шоу бизнес өлермендерінің қолы және домбыра үнін өлтірудің төте жолы. Баяғының мен көзім көрген қариялары электр шәйнекке қайнаған шайды тоқтың шайы деп ішпейтін, самауырын қайнатқызып шоқтың шайын ішетін, сол сияқты мен де электрдің күйін тыңдай алмаймын, электр домбырада күй өзінің төл табиғатынан мүлде айырылады. Этно-рокқа да елжірей алмаймын, барабандары тарсылдап, домбыралары шіңкілдеп, көмейлері қырылдай бастағанда-ақ ішімді жиып ала қоямын. Әйтеуір осы электр күйшілермен жан дүнием үйлеспей қойды, аулақ жүремін. Тағы да айтамын, бұл күйшілік емес, бұл - шоу бизнес. Шоу бизнесте өнер мұраты болмайды.

- Құрманғазыны неге Бетховенмен мен Штраустың деңгейіне шығара алмай жүрміз?

-Сөз жоқ, Бах негізін салған Бетховен шарықтау шыңына жеткізген батыстың классикалық музыкасының аты озып тұр. Байқасаңыз, соңғы ғасырларда технократтық даму жолын таңдаған батыс өркениеті озып, автократиялық билік пен діни схолостика шырмауынан шыға алмаған мұсылман елдер артта қалды. Қазақстан да шығыстық деспотияның салқыны тиген ел, әрі ислам әлемінің бір пұшпағы болғандықтан, ғылыми-техникалық прогрестен қалып қою, діни мешеулік қазақ қоғамын да шарпи бастады. Соның айғағы - 1990 жылға дейін қолымыз жеткен ғылым-білім мен мәдениет жетістіктерінен айналдырған отыз жылдың ішінде айырылуға жақын қалдық. Екіншіден, Бах бастаған батыс Еуропаның классикалық музыкасын дүниеге әкелуші композиторлар отырықшы өркениеттің бел баласы, ал олардың шығармашылығы христан дінінің католицизм тармағының шіркеулік музыкаларынан бастау алады. Бах пен Гайдн, Моцарт пен Бетховендер осы шіркеу әуендері мен неміс халқының тұрмыс-салт өлеңдерін өздерінің дарын қуатымен шыңдап, адамзаттық биікке көтерді. Ал қазір әлемді католицизм ықпалындағы батыс өркениеті билеп отырғанын ескерсеңіз, бұл сұрақтың жауабы айтпай-ақ белгілі болады. Үшіншіден, Құрманғазының музыкасы номадтық музыканың шыңы! Құрманғазының күйін алғаш тыңдаған жат жұрттар одан әуелі ат тұяғының дүбірін естиді. Отырықшы өркениет әлі күнге дейін көшпелілерден именеді, олардың генетикалық жадында көшпелілерге деген жеккөрушілік пен қорқыныш сезімі сақталған. Осы екеуі еуроцентризм деп аталатын түркі халықтары мен көшпелілерді өркениеттен тыс, жабайы халықтар деп тануға бағытталған астам көзқарасты туғызды. Міне, осындай қасаң көзқарастар Құрманғазыны Бетховеннің қатарына қойғызбай келеді. Әйтпесе Құрманғазының Бетховеннен несі кем! Десек те, адамзаттық санаға көтерілген әлемдік тұлғалар Құрманғазыны сөзсіз мойындайды. Құрманғазыны жат жұрттардың мойындауы ұлы күйшінің көзінің тірісінде басталған. Мәселен Н.Ф Савичев деген орыстың көзі қарақты адамы: «Егер Құрманғазы Сағырбаев еуропалық білім алғанда, музыка әлеміндегі ең алып жұлдызға айналар еді» деп жазып қалдырса, Орынбор генерал-губернатары Перовский: «Мұндай адамды түрмеге қамап жүрген бізде де ес жоқ екен» деп, ұлы күйшіні абақтыдан шығартқызып жіберген. Кейін Құрманғазы Перовскийдің бұл кісілігіне өзінің «Перовский маршы» деген ризашылық күйін арнайды. Сондықтан, Құрманғазыны Штраустың деңгейіне көтереміз деп әуре болудың керегі жоқ, ұлы күйші ол биікке әлдеқашан көтеріліп қойған. Десек те Құрманғазыны әлем жұртшылығына осы заманның жөнімен төте танытудың жолы - Моцарт пен Бетховенді түсірген сияқты көркем фильм түсіру. Сосын ол фильмді ағылшын тіліне сапалы аударып, интернетке салып қойса, әлем ақырындап Құрманғазыны тани берер еді. Жалпы Құрманғазы - драмаға толы шиеленісті өмір иесі, киноға сұранып-ақ тұр...

- Сіздің ойыңызша домбыра күні қалай тойлануы керек?

-Менің ойымша, домбыра күні мемлекеттік мерекеге айналуы тиіс. Нұр-Сұлтан қаласының орталық алаңдарының біріне домбыраға алып ескерткіш орнатылса! Осы ескерткіштің басында домбыра күні мемлекет басшысы Қазақстан жұртшылығын Домбыра күнімен құттықтап, ұлт өнері туралы сөз сөйлесе! Бұған дейін, яғни бір жыл ішінде қазақ қоғамы әлеуметтік желілер арқылы т.б. тәсілдермен ұлттық музыка өнерініне еңбек сіңірген бір тұлғаны «Ұлт өнерпазы» деп танып, мемлекет басшысы халық таныған өнерпазды сол салтанатта республика жұртшылығының алдында марапаттап жатса, қандай жарасымды. Сосын өткен жылдардағыдай алаңға 500 бәлкім 1000 өнерпаз шығып Құрманғазының «Сарыарқасын» дүрілдетсе! Қандай тамаша болар еді. Ұлт музыкасының, ұлт өнерінің еңсесі көтерілер еді. Жұрттың бейілі нағыз өнерпаздарды тыңдауға ауып, қазіргі фанерщиктердің арзан әнсымақтарынан көңіл суытар ма еді? Тағы бір айтарым, домбыра күнін мерекелеу бұқаралық сипат алу керек. Өткен жылдары жастар «Домбыра пати» деп аталатын жақсы мереке бастап еді, аяқсыз қалды. Жастардың осындай бастамаларын өлтіріп алмай қолдап отыру керек. Үкімет жастардың ұлттық өнерге бетбұрысын іліп әкеткені дұрыс, қолдауға қолдары тимей жатса, ұлттық өнерді насихаттау мақсатында іс-шаралар атқарып жүрген этнографиялық бірлестіктерге, қоғамдық институттардың мойнына артып қоюы керек.

- Домбыраны мектепке оқу пәні ретінде ұсынып жүргендер бар. Оның қажеті бар ма? 20 ғасырда қазақ жастары робот құрап, ғарышты игеруі керек емес пе?

-Ұсынып жүргендердің ішінде мен де бармын. Басы ашық нәрсе - ұлттық дүниетанымға ие болмай, түкті де игере алмаймыз. «Жапон кереметінің» түп тамыры ұлттық дүниетанымда жатыр. Әлемге тек ұлттық келбетпен ғана таныласың, басқа жол жоқ. Осы үшін де жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды мектеп жасынан бастап сіңіру керек. Мені мектеп оқушылармен кездесуге жиі шақырады. Көзім жеткені - мынау ғылым мен мәдениет шоғырланған Алматының өзінде оқушылар ұлттық құндылықтар жайында ештеңе білмейді. Жоғарғы класс оқушыларының өзі біз үшінші класта білген қарапайым дүниелерден бейхабар. Ал бұған не дейсіз? Өз ұлтының дүниетанымын игере алмаған ұрпақ ғарышты игере алады деп айта алмаймын. Адам - микрокосмос болса, ғарыш - макрокосмос. Өзін танымаған адам ғарышты қалай игермек. Өзін-өзі тану деген өзіңнің болмысыңды тану деген сөз. Ал адам болмысы - туған ұлттының құндылықтарына үңілу арқылы танылады. Егер жас ұрпаққа өзінің тілін, ділін танытпасаң, олар жатжұрттардың құндылығын бойына сіңіретін болады. Өткенде мен бір мектепке кездесуге бардым. XIX ғасыр жайлы, жалпы қазақ өнері мен мәдениеті жөнінде оқушыларға біраз танымдық әңгіме айттым. Сонда балалардан Біржан сал, Ақан сері кім деп сұрасам, білмейді. Тіпті, кеше ғана өмірден өткен Ақселеу Сейдімбектің өзін білмейді екен. Сол жиында жоғары класс оқушыларының өзі қазақ мәдениеті туралы бірде бір сауалыма жауап бере алмады. Мектеп директоры сасқанынан кешірім сұрап: «Балалар ораза ұстайды, қарындары ашып, шаршап отыр» деді. Міне, қазіргі мектептердің сиқы. Бір мектеп мұғалімі еркін тақырыпқа шығарма жазғызған екен, оқушылары: «Арманымыз ата-анамызбен жұмаққа бару» деп жазып беріпті. Осыны әлгі мұғалім әлеуметтік желіге қынжыла жариялады. Осы сұмдықтарды көзіммен көргеннен кейін шыдай алмай «Facebook» парақшама «Бала нанға тоймайды...» деген әлеуметтік желілерде үлкен резонанс туғызған мақаламды жарияладым. Мұғалімдер іштен тынып, әзер жүр екен, мектеп оқушыларының әсіредіншілдікке бой ұрып, арабшылдық дүниетаным ықпалына түсіп жатқанын айтып, шулап қоя берді. Ал енді осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін мектеп оқушыларына аптаның бір күні 45 минут домбыра үйретіп, Ақан серінің бір әнінің тарихын айтып берсек жаман ба? Бір ән үйреніп, бір күйдің тарихын білген бала ертең азамат болып, қызмет бабымен шетелде жүрер болса, еліне деген сағынышын сол білетін әніне салып баспай ма, өзін бір уақ қазақ сезінбей ме? Сондықтан мектеп бағдарласына ән-күй сабағының негізінде домбыра пәнін енгізу керек деп ойлаймын.

Дереккөз: inform.kz
Adyrna.kz ұлттық порталы

Пікірлер