Ақжайық ақынын ардақтады

887
Adyrna.kz Telegram

Орал қаласында ақын, ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубаевамен керемет кездесу өтті. Кеш кейіпкері – биыл 70 жасқа толған «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, саналы өмірінің бақандай 42 жылын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз. Бұған дейін осындай іс-шара Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапханада және Ақжайық ауданында өткен болатын. Оған қоса Қадыр сарайының ұжымына алғысын жеткізіп, өмір жолы, шығармашылығы туралы сөз қозғады.

Ақжайық еліне абырой мен беделі бар, әлі де аттан түспей ауыл-елдің, қала берді қалалықтардың мұңын біліп, жоғын жоқтап жүрген жанға елдің пейілі ерекше. БҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының м.а Т.Ғабдушев кеш иесін құттықтап, естелік сыйлық жасап, иығына қазақы нақыштағы киімді жапты.


Өз кезегінде Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов те ұстаз ақынды аудан басшылығы мен аудан халқы атынан құттықтап, Үзілдік Елеубайқызының 70 жасына арналған іс-шаралар жаз айларында да жалғасатынын атап өтті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талап Таймасұлы қаламгердің жуырда жарыққа шыққан «Бозторғайымын даламның» кітабына енгізілген өлеңдері жайында ой-пікірін ортаға салып, «Тоғыс» атты авторлық жинағын тарту етті.
ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші-термеші, Сәуле Таудаева да Қадыр сахнасында ақын туралы жылы пікірлерін білдірсе, Жазушылар Одағының Орал Филиалы төрағасының орынбасары Марлен Ғилымхан өңірдегі барша қаламгердің сәлемін жеткізіп, гүл шоқтарын табыс етті.

Шара барысында кеш иесінің сөзіне жазылған және басқа да тақырыпқа сай әндерді Ә.Қуанғалиев, А.Базаров, сонымен қатар "Әже сәлемі" квартеті шырқап, белгілі әнші-композитор Е.Ақбасов Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған "Өмір" атты әнін орындады.

Пікірлер