Өзіңді көргенде алғаш осал едім...

3229
Adyrna.kz Telegram

Ақын дауысы көкке жетеді -
қиналса, сүйсе, сағынса.
Ақындығы оның  текке кетеді -
адамдығынан жаңылса.

Шайырдың үні шыңнан асады -
өр рухын өзі ұғынса.
Отауын оның құл да басады -
ырқына егер жығылса .

Ақынның жыры  көпке жетеді,
көкке жеткені -  түс емес.
Ақынын  кімдер өкпелетеді ?
өкпелеткені -  кісі емес.

Ақын жүрегі жұлдызды сүйер,
Жұлдызы - жанын  сезінсе.
Ғарышқа барса - қанаты күйер,
күйгісі келмес əзірше...

 

Ұмытшақпын

Белінен аспай жатып жігіт шақтың,
Кей кезде ұмытшақпын.
Қызықпен кешегі өткен сайран күндер,
Еске де түспей қояр дұрыстап тым.

Тұратын Талдықорған шығысында,
Ойымда _ елдегі дос, туысым да.
Ойымда _ "Асылөзек", бір сұлу қыз,
Тек қана біз барған сай... Тіл ұшында.

Біреулер "ұмытшақ"-деп күліп тұрды,
Мен бірақ ұмытпаппын қылықтымды.
Есімін талай қыздың сақтаған ем,
Ех, соның бəрін бір жан ұмыттырды.

Есімнен шыққандарға кешір дедім,
(Ех, қайран қабілетім есіл менің)
Олар да мені ұмытып кетті ме екен,
Жырымнан іздей ме əлде есімдерін?

Кездессек танып мүмкін қарайды олар,
Əлі де ғашығына балай қарар.
Ұмыту деген нəрсе жақсы емес-ау,
Ұмытса мені бір жан қалай болар...

 

***

Мына дәуірде, мына ғасырда,
Жылдар мен айлар, күн арасында.
Өмірдің терең тұңғиығында,
Көңілдің биік мұнарасында.

Қауызын ашқан гүлдің ішінде,
Шаттықтың және мұңның ішінде.
Біресе жақын, біресе алыс,
Ұқсаған бейне - нұрлы мүсінге.

Еріп бір жатқан қар арасында,
Мөлт еткен тамшы далада, шыңда.
Сезімнің тұнық жұпарын жұтқан,
Тыныстап еркін таң ауасын да.

Жауһарға толы жырдың үлгісі,
Айдары алтын - жылдың бір құсы.
СІЗ екенсіз ғой көктеммен келген,
Гүлдің сіңілі, Күннің құрбысы..

 

АЙКӨРКЕМ

Көркем ғып,
əдемі ғып, қылықты ғып,
Жаратқан сені  жаным, тұнық қылып.
Өзіңді көргенде алғаш осал едім,
(Тартылмай тартпа айылым, босаң--ерім)
Жіберген сен едің ғой шынықтырып.
Содан бері
сан жылдар парақталып,
Содан бері
сан жырлар қанаттанып,
Уақыт сырын қойғандай шын ұқтырып.
Мұңаймай керісінше күліп тұрып:
Қызыл күн төккен шақта кешкі арайын,
Айкөркем,
сені ғана еске алайын.
Кездескен кезімізде іңір еді,
Көрсетпей тұрған сəтте аспан айын.
Дəл қазір ғашық жүрек елжіресін,
Сен білесің,
Ішінде _мөлдір есім.
Мөлдір есім дегенім _сен Айкөркем,
Жасырам мынау жұрттан енді несін...
Сезіммен əркез саған  тартып тұрар,
Əр минутта
дегенім артық шығар,
Əр сағатта
миымда сен жүресің.
Өткен күн əлеміне бойлап əсем,
Мұңайған көңілімді жайдары етем.
Сен маған сонда бір сөз айтпағанда,
Мен мүлде сен туралы ойламас ем.
Айкөркем...

 

Д-ға

Қанатыңды еркін  қағып,
Қалықтайсың көркің жанып.
Қара жолға қарайлайсың,
Қанаттастың сертін бағып.
Қауырсының үлп-үлп етіп,
Тəуір сырын шертуде анық.
Қалай –қалай болар деуші ем,
Қайран  еттің еркімді алып.
Жүрегіңнің терең сырын,
Аздап ұғып келем күнім.
Менің отым басылғанда,
Өрттей лаулап, сен өршідің.
Сенің гүлің ашылғанда,
Соған септім өлең –шырын.
Жырымды оқы, білгің келсе,
Сезімімнің егер шынын.
Білекке емес, жүрекке кеп,
Қонған әппақ  Көгершінім.

 

***

Биыл да шерулі  шаралар,
Біз туған өлкені аралар.
Көктемде ауылды сағынып,
Өнерпаз құстар да оралар.

Бақтардың мен тұрған үйдегі,
Жұпарын шашқанда сирені.
Жыл сайын келетін құс легі,
Сапардан жетсе аман игі еді.

Сағыныш сазы бар үнінде ,
(Сайрайтын махаббат тілінде)
Тойлайтын бізбенен сол құстар,
Мен туған көктемнің түнінде.
Таңғы аспан түргенше түңлігін,
Жарасып қыз-жігіт, сыңғыр үн.
Тарасып достарым кеткенше,
Қасымнан  кетпейтін бұлбұлым.

Сол түнгі  жыр менен əн қайда?
Сол түнгі  сыр менен сəн  қайда?
Əнімді тыңдайтын дос қайда?
Жырыма кейіпкер жан қайда?

Былтыр да сол бақша гүлдепті,
Бірақ та ешбір жан кірмепті.
Достарым мен жəйлі білсе де,
Құстарым  білмепті...

Біз көшіп кеткелі сан жылдар,
(Сол өткен жылдарда "бал күн" бар)
Сол бақты көңілсіз етпес ем,
Жазылған тағдыр бар...

 

***

Көктем келмей шұғылалы,
Тал да жармай бүрін əлі,
Қыс мезгілі жылығаны,
Қардан тамшы тұнығаны
Мейірімі шығар ананың.
Бұлт қоюлап аспандағы,
Бұрқасын жел басталғаны,
Жаңбырлатқан ақпан қары,
Көз жасы шығар ананың.
Ел төзімін тонағаны-
Өмірді өртке орағаны...
Айыққан жоқ адам əлі,
Сауыққан жоқ санам əлі,
Түзелген жоқ қоғам əні.
Бұл ақпанның жара жаны,
Бұл ақпанның борағаны
Жан дауысы шығар ананың...

***

Сен келгелі - көтерілді еңсем де,
Сен келгелі - сыймай жүрмін өлшемге.
Өмір өзін сүйікті етіп барады,
Сен де солай.
Сенбесең де,сенсең де.

Жан- дүниең секілді бір күміс бақ,
Күміс бақта тұрғандайсың гүл ұстап.
Менің жаным сенікіне ұқсайды,
Зейін салшы дұрыстап.

Кім біледі, жылдар бізді кез қылды,
Кім біледі, сырлар нені сездірді?
Сен де сүйеді екенсің ғой байқасам ,
Мен сүйетін мезгілді.

Көңілің де тура маған тартыпты-ау,
(Біздің көңіл- құс сайраған барқыт бау)
Өміріміз мүлде бөлек,себебі :
Менде мұң бар артықтау.

Мұң болғанда мендегі мұң - ғазал мұң,
жақын келме,
алыс кетпе ажарлым!
Арадағы ардың туы жығылса,
Қалай өлең жазармын ?!

 

***

Сенің атың _Сезім дейтін ұлы күш,
Менің атым _ көз ілмейтін Құбылыс.

Сендік жүрек_мені сүйген періште,
Мендік жүрек_кеудемдегі пейіште.

Сендік ғұмыр_жыр бейнеге айналған,
Мендік ғұмыр_тағдыры тас байланған.

Сендік қиял_ мен білмейтін ағыста ,
Мендік қиял_бүгін тағы ғарышта..

Жангелді НЕМЕРЕБАЕВ

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер