БҚО Қаратөбе ауданында су тасқынынан 400-ге жуық адам құтқарылды

4931
Adyrna.kz Telegram

27 наурыз күні Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Қоржын ауылы тасқын судың астында қалды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірге тікұшақпен аталған елді-мекенге барып, тұрғындарды құтқару жұмыстарына жетекшілік етті.

Өңір басшысы ауыл халқымен кездесіп, оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтты.

“Баршаларыңызды сабырға шақырамын. Табиғи апат салдарынан облыстың бірнеше аудандары зардап шегуде. Сіздерге келген шығын бойынша арнайы комиссия құрылады. Келтірілген залалдың бәрі есептеледі. Мемлекет тарапынан тиісті көмек беріледі. Қазір сіздерді төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірге су тасқынынан құтқаруға келдік. Тікұшақпен баршаңызды аудан орталығы Қаратөбеге, қауіпсіз жерге жеткіземіз.”-деді облыс әкімі.

Қорғаныс министрлігінің мамандары, Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 400-ге жуық ауыл тұрғынын тікұшақпен аудан орталығына жеткізу жұмыстарын жүргізуде.

Бірінші кезекте балалар мен әйелдер, денсаулығы нашар және мүгедектігі бар жандар жеткізілді.

Атап өтерлігі, Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынын алдын алуға көрші облыстардан мамандар мен күш құралдары жұмылдырылды.

Пікірлер