Ереуілдің нәтижесі. "ҚазМұнайГаз" басшылығы жұмысшылардың талаптарына жауап берді

1782
Adyrna.kz Telegram
Фото: Азаттық радиосы
Фото: Азаттық радиосы

«Қазмұнайгаз» ҰҚ» АҚ ереуілге шыққан жұмысшылардың талабына жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Қазақпаратқа сілтеп.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрсейіт Союнов «West Oil Software» ЖШС-ның заңсыз ереуіліне қатысқан жұмысшыларға бейнеүндеу жолдап, қарсылықтың қалай шешілгенін айтты.

Жұмысшылар ҚМГ құрамына қабылдауды, ұлттық компанияда қабылданған бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне өткізуді және кәсіпорынның жабдықтарын жаңартуды талап еткен болатын.

Басшылық ереуілшілердің талабымен келісіп, компаниядағы құрал-жабдықтар әзірленген бағдарламаға сәйкес үш жыл ішінде толық жаңартылады.

Алайда ереуілге шыққан West Oil Software ұжымы«ҚазМұнайГаз» құрамына енбейді. Басшылық ереуілшілердің бірыңғай еңбекақы жүйесіне көшу талаптары орынсыз және олардың орындалмайтынын жеткізді.

«Жұмысшылар қойған негізгі талаптарға сәйкес, мекеменің құрал-жабдықтарын жаңартып, жоғары сапалы еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында үш жылдық мерзімге 202 техниканы жаңарту жоспары бекітілді. Жаңарту кестесіне сәйкес кәсіпорынға жаңа техникалар келе бастады. 2023 жылы 17 техника және 2024 жылдың басынан бастап 4 техника алынып, іске қосылды. Осы жылдың соңына дейін барлығы 70 техниканы жаңарту жоспарлануда. Сонымен қатар, қазір өндірістік ғимаратты жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде», – деді Нұрсейіт Союнов.

Сондай-ақ, ақпан айында болған заңсыз ереуілден кейін қызметіне қайта оралуға шешім қабылдаған 143 қызметкерге наурыз айында жалақы төленген.

«Сіздерге күнделікті өндірісте өздеріңізбен жұмыс жасап, қайтадан қызметтерін бастаған 143 азаматпен бірге болып, жұмыс орындарыңызға оралуға шақырамын. Сөзге тоқтаған текті бабалардың ұрпағы, киелі өлкенің азаматтары ретінде ешбір арандатуға түспей, жұмысқа оралып, адал табыс тауып отырған қызметтеріңізге білек түре қайта кірісу қажет деп санаймын», - деді Нұрсейіт Союнов.

Пікірлер